«Nur Otan» праймеризі қызу саяси күрес пе, әлде халыққа жақын болу талпынысы ма?
06.09.2020, 00:39

«Nur Otan» праймеризі қызу саяси күрес пе, әлде халыққа жақын болу талпынысы ма?

Еліміздің соңғы күндері саяси өмірі жанданғандай. Әлбетте, коронавирус өз түзетулерін енгізіп жатыр. Жаңа форматтағы жаңа өмір біреулерге тың серпін, біреулерге жаңа мүмкіндік болды.

«Nur Otan» партиясы да демократиялық даму жолына қадам жасағаны болу керек, праймериз өткізетінін жариялады. Соңғы деректерге сүйенсек, оған 11 мыңға жуық адам қатысуға өтініш білдіріпті.  Бұл ретте, «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Канкуров Станиславпен осы партия ішілік сайлаудың қыр-cырын білу үшін сұхбаттасқан едік.  

 – Праймеризтің қарқыны қарымды сияқты ғой. Не істеп жатырсыздар? Қандай шаруалар осы күні бітті? Алдағы жоспар қандай?

 

– Шынында да, көптеген адамдар праймеризге қызығушылық танытты. Бұл - партиялық тізімге енетін үміткерлерді ашық іріктеу арқылы жасалуы керек екенін және осы шешімнің дер кезінде қабылданғанын көрсетті.

17 тамызда басталған үміткерлерді тіркеу 2 аптаға созылды. Еліміз белсенділік танытып, бүгінде 233 адам тіркелді. Яғни, бұл көрсеткіш кейбір аудандар бойынша бір орынға 10 адамға дейін үміткер тіркелгенін көрсетеді.

Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары 7-қыркүйекте басталады және ол жұмыстар көбінесе онлайн форматта өтеді. Сонымен қатар, барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, ашық кездесулер де болады.

 

– Cіздер көздеген адам өтпесе ше? Халықтың онсыз да билікке сенімі аз. Өңкей ығай мен сығай болса қалай?

 

– Праймеризге тіркелу барысында көптеген жаңа есімдермен қатар, партияға танымал, беделді тұлғалардың да тіркелгендігі белгілі болды. Мысалы, Жансая Әбдімәлік, Елдос Жұмақанов, Нұрымбек Тау,  Мұхтар Зулеев, Гүлжан Бекенова, Кенжехан Матыжанов, Такир Балықбаев және т.б.

Біздің болжам бойынша өте қызу күрес болады. Бұл біз үшін қайта жақсы. Өйткені осы жолы шын мәнінде лайықты халық қалаулыларын тапқымыз келеді. Праймеризде жоғары ұпайды тек шығармашылық адамдары немесе блогерлер ғана иеленген жағдайда да, партиялық тізімнің соңғы нәтижесі бойынша шешімді партиялық конференция қабылдайды. Олай етудің де себебі бар. Біз танымал адамдармен қатар, дәрігерлердің, мұғалімдердің, бизнес өкілдерінің, көп балалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және т.б. мүдделерін қорғайтын өкілдерді қамтуымыз керек. Осы үлкен тізімдегі өз орындарын қатысушылар салалық тәсілмен иеленеді, бұл қосымша сүзгі болады деп айта аламыз.

 

 – Жалпы, праймериз не береді? Пайдасы не?

 

– Праймериздің басты мақсаты - қоғамның сұранысын қанағаттандыратын жаңа белсенді көшбасшыларды анықтау. Былай айтқанда, халық өз мәселелерін орындауда белсенділік танытпайтын депутаттардан жалықты, сондықтан да праймериз «Nur Otan» партиясының атынан билікке ұсыну үшін расымен халыққа жанашыр, қоғамға өзгеріс енгізуге ынтасы бар, ойы тың, белсенді адамдардың тізімін құруға арналған.

 

– Жастар мен әйелдерге басымдық береміз дейсіздер? Осынысы қалай? Олар көп дауыс жинамаса ше? Қалай іріктейсіздер?

 

– Иә, расымен солай, Елбасының атынан әйелдерге арналған 30 пайыздық квота және жастарға 20 пайыздық квота белгіленді. Алматы қаласы бойынша тіркелген кандидаттардың 36% әйелдерді, 29% жастарды құрайды. Сондықтан әйелдер мен жастар алған ұпайларының нәтижесіне қарамастан партиялық тізімде квоталық орындарын міндетті түрде иеленеді.

 

– Праймериздің ашықтығын қалай қамтамасыз етесіздер?

 

– Бұл өте орынды сұрақ. Үгіт-насихат жұмыстарының көп бөлігі онлайн режимінде жүргізілетін болады, мысалы, кандидаттардың тікелей эфирлері, кездесулер, азаматтарды қабылдау, осының бәрі әлеуметтік желілерде қамтылады. Кез-келген адам желіге кіріп, кандидаттың не жайлы айтып жатқанын көре алады.

Сонымен қатар, қаламыздағы 600-ден астам бастауыш партия ұйымдарында барлық тіркелген кандидаттарымыз үшін онлайн және әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып ашық түрде жүзбе-жүз кездесулерді ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Кандидаттарға бірдей жағдай жасалуын қамтамасыз етеміз. Әр кандидатқа бастауыш партия ұйымдарында өткізудің кестесі беріледі. Сол кестеге сәйкес кандидаттар өз қалауы бойынша бастауыш партия ұйымдарымен кездесе алады.

Осы жұмыстардың нәтижелерін халыққа ашық түрде жеткізу үшін барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, біз заманауи ақпараттық технологиялар мен байланыс арналарын қолданамыз.     

 

– Үміттеріңіз қандай?

 

– Біз үшін ең бастысы - нағыз патриот, қоғамға оң өзгерістер енгізгісі келетін және халық сенетін адамдардың партиялық тізімге енуі. Сондықтан біз бұл жұмысты мүмкіндігінше адал және ашық түрде ұйымдастыруға тырысамыз.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер