Тиянақтылық бар жерде, табыс та бар – Дәулет Әшімхан
02.07.2019ж.

Тиянақтылық бар жерде, табыс та бар – Дәулет Әшімхан

Қазақта тектілікті білдіретін «дегдарлық» деген әдемі бір сөз бар. Ал ел ішінде осы сөздің мағынасын жан-жақты ашып, есім-сойы сонымен астарласып, ассоциацияланып жүрген азаматтар да бар.

Олардың бірегей өкілдері қалай іс жүргізуде, айналаны қоршаған орта, руханият, қоғам туралы ойлары қандай?

Кәсіпкерліктің болмай қоймайтын ыңғайсыз тұсы не?

Жалпы, іскерлер неден сақтандырылмаған?

Бүгінгі «Іскер Talks» жобасының кезекті қонағы – кәсіпкер, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Degdar Stroy», «АстанаЭкспоИндустрия», «Lale» компанияларының құрушысы Дәулет Әшімханның осы және тағы да басқа қызықты сауалдарға жауап берген шағын сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. 

 

 

- Дәулет мырза, біраз жылдар бойы жергілікті атқарушы органдарда, министрлікте жұмыс жасағаныңызды, одан беріде «Ел-шежіре» қоғамдық қорын басқарып жатқаныңызды білеміз. Сізді көпшілік өнегелі әке жолын жалғаған тәлімді ұл ретінде де жақсы таниды. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ...

- Иә, біраз жылдар мемлекеттік қызметте жұмыс жасадым. Бірақ ең бірінші кәсіпкерліктен бастадым. 2006 жылы оқуымды бітіре салып, Өскемен қаласына көшіп, «ВостокИнвестСтрой» және «Ратник» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестерді құрдым. «ВостокИнвестСтрой»-дың жұмысы пенобетон шығару болатын. Алматы қаласынан пенобетон шығаратын мини-зауыт сатып алып, қалай шығаратынын үйреніп, соны Өскемен қаласында жұмыс істеттім. Қосымша «Ратник» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік күзет агенттігін аштым. Күзетке сол кездегі Черемышанка құс фабрикасын, балық аулау орталығын және химиялық тазалу объектілерін алдым. Кейін келе тәжірибем аз болған соң және нарықтың басқа да себептеріне байланысты кәсіпкерлік жұмысымды тоқтаттым. Енді не істеймін деген кезде Өскемендегі Роза деген апайым, «Сенің мамандығың дінтанушы, сен сияқты мамандар әкімдікте жетіспейді, сонда барып көрсеңші» дегеннен кейін Әкімдікке бардым. Расында да дінтанушы жоқ екен, сөйтіп Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат департаментіне жұмысқа тұрдым. Міне, сол жерде бір жылдан аса, одан кейін Әділет, Мәдениет министрліктерінде бес жылдай жұмыстандым. Кәсіпкерліктің дәмін татып қалған маған мемлекеттік қызмет қиынға түсті, әсіресе оңай және тез шешілетін заттарды әдейі қиындатып қою тәсілдері маған ұнамай мемлекеттік қызметтен ойланбастан кеттім. Дәлірек айтсақ, бюрократия мен қағаз басты жұмыс қой. Сонымен, 2013 жылы Алматыға көшіп келіп, қайтадан кәсіпкерлікті бастадым және әкемнің «Ел-шежіре» қоғамдық қорына болыстым.

- Мұның барлығын қанша жасыңызда жасап үлгеріп жүрсіз?

- Жоғарыда айтып кеткенімдей негізі мен Өскеменге 23 жасымда кетіп қалған едім. «Өз бетіммен, әке-шешесіз өмір сүріп көрейін, ақша тауып көрейін» деп бөлек кеттім. Яғни, ата-анама масыл болмай, жаңа өмір бастайын деп шештім. Содан дербестілікке бой ұра жүріп, 30 жасымда бір-ақ қайтып келгенім бар.

 

 

- «Ел-шежіре» қоғамдық қорының жұмысы туралы айта кетсеңіз?

- Аталмыш ұйым 2003 жылдан бері Алаш мұрасы сериясымен және «Мәдени мұра» бағдарламасымен бүкіл Алаш қайраткерлерінің еңбектерін шығарып келеді. Соның ішінде, қысқаша айта кетейін: Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Телжан Шонанұлы, Нәзір Төреқұлов, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы және Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың көптомдық еңбектері жарыққа шықты. Бұл әкеміздің үлкен еңбегі, себебі архивте шаң басып жатқан деректерді кітап бетіне шығару оңай шаруа емес еді. Бұған қоса, әкеміз қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрді, мысалға, «Ел-шежіре» қоғамдық қорымен 100-ден аса әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асты. Олар «Алаш қозғалысының 90 жылдығы», «Бауыржан Момышұлының 90 жылдығы», «Міржақып Дулатұлының 125 жылдығы» республика деңгейінде аталып өтілді. Әкем қайтып кеткеннен кейін, міне, осының барлығының отын өшірмей, алауын арттырып, ісін әрмен қарай жалғадым. Әсіресе 2015 жылы «Ел-шежіре» қоғамдық қорымен «Қазақ хандығының 550-жылдығын» Алматы қаласы іс-шаралар кешенін біз ұйымдастырдық.

- Тікелей өзіңіздің жетекшілігіңізбен қандай кітаптар баспа бетін көрді?

- 2015 жылдан бері «Движение Алаш» 3 томдық, «30 лет в строю», «Қазақстанның киелі жерлері» 3 тілде, «Конфессиональная палитра Казахстана» 3 тілде, «Модель Назарбаева» 3 тілде, «Алашорда» фотоальбомы қайта өңделіп басылды, «Қазақ қолжазбалары 9, 10 томдар», «Бекежан Тілегенов» 2 томдық, «Бейсембай Кенжебаев» 2 томдық. Құдай қаласа, бұл кітаптар көптомдық кітаптар, міндетті түрде жалғасын табады деп ойлаймыз. Биыл Жетісу телеарнасының 20 жылдығына орай «Эфирде Жетісу» деген фотоальбом шығардық. Өзіңіз көріп отырғандай, кітаптар шығып жатыр, тек бізге тапсырыс болса болды. Бұл кітаптарды шығарудың ең бір жақсы жері, шығарып жатқан кітаптарды толығымын өзің оқып шығасың ғой. Мысалға, Бейсембай Кенжебаев деген ағамызды көп адам білмейді, ал Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын «Қазақстан» баспасынан тұңғыш рет 1943 жылы шығарғанын қайтерсіз. Ал Бекежан Тілегенов деген жазушыны классик дер едім. «1986 жыл» деген романын сүйсініп, 2 күнде көзімді ала алмай оқыдым. Бұл ғажап роман.

Көбінесе Мәдениет министрлігімен жұмыс жасайтын болғасын, алда көптеген жоспарлар бар. Тағы да бірқатар маңызды деген кітаптарды шығарсақ па деп отырмыз.

- Демек, көбінесе тапсырысты сол жақтан алатын болып тұрсыздар ғой, мұнан басқада қандай мекемелермен тығыз жұмыс жасайсыздар?

- Мәдениет министрлігінде «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін басып шығару» деген бағдарлама бар. Жыл сайын әр баспа өздерінің маңызды деген кітаптарын Мәдениет министрлігіне ұсыныс ретінде енгізеді. Сөйтіп комиссия мүшелері бүкіл түскен ұсыныстарды қарап, маңызды деген кітаптарды іріктеп алып, сол баспалармен келісім-шартқа отырады. Біздің «Ел-шежіре» баспасы жыл сайын 15 шақты кітаптарды қарауға енгізеді, соның ішінен 4-5 кітап комиссиядан өтіп, сол кітаптарды шығарамыз.

Бұдан бөлек жеке адамдардың тапсырыстары болып тұрады, сонымен бірге мемлекеттік сатып алуда кітаптарды шығаруға байланысты ашық конкурстар жарияланып тұрады. Сол кітаптарды кей кезде ұтып алып шығарамыз.

- Кейде ұстаның пышаққа жарымайтыны болушы еді. Марқұм Дидахмет ағамыздың мұрасын жинап, жарыққа шығару жағы қалай?

- Біз пышаққа жарыған ұсталар қатарынанбыз (күледі). Әкемнің 4-томдық кітабы шығарылды. Бұл кітапта ең таңдамалы әңгімелері, повестері, пьеасалары, үздік мақалалары және Джек Лондон мен Джон Голсуорсидің аудармалары топтастырылған. Қалай десе де, өзім бұл кітаптарды классика деп есептеймін. Себебі мен әдебиетті қазір көп оқимын, соның ішінен әкемнің еңбектерін қарап отырсам, көп жазушыларға қарағанда шоқтығы әлде қайда биік. Ең бастысы оқырманын ешуақытта жалықтырмайтын психологиялық детальдарға бай шығармалар. Бұны мен ғана емес, жалпы әдебиет сүйер қауым айтып отырады.

 

 

- Қорларыңыз кітап шығарудан басқа тағы қандай бағыттарда жұмыс жасайды?

- Біздің қоғамдық қор мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысып, соларды жүзеге асырып отырады. Бұдан бөлек іс-шараларды ұйымдастыруға байланысты мемлекеттік сатып алуға шығатын ашық конкурстарға қатысып, ұтып аламыз. Мысалға 2018 жылы біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша «Zhastar Innovation», «Астананың 20 жылдығын атап өту» сияқты ауқымды іс-шараларды Алматы қаласында ұйымдастырдық, ал мемлекеттік тапсырыспен Астана қаласында Республикалық «Патриоттар форумын» өткіздік. Міне осындай үлкені бар, кішісі бар іс-шараларды ұйымдастырамыз.

 

 

- «Дегдар» атын иемденген көп-көрім порталдарыңыз бар екен. Мәнді де мағыналы контентке толы сайт екеніне көз жеткіздік. Бұл да осы «Ел-шежіреге» қатысты жоба ма?

- Бізде «Ел-шежіре» қорымен қатар, «Дегдар» қоғамдық келісімділік қолдау қоры бар. Негізі бұл қорды 2012 жылы құрғам. Degdar.kz сайты осы қордың интернеттегі беті. Бұл cайт күнделікті тіршілікке тән қуаныш пен реніш, жетістік пен жеңіліс тәрізді өтпелі құндылықтар мен арзан ақпаратты дәріптемейді. Бұл уақыт сынынан өткен, қандай қоғам келсе де жойылмайтын, дүниенің ұстыны деуге лайық, жасанды емес, жасампаз, сондықтан да  мәңгілік құндылықтарды ұлықтайтын сайт. Сол үшін де осы сайтты ашқан едік. Ал «Дегдар» қоғамдық келісімділік қолдау қоры да мәдени, рухани бағытта жұмыс істейді. Соңғы үш жылдың ішінде қор көптеген конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Әсіресе, қордың қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қамтамасыз ету бағытындағы қызметі жүйелі сипат алды. Атап айтқанда, 2015 жылы Астана және Алматы қалаларында «Мемлекеттік тіл және жаңа заман технологиялары» атты дөңгелек үстелдер өткізіп, оған танымал қоғам қайраткерлері, тіл мамандары мен ұлт жанашырлары қатысты. Осы бағыттағы жұмыстарды бір ізге түсіру мақсатында 2015 жылдың қыркүйек айынан бері «Til-audit.kz» сайты жұмыс істейді. Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен ұлттық компаниялардың интернет-ресурстарындағы қазақ тілді парақшаларының сапасы мен мазмұнын көтеру, кемшіліктерді түзетуді талап ету, қазақ тілінің мәртебесіне сай қолданылуына үлес қосу. Сайт қазіргі уақытта қоғам тарапынан да үлкен қолдауға ие.

- Мына тілдік жоба қоғамға керекті бастама екен. Сіз айтқан түйткілдерді түйіндеп отырған жайт – мүмкін қазақ тілін тұтынушылардың аз болғандығынан да шығар? Солай деп ойламайсыз ба? Қазіргідей тіл мәселесі өзекті болып тұрған шақта, мұнымен көпшіліктің де кеңінен танысқаны жөн деп ойлаймын.

- Жоқ. Енді бұл жағдай заңнан босатпайды. Тұтынушы аз болады ма, жоқ болады ма, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғаннан кейін, бұл – міндетті. Талқыланбайды. Сол себептен, біз қадағалаймыз деп әлгіндей сайт ашып, бүкіл мемлекеттік органдардың сайттарын мониторинг жасап, тексеріп отырдық. Табылған қателерді порталға салып, ескерту хаттарын жіберіп отырдық. Егер он күннің ішінде жауап бермесе, оларды прокуратураға шағым-арыз ретінде бердік. Үш жылдай жұмыс жасады. Алдағы уақытта қарқынды түрде қолға алып, тағы да басқа жұмыстар жүргізілетін болады.

- Заңдық тұлға ұйымдарыңыз, айналысатын бағыттарыңыз тек гуманитарлық салалармен шектелмейтінін білдік. Осында келерде сізді техникалық салалардан да іс көзін таба білген мықты кәсіпкер деп те естідік.

- Осы жұмыстармен бірге мен құрылыс саласымен де 2,5 жылдай айналысып көрдім. Түк өкінбеймін, себебі құрылыс жағынан үлкен тәжірибе жинадым. Кейін келе құрылыс саласын біржолата қойдым. Себебі отбасыма уақытым жоқ боп кетті. Бірақ «Degdar Stroy» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрып, құрылыс саласына керекті арнайы техникаларды алып, соларды құрылыс компанияларына жалға бере бастадық. Биыл міне, айланысқанымызға 3 жылдай болып қалды, Құдайға шүкір жаман емес.

- Біздің«Іскер Talks» жобасының дәстүрлі бір тұсы бар еді: Кәсіпкер ретінде бизнес саласында өз тәжірибиеңізбен бөлісе кетсеңіз. Керек адам төбесіне тұтып, өз пайымын жасайды-дүр.

- Кәсіпкерлік деген май шелпек емес және ол әрдайым біркелкі жүре береді деген сөз емес. Мұны көлеңкелі жағы десем де болады. Оның өзінің көтерілетін және түсетін жерлері болады. Яғни онда әрқашан тұрақтылық болмайды. Бұл көп уақытты, төзімділікті және тапқырлықты қажет етеді. Ең бастысы, кәсіпкер көпшіл болу керек, бәрімен араласып, бәрінің тілін тауып жұмыс жасау керек. Енді айта берсе көп, бірақ кәсіпкер керісінше ақша табуды емес, қайтсем көбірек көмектесе аламын деген қағиданы басты ұстанымы ретінде ұстаса ғана жұмысы бүгін болмаса да, ұзақ стратегияда үлкен жемісін және жеңісін береді. Бұл сөзсіз! Себебі ақша деп қана жалмаңдап тұрған адамнан бәрі қашады. Жалпы кәсіпкер қоғамның ең құнды адамы болуы тиіс. Тек кәсіпкердің арқасында ғана көп адамдар жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге, мемлекетке салық төлейді, түйіткілді мәселелерді шешеді. Мысалға менің «Degdar Stroy» компаниямда 7 адам, «Ел-шежіре» қорында 5 адам, «Lale» компаниясында 20 адам жұмыс жасайды. Ал мен кәсіпкер болмасам немесе мен сияқты басқа кәсіпкерлер болмаса қарапайым адамдар жұмысты қалай табады? Олар өздерінің отбасыларын қалай асырайды? Міне, бұл үлкен сұрақ, бұны ертеректен білген Батыс өркениеті кәсіпкерлерге үлкен жеңілдіктер мен тексеруші органдардан босатқан болатын. Бізде өкініштісі – бәрі керісінше.

- Замана рухы сондай ма, бүгінде екінің бірі бизнесмен болғысы келеді. Бұл жағынан айтарыңыз бар ма? Өзіңізді тұлға ретінде қалай дамытып отырасыз? Сондай-ақ, қазақ тілді ағайынның бизнес жүргізу стилі жайлы пікіріңіз қандай?

- Ең өкініштісі дейміз бе, әлде бағымызға орай дейміз бе, бәрі бірдей кәсіпкер бола алмайды. Бұның өз заңдылығы бар – ол адамның әралуандығы, әртүрлі мінездің болуы және әртүрлі кәсіптерге бейім болуы. Керемет кәсібін домалатып отырған адамның дүниесін келесі адам тура сондай қылып домалата алмайды. Сондай-ақ, бәріміз кәсіпкер болып кетсек, кім жұмыс жасайды? Мысалға, мен мүлдем мемлекеттік қызметкер бола алмайтын сияқтымын. Ал олар мен сияқты кәсіпкер болмауы мүмкін. Яғни, қанша бір бірімізге ұқсасақ та адамдардың жолы әртүрлі.

Өзімді дамытуға келетін болсақ мен ылғи семинар-тренингтерге қатысып жүремін. Қатысқан сайын өзімді жаңа қырынан ашамын және басқалай жұмыс жасауға тырысамын. Сонымен бірге көп бизнеске қатысты әдебиеттерді оқимын. Жалпы кәсіпкер ылғи ізденіс үстінде болуы тиіс, әйтпесе бүгінгі жаңа нәрсеміз, ертең-ақ ескі болып жатыр. Заман қатты өзгеруде. Ең бастысы өзгеріске өте бейім болу керек. Бірінші кедергіден сынбай, басқалай әрекет жасап көру керек.

Қазақтардың бизнес жүргізу тәсілі қазір маған ұнайды, себебі бізде адамның көңілін таба білу қасиетіміз бар. Әсіресе, оңтүстіктің қазақтарын қарасаңыз кәсіпке өте жақсы икемделген. Тек шіркін-ай, солар тағы да ізденіп кітап оқыса, семинарларға қатысса одан да жоғары нәтижеге жетер еді деп ойлаймын. Бұлар операционкадан шыға алмай қалады да, бәрін өздері жүгіріп істегісі келеді. Ақшаны мейлінші үнемдігісі келіп, тағы да адамдар жалдау мәселесіне енжарлық танытып тұрады. Содан болар жұмыстары сол қалпы тұра береді. Ал үлкен кәсіпкер ағаларымызға келетін болсақ, бұлардың ішінде нағыз кәсіпкерлер бар және тендермен немесе біреудікін тартып алып көтерілген кәсіпкерлер бар. Соңғысын мен кәсіпкер деп есептемеймін. Шын мәнінде өз кәсібімен шыңға шыққан үлкен ағаларымыз саусақпен санарлық.

- Үлгі тұтатын бизнесмендеріңіз кімдер?

- Өскемен қаласында «Восток-Молоко» деген ірі компания бар. Соның басшысы Сайлаубаев Сейілжан деген ағамызды үлгі тұтамын. Екінші Шымкентте, Алматыда «Мұзтау» ресторандары бар Ғани Шаймарданов деген ағамызды үлгі тұтамын. Бұл кісілер өте қарапайым және қайырымдылыққа жақын адамдар. Әйтпесе айына 20 млн-нан аса ақша табады.

- Өткен тоқсаныншы жылдардағы кәсіпкерлермен қазіргі кәсіпкерлердің айырмашылығын айта аласыз ба?

- 90 жылдардың кәсіпкерлері мен қазіргі кәсіпкерлердің айырмашылығы жер мен көктей. Тереңірек түсіндіріп айтайын. Ол кез Кеңес үкіметінің құлап, еліміздің тәуелсіздік алған жылдарына тура келеді. Яғни қарапайым халық кәсіпкерлікті сол кезде «спекулянт» деп атайтын. Әбден үкіметтің мойнына отырып қалған халық, бір күнде не істерін білмей қалды. Еркектер үйде отырып, әйелдер Қытайдан зат тасып, базарларда саудасын жүргізді. Сонымен 90 жылдардағы тұңғыш кәсіпкерлер бізде әйелдер деп атар едім. Екінші кәсіпкерлер спирт сатып алып, оны арақ қылып сатып күн көрді. Үшіншілері иесіз қалған мемлекеттің зауыттарын, магазиндерін, техникаларын бес тиынға сатып алып, кейін оларды жалға тапсырып отырды. Төртіншілер рэкетте болды. Қысқаша айтқанда, 90 жылдарды кәсіпкерлікте «хаос» жылдары деп атаса болады. Кейін келе солардың ішінен байып, байлықтарын ұстап қалған адамдар саусақапен санарлық. Ақшаны табу бар да, ақшаны ұстап қалу - ол екінші өнер! Сол кездегі қаншама кәсіпкерлер ақшаның буына мастанып, бір-ақ күнде ақшаларын жоғалтып, қайта орнынан тұра алмай қалған кәсіпкерлер болған. Қаншамасы ақша үшін атылып кетті. Ол кез кәсіпкерлердің жабайы заманы сияқты көрінеді маған.

 

Ақшаны табу бар да, ақшаны ұстап қалу - ол екінші өнер!

 

Ал қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Кәсіпкерлік заңдастырылып, үкімет тарапынан неше түрлі аз пайызбен қолдау көрсетілуде. Сонымен бірге, кәсіпкерліктің неше сияқты маркетинг тәсілдері пайда болды. Бұның бәрі сайып келгенде кәсіпкердің жұмысын жеңілдетеді, бірақ қазір бәсекелестік шарықтап тұрған сәт. Бүгінгі кәсіпкер тапқыр және төзімді болмаса күн көре алмайды. Сол себепті де алғашқы ашылған кәсіпкерлердің оннан бірі ғана жұмысын жүргізе алады. Кәсіпкерлік деген сөзді айту жеңіл, ал оны жүргізу және аяққа тұрғызу мүлдем бөлек нәрсе. Өз басым Ресейден келген «Бизнес молодость» және қазақстандық «Бизнес хардкор» деген 2 айлық курстарға қатыстым. 100 адам жиналып екі ай оқыса, соның ішінен жұмысын тек 10-ны ғана жүргізе алатынына көзім жетті. Қалғандары тек кәсіпкерліктің қиын екенін сезіп, басқа жалдамалы жұмыстарға істеуге мәжбүр болады. Менің ойымша, мәселе кәсіпкерлікте емес, мәселе мықты маман болуда және соны жетілдіруде. Таптырмас маман әрқашан жоғарғы жалақы алады.

 

 

 

- Әркімнің өмірлік тәжірибесі әртүрлі болады. Ел үлгі тұтатындай іс жасап жүрген азаматтардың бірі ретінде сыйлап, бағалаймыз. Ендеше, ағалық ақыл ретінде талапты жастарға не айта аласыз?

- Меніңше, адам тек позитив толқынында, баршамен жақсы қарым-қатынаста болып жүру керек. Жақсы көңіл күйде жүру арқылы энергияңызды сақтай аласыз. Ал энергия дегеніміз тап таза ақша. Энергиясыз сіз ештеңе бітіре алмайсыз. Сол үшін де барынша досшыл, сыйласу ортасы көп жандармен бірге болған дұрыс. Дін, ұлт, әлеумет жігіне қарап бөлінудің қажеті жоқ деп білемін. Ісіңнің қиюы келіп тұрса, ынтымақтасқанның әбестігі жоқ. Қалай десе де, игілікті баршамен бірге көріп, бірге дамыған абзал. Уақыт рухын сезіне білген жөн. Әй, дегенмен, бұған да интуиция керек. Ішкі әлеміңді тыңда. Сол жол нұсқайды. Дәл сол алдамаса керек.

- Әңгімеңізге мың алғыс. Істеріңізге тек береке тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Ардақ Серік

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер