Жылдам, сауатты, сапалы! – Inbusiness.kz порталының қазақ редакциясы басшысы Г.Бегімова
11.05.2019ж.

Жылдам, сауатты, сапалы! – Inbusiness.kz порталының қазақ редакциясы басшысы Г.Бегімова

Еліміздегі экономикалық журналистиканың жай-күйі қандай? Осы салаға маманданған ақпараттық ұйымдардың қандай қиыншылықтары бар? Спецификалық ерекшеліктері неде?

Бүгін «Іскер Talks»  жобасының кезекті қонағының бірі, танымал аудармашы-журналист, Inbusiness.kz порталының қазақ редакциясы басшысы Гүлсім Бегімова осы және тағы да басқа сауалдарға жауап беріп көрді.

Әдетте Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ол кісіні біз Медеу шатқалында жазғы демалысын өткізіп жатқан кезінде ұстадық.

– Гүлсім ханым, сұхбатқа уақыт тауып, келіскеніңіз үшін көп рақмет. Өзіңізді еліміздегі экономикалық хабарлар мен талдамалар таратуға маманданған бірегей ұжым өкілі ретінде білеміз. Бүгін осы агенттіктің төл жаңалықтары және жалпы – экономика, қаржы салаларын ақпараттандыру бойынша аз-кем сөз қозғасақ па дейміз...

– Өзіңізбен жүздескеніме мен де қуаныштымын. Әрине, қазіргі таңда бәріміз білетіндей, экономика өте өзекті салаға айналды. Тіпті бұл салада ақпарат таратып, сараптама жасайтын агенттіктер мен маман журналистер өте аз десем, артық емес. Мұның себебі де белгілі. Салалық журналистика, оның ішінде экономикалық журналистикаға екінің бірінің тісі бата бермейді. Бұл жерде теориялық біліммен қатар өмірлік тәжірибе, көрген-білгеніңнің мол болуы да керек. Оның маңыздылығы сол, материалды үстіртін, алыстан қозғап, қызыл сөзбен қуырдақ қуырып бере алмайсыз. Нақты сандары мен тұжырымдары келтірілген арнайы мекемелер мен білікті сарапшылардың дәлелді ақпараты болмаса, өз ойыңызбен немесе жорамалдауыңыз дәтке аспайды. Соған орай тілшілер де өз мүмкіндіктерін таразылап, бұл жаққа көп мойын бұра бермейді.

– Ұжымдарыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Сайт 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Бастапқыда атауы «ABCTV.kz», болатын, кейіннен «Inbusiness.kz» атауына ауыстық. Яғни «бизнесте», «бизнес ішінде» деген мағына береді. Қазіргі таңда арнайы агенттік болып жұмыс істейді. Құрылтайшымыз – «MEDIA HOLDING «ATAMEKEN BUSINESS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сондай-ақ «Атамекен» деп аталатын телевидение жұмыс жасайды. Негізгі бағытымыз – экономика  жаңалықтары, қаржы, соңғы болып жатқан әлеуметтік өзгерістер.

Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда рейтинг бойынша осы бағыт, осы сала бойынша көш бастаған бірден-бір – портал, яки «арна» – біз деп айтсақ болады. Бәсекелестеріміз бар-ақ. Бірақ, өз пікірімше, дәл біздей экономикалық тақырыптарға терең дендеп отырғандар некен-саяқ. Бүгінде бізді іздеп оқитын, қарайтын өз оқырмандық ортамызды қалыптастырып үлгердік. Оған алғышарт жасаған, өзіңіз білетіндей, экономика өте күрделі дүние болғандықтан, барлығына сараптама жасап, фактпен беруге тырысып келеміз. Болған өзгерістерге байланысты, бірінші болып құзырлы органдар мен спикерлерден сұрап, нақтылап барып жариялаймыз. Көпшілік бұл еңбегімізді бағалап, маманданған ақпарат көзі ретінде таниды.

 

 

– Экономика саласын жариялап жүрген журналистер туралы не айтар едіңіз?

– Мен тағы қайталайын деп отырмын. Жоғарыда бұған қатысты ой ұшығын айтып өткендей едім. Шындығында, экономика саласын зерттеп, жазатын журналистер  өте аз. Тіпті жоқтың қасы. Өз тәжірибемізден айтар болсам,  алғашқыда, портал құрылып жатқанда, сайтымызға білікті журналисті мүлдем таба алмадық. Жоғары жалақы, шығармашылық мүмкіндік, бәрі жасалды. Бірақ, қазақша сауатты маман таба алмадық. Ақырында, өзімізге керек кадрларды өзіміз тәрбиелеп, дайындап шығардық. Яғни айтқым келгені, журналист дегеннің барлығы экономика, қаржы саласы туралы жаза алмайды екен. Өйткені, көбісі нақты терминдер, сандармен жұмыс жасай алмайды. Бұл өз байқауым. Айталық, валюта бағамы күнде өзгеріп, бір орында тұрақтамауы мүмкін. Ал енді осыны ұдайы назарыңда ұстап, экономикалық импульстарға тамыршы болып көр. Қысқасы, мұның  барлығы уақытпен, үлкен ізденіс және зерттеп, зерделеу һәм тиісті мамандармен тығыз жұмыс жасау арқылы келетін дүние.

– Жақсы. Ал сайтқа тың ақпараттарды, жаңа дүниелерді қайдан алып отырасыздар?

– Елімізде экономикалық-әлеуметтік ақпараттардың басым бөлігінің орыс тілінде тарайтыны жасырын емес. Сондықтан да, көбінесе аударма жасалады. Өзім әрі аудармашы ретінде бұл салада біраз тәжірибем бар. Бұдан бөлек, бізбен әбден ынтымақтасқан, әлемдік құбылыстар, алдағы бес жылда, он жылда экономика қаншалықты қарқынды дамиды, осының барлығына талдау жасайтын мықты сарапшылар тізбегі бар. Тек бір нәрсемен шектеліп қалмай, өзімізге етене қазақ аудиториясымен қатар, ағылшын ақпарат көздерімен де байланыста болып отырамыз. Ең бастысы, бұл жерде портал ұстанымы мынадай: Жылдам, сауатты, сапалы!

– Аймақтармен байланыс қалай?

– Бұл үшін арнайы тілшілер қосынымыз бар. Батыс пен шығыс, оңтүстігіміз бен солтүстігіміз, орталығымыз, бәрі-бәрі тілшілеріміз арқылы біздің жіті назарымызда. Экономика мен әлеуметке қатысты тырс еткен дыбыс болса, бізді де соның басынан табылды дей беріңіз (күледі).

– «Жастар» жылында жастарға пайдасы туралы сұрамасақ, күнә болар. Мұнан ел жастары не алып жатыр деп ойлайсыз?

– Соңғы кездері «Орта және шағын бизнесін бастап, кәсіпкер болсам екен» деп жүрген жастардың шоғыры мол екені белгілі. Соларға экономикалық кеңістікте бағыт-бағдарын анықтап, ориентирлерін түзеп отыратын таптырмас ақпарат көзі болып отырмыз деп білемін. Қайсыбірін айтайын, кәсіпкердерден сұхбат алу арқылы, олардың тәжірибесі, қандай бизнес көзімен айнылысады, алғашқы миллионды қалай тапты, барлығынан хабардар болып отырады. Мұның барлығы да біздің эфиріміз бен контентімізден табылады.

– Экономиканың салалық ақпаратын бір кісідей білетін маман көрінесіз. Өзіңіз де айта беретін сарапшы көзқарасқа ие болып үлгерген шығарсыз?! Сізден бір ойтүйер болсын: Қазақстан мен өзге шетел экономикаларын салыстыра отырып, өз топшылауыңызды айта аласыз ба? Бір сыдырғы болса да.

– Негізі экономикаға қатысты мен емес, экономистер жақсы ақпарат бере алатын шығар. Алайда, көкейімде көптен бері жүрген бар дүниемен бөлісейін. Әр елдің өз экономикасын көтеретін бағыты болады. Мысалы, бізің экономикамызды шикізат саласы көтеріп тұр. Соңғы кездері білетініміздей, үкімет шағын және орта бизнеске кеңінен қолдау көрсетіп, жүйелі түрде дамытып жатыр. Болашақта бізді құтқаратын осы – бизнес болады деп ойлаймын. Мәселен, Туркия елін алайық. Көбісіміз ол елді туризм саласы бойынша дамып отыр деп ұшқары ой түйеміз. Ал негізінде олай емес екен. «Естігенімді емес, көргенімді айтайын» демекші, өзім соңғы жылдары осы елде болып келдім. Сондағы байқауларым мен зерттеулерім бойынша, түрік елінде бірінші орында – ауыл шаруашылығы, екінші орында – тігін, ал туризм саласы – үшінші орында. Міне, негізгі қызықты көрдіңіз бе? Сондай бір керемет! Жалпы, әрнені өз маманының айтқаны дұрыс қой. Менікі де субъективті болуы мүмкін. Сол үшін де  нақты тұжырымдаманы экономистер айтпаса менің айтуға құқығым жоқ деп ойлаймын.

– Бүгінгі сұхбат қысқа болса да, нұсқа, тұщымды болды деген ойдамын.  Алдағы уақытта өзіңізге, ұжымдарыңызға толағай табыстар мен сәттіліктер тілейміз. Айтар ойларыңызбен жазар дүниелеріңіз таусылмасын. Демалысыңыздың жақсы өтуіне тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Ардақ Серік

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер