Діни тақырыппен айналысатын мамандар аз – А.Қалназаров
01.02.2020ж.

Діни тақырыппен айналысатын мамандар аз – А.Қалназаров

Дін тақырыбына кәнігі академиялық ғалымдар мен БАҚ мамандарының мойын бұрып, ыстық-суығына күюі сирек кездеседі. Көбіне табысы аз бағыт көреді немесе «молда», «діншіл» атанып кетемін деп, атынан қашады. Алайда елімізде бұл жаққа да түрен салып, білгенімен көпшілікпен бөлісіп, саланың оң-солының қалыптасуына атсалысып жүргендер де баршылық. Сондай жандардың бірі - діни зайырлы журналистика теориясына маманданған «United Citizens Fund» қоғамдық қордың төрағасы, әлеуметтік кәсіпкер, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаровпен әңгімелескен едік. 

– Абылайхан Мамырайханұлы, сіздің ағымдағы уақытта дін бағытында жазатын журналистерге тренингтер беріп жүргеніңізді білеміз. Тіпті бұл бағыттағы салалық кітабын бітіріп қалды деп естіп жатырмыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Иә, былтырғы жылдан бастап осы тақырып аясында семинар-тренингтер берудемін. Осы таңға дейін Ақмола облысы, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында 15-ке жуық дәріс өткізіппін. Олар негізінен дін тақырыбын қозғаушы журналистердің біліктілігін арттыруға арналды. Сондай-ақ, дін саласындағы ақпараттық, құқықтық-этикалық сауаттылық мәселелері де бұдан тыс қалмады.

– Кітап бойынша…

– Ал кітапқа қатысты айтарым: «Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп, семіз шық» демекші, оның қызықтарын уақытында көре жатарсыздар. Әзірше алдын ала жолын кесіп, әу дегім келмей тұр. Бұйырса! Оның мазмұны да көрігін қыздырып жүрген тақырыптарымыздың айналасында өрбіген. Жасыратыны жоқ, өз фондымыздың «Салалық әдебиет» жобасы аясында қолдаушылар іздеп жатырмын. Осы таңда қызығушылық танытушылар төбе көрсете қоймады. Болмаған жағдайда өз күшімізбен тамызға қарай баспаға беру жоспарда бар.

– Сонымен, өзіңіз ту етіп желбіретіп жүрген дін бағытындағы журналистика туралы не айта аласыз?

– Жаңа айтқанымдай, дәріс-тренингтер барысында республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері, ішкі саясат қызметкерлері және тағы басқа мүдделі мекеме өкілдерімен жиі тілдестім. Сонда мен бізде көпшіліктің діни зайырлы және конфессиялық журналистикалардың аражігін айырмайтынын аңдадым. Теориясымен келсең, діни журналистика – зайырлы діни, конфессиялық және диаспоралық діни журналистика болып іштей жіктеледі. Бұл олардың дін тақырыбын тарқату ерекшелігінен өрбіген бөлініс. Зайырлы журналистикада авторлар дінге деген жеке ұстанымына қарамастан, фактілер мен пікірлерді объективтілік тұрғысынан қарастыруға тырысады. Конфессиялық журналистикада оқиғалар мен жағдайларға белгілі бір діни дүниетаным аясында баға беріліп, көпшілікті өз жолына түсуге үндейді. Диаспоралық журналистика әртүрлі ұлттық және этникалық топтар мен қауымдастықтардың мүдделерін білдіруімен әнтек айырма. Яғни, бұл түрінің ерекшелігі – диаспораның негізінен ұлттық идея мен діннің айналасында бірігуінен көрінеді. Өз кезегінде, менің баса мән берген бағытым – діни зайырлы журналистика әдістемесі болып отыр.

– «Диаспоралығы» түсінікті әрі сирек кездесетін құбылыс. Ал қазіргі қоғам үшін өзекті – зайырлы және конфессиялық журналистика тармақтарын қалай айырамыз?

– Зайырлысы бірінші кезекте діни үрдісті сипаттаумен айналысса, екіншісі уағыздаумен айналысады. Бұл зайырлы публицистиканы конфессиялықтан ажырататын басты және түбегейлі ерекшелік. Мұндағы публицистика – өз пікірін білдіру. Ал уағыз – бұл қауымдастық пікірінің ерікті көрінісі. Діни публицистика діни ұйымдардан тәуелсіз және еркін сыни пікірге ие. Конфессиялық бағыты жанрлық, стилистикалық, тақырыптық шектеулерді өз еркімен қоя отырып, саналы түрде уағыздау міндетін атқарады. Қазіргі қазақ қоғамына екеуі де тән. Бірақ біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл дегеніміз – мемлекеттің ресми түрде ешқандай діни идеологияны тұтпайтынын, азаматтардың ар-ождан еркіндігі мен діни сенімін жүзеге асыруда тең құқығын қамтамасыз ететінін, өзін ешқандай дінмен байланыстырмайтынын білдіреді. Сондықтан да әңгімеміздің негізгі ауанының да осы тұрғыдан өрбіп жатқаны сөкет емес шығар.

– Сөзіңіз аузыңызда!

– Бүгінде діни тақырыппен айналысатын мамандар аз. Сондай-ақ, діни журналистиканың қай тармағы болмасын оқырмандардың көбіне түсінікті емес және қызығушылық танытатын ортаға ғана есептелген. Мұның ішінде айта беретін зайырлы тармағы әлеуметтік және мәдени мәселелермен айналысатын журналистикамен астасып жатады. Екінші жағынан саяси және экономикалық, яғни сараптамалық журналистикаға да жақындау. Осыдан келіп оның талдамалық жағы ашылады. Әдетте отандық БАҚ-та дін мәселелерін жариялау міндетін «Саясат» немесе «Мәдениет» бөлімдеріне жауапты мамандарға жүктеп қойған. Айдар бойынша көбіне «Қоғам» бөлігіне орналастырады. Демек, діни журналистиканы сарапшы журналистика деуге де толық негіз бар.

– Жауапкершілігі мол дін саласында, мейлі, теологиялық болмаса да, зайырлы, онда да БАҚ-қа ғана қатысты тұсына сарапшылық етуге қаншалықты хақылымын деп санайсыз? Сіздің мына білімдеріңіз кітаптан оқып алған емес, қолмен ұстап, көзбен көріп келген тәжірибелік дүниелер деп айта аламыз ба?

– Маған дәл осыған ұқсас сұрақтарды тренинг-семинарлар барысында көп қойды. Мысалы, осы елордамыздағы бір жиында ел алдында шешенсіп тұрғанымда бір журналист: «Мен сізді қоғамдық ұйым өкілі және кәсіпкер ретінде білуші едім, дінге қандай қатысыңыз бар?!», – деген-ді. Айтайын: Дінмен жақындасып тұрған тұсым – 2012-2014 жылдары Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында, кейіннен Дін істері агенттігінде қызмет атқардым. Сол жұмыстар барысында БАҚ өкілдерімен жиі беттесетінмін. Еліміздегі діни-конфессиялық саясат пен ахуалды сыртынан емес, ішінен көрдім. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, мен салалық құзырлы органда да, журналистикада да, әрі идеологиялық ортада – партиялық жұмысты көрдім. Бізде көбіне қалай? Шенеунік болған адам журналистиканың қыр-сырын білмейді. Ал журналист қана болған, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың жұмысынан бейхабар. Менің мұндағы артықшылығым – миымда мозайканың барлық бөлшегінің түгелдігінде болса керек. Толық картинаны көріп тұрмын деп айта аламын.

– А, онда сізге сын айта алмайды екенбіз!

– Сынаңыз. Сын өсіреді. Тек әркімнің кәдуілгі бір сөздің өзін әрқилы ұғынатынын естен шығармаған жөн. Біреу күнді көрген жерден, екінші біреу түнді көреді және керісінше. Әлгі әлеуметтік желіде хит болған: «Кафеде түстеніп отырғанмын. Бір ақ маржа орыс келіншек дауысы құмыға «Алла, Алла!» деп айқай салды. «Апырай ә, иманды екен» дегенше болған жоқ, есікке ұмтылған титтей қызын жетектеп келді. Алла деген қызының есімі екенін түсіндім» дегендей болып жүрмесе болғаны (күлді). Сол сияқты мен не айтсам да конфессиялық емес, зайырлылықтың әуеніне салып жатыр деп түсініңіз.

– Десе де араға қаншама жылдар салып, діни өріске қайта оралғандай болып жатыр екенсіз. Не себеп? Діндар ортаның тілімен айтқанда осыған сізді құдай айдап жатқан жоқ па? Кей замандастарымыз секілді қызды-қыздымен теолог болып кетпейсіз бе?

– «Құдай айдаса, айдап жатыр-ау» деп те кейде ойға кетемін. Кезінде тамыр-таныстың бәрі қожа-молда болып кетті деп, қойымды бұл ауылдан әрі асырып жаюға тырысқан едім. Бірақ, өмір жолы қайта-қайта осы жаққа әкеле береді. Бұл да бір қызық жайт-ақ. Тегіннен тегін емес деп ойлаймын. Көзі тірісінде 95 жасап дүниеден өткен Күлайхан әжем мен туралы: «Бұл бала түбі басына сәлде ораған ғұлама болады» деп айтады екен. Кейін ержеткесін осыны әке-шешем, аға-жеңгелерім талай естелік етіп айтқан. «Адамның басы Алланың добы», қайыры осы жақтан шығып тұрса, не деп болмас. Тіліммен құдай десем де, осы күнге дейін аса діндар емес едім. Соңғы уақытта жүрегімнің ымбалымен осылай қарай ойысып та бара жатқандай боламын.

Ең бастысы, Қазақстанда әлі бір жүйеге келе қоймаған діни журналистика теориясы бастауының көзін ашып, арнасын салып жатырмын деп білемін. «Бір жүрген жер соқпақ, жүз жүрген жол, мың жүрген жер даңғыл» деген емес пе атам қазақ. Әзірше жалғыз-жарымдап соқпағын ізшілеп жатырмын.

– Біздің Kazislam.kz порталының жұмысына қалай баға берер едіңіз?

– Кезінде Дін істері агенттігінде қызметте жүргенде порталдың құрылуына бір кісідей атсалысқан едім. Негізінен портал Елбасының Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлер Кеңесінің 38-ші сессиясы қорытындылары бойынша 2011 жылғы 15 тамыздағы тапсырмасы бойынша іске қосылған еді. Бүгін айтсаң, ертегі сияқты. Бірақ, Ғалым Шойкин, Ержан Бабақұмаров секілді талапшыл басшылардың мақұлдауынан өткізу, құрылымын түзу оңай болмады. Тарих осылай жасалады екен ғой. Бағалау емес, ұсыныс деп қабылдасаңыздар – әу бастағы концепциядан айнымай, исламдық құндылықтарды зайырлылық тұрғысынан беруден жаңылмау керек. Яғни, діни зайырлы журналистика принцптерінен айнымағаны ләзім. Әйтпеген жағдайда көрпені өзіне тартқылай беретін еліміздегі көп діни бағыттардың газет-журналы, сайтынан айырмашылығы болмай қалады. Мұның фишкасы да сол болатын.

Біз түзген техспецификациясында: «Ғаламтор-ресурсының мақсаты: Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын ислам ұстанымдары негізінде позитивтік, прогрессивтік идеяларды насихаттайтын ақпараттық, рухани-ағартушылық, мәдени-танымдық және интерактивтік ғаламтор-ресурсын құру» деп атап көрсетілген. Солай!

Ертеректе Сыр бойындағы Шөмекей ішінде Назар деген әулие кісі өткен екен. Ол әрқашан да, жылдың төрт мезгілінде өзінің қонысына лапылдатып от жағып қоятын көрінеді. Ондағысы жол-жөнекей адасқандар болса, тауып алсын, бағдар алсын дегені дейді…

Меніңше, Kazislam.kz порталы да тап осылай тура мағынасындағы зайырлы діни журналистиканың өшпейтін алау отына айналып, өзгелерге бағыт-бағдар болуы керек. Онсыз оның сәні ғана қалып, мәні кеткен болар еді.

– Бірді айтып, бірге кетіп қалып жатырмыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Дін тақырыбын қозғаушы журналистерге діни тақырыпты қозғаудың негізгі қағидаттары ретінде нені атар едіңіз?

– Бұған дейінгі тренингтерде Дін комитетінің міндеттеуімен осы тақырыпта қазақ және орыс тілдерінде нұсқаулық кітапшалар жазған едік. Сол бойынша айтсақ, діни тақырыптағы материалдарды дайындау кезінде келесідей ұстанымдарды жад етіп, жарияланымдар барысында ескеру ұсынылады:

Біріншіден, мемлекеттің зайырлылығы қағидаты.

Екіншіден, дін ұстау еркіндігі қағидаты.

Үшіншіден, заң алдында барлық діни бірлестіктердің теңдігі қағидаты.

Төртіншіден, мемлекеттің діни ұйымдардың ішкі қызметіне, сонымен қатар дін оқуының мазмұнына, салтына, ғибадат пен басқа да діни қызметтеріне және діни бірлестіктердің заңнамаларды бұзу жағдайынан басқа жерде олардың ішкі өзін-өзі басқаруына араласпау қағидаты.

Бесіншіден, діни бірлестіктердің заңнамаларды сақтауын мемлекеттік бақылау қағидаты;

Алтыншыдан, саясаттандырмау, яғни дін мен саясаттың бөлінуі қағидаты.

Жетіншіден, шовинизм, агрессиялық ұлтшылдық пен нәсілшілдік көріністеріне ымырасыздық қағидаты. Мінекейіңіз, осылар ескерілсе, нұр үстіне нұр!

– Аз да болса саз шыққан әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
Дерек көзі: kazislam.kz 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер