– Ұлдана ханым! Сұхбатқа уақыт тауып, келіскеніңіз үшін көп рақмет! Жақында «Қоқыстан табылған миллионер қыз» атты кітабыңыздың тұсаукесері болып өтті. Шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы, бұл кітап өмірге қалай келді және оны шығарудағы мақсатыңыз не? Осы жайлы айта кетсеңіз.
– Негізі мен екі адамның өмірін сүремін десем,сенесіз бе? Иә, осы уақытқа дейін екі адамның өмірін сүріп келдім. Мысалы, өткенім мына сіздей – Ардақ та, ал қазіргім – Ұлдана.
– Сонда қалай?
– Қызығы осында болып тұр. Кітапты жазудағы мақсатым сол. Яғни шынайы келбетімді көрсетіп, шарттылықтардан еркіндік, бостандық алу. Образды түрде айтар болсам, «көп адамды алдадым, тіпті әкемді өлтірдім». Ал менің қолымнан «қаза тапқандар» тізімі ұзақ. Пәлсафа дерсіз. Бірақ, қоғам ағымымен кеткен көптің бірі болып өмір сүруден шаршадым. Барлығын жасырудан жалықтым. Міне, сол үшін кітап жазылып, өз перзентімдей болып жарық дүние есігін ашты. Бар өмірімді жария етіп, шын өмірдегі Ұлдана кім екенін айтуды міндет санадым. Сол арқылы азаптан құтылып, шынайы Ұлдана болып өмір сүру мұратым еді. Ал менің жүректен шыққан бар шындығым кітабымда ашылған.
– Жақсы. Кітапты толық оқып болғаннан кейін, мынадай ой келді. Әрине, өміріңізде қаншама қиыншылықтардың орын алғаны түсінікті болды. Дегенмен, кітап жазып, бәрін шулататындай қазақтың мүддесі үшін Ұлдана не істеді? Қазір екінің бірінің өз проблемасы бар. Кім қиналмай жүр?
– Дұрыс айтасыз. Орынды сұрақ. Ескере кететін бір жайт бар. Бұл кітапты қазаққа бірдеңе берейін деп емес, тек өзіме еркіндік алу үшін жаздым. Өйткені менің басқа таңдауым болмады. Осы уақытқа дейін қаншама сөздер естідім, білесіз бе? «Ой, ол бұзылған, әкесі бай, ағалары ұстап тұрған шығар» және тағысын тағы. Міне, маған осындай керітартпа пікірлер айтылатын. Өз кезегінде, бұл жалған. Кітапта «СӨЗ» деген арнайы бөлім бар. Сол жерде сөздің құдіреттілігі, аузымыздан шыққан сөздің өмірімізге қаншалықты әсер ететіні фактімен дәлелденген. Сол үшін адамдар негатив айтпаса екен деймін. Тек болған оқиғаны жақсылыққа жорып, өткеннен сабақ алса. Тағы ағымнан жарылайыншы, қаншама жанды алдадым. Егер мен шығып Ұлданамын дейтін болсам, ешкім сенбейтін еді. Міне, осыдан құтылу үшін, менде кітап жазудан басқа амал болмады.
– Бір жылдың ішінде 14 елде болып келген екенсіз? Бұның барлығы қалай басталды?
– Менің Іңкәр есімде құрбым бар. Ол Еуропаға барғанды қатты армандайтын. Қалтада бір тиын болмаса да, ел аралап, жер көру, саяхатқа деген махаббаты ұрып тұр. Мұның өзі ұзақ бір әңгіме. Кітапты оқығандар болса, бірден түсінеді. Сонымен не керек, тәуекелге барып, әуелі Еуропаға аттандық. Әрине, бірден ой келіп, сол сәтте алып ұшып жөнеген жоқпыз. Бұл сапардың өзінің де қиыншылықтары болды. Басында құжаттарымыз дұрыс болмай, виза берілмеді. Бірақ нәтижесінде мен Алматыда қолым жетпей жүрген асыл межемнің бірі – өз пәтерімді алдым. Қысқаша айтқанда жастық шақ ұйқыға арналмаған.
– Сонымен Еуропа кейінге қалды ма?
– Жоқ. Біз Еуропаға да бардық. Сонымен, саяхатымыз басталып кетті. Бірде Италияда жүргенімде «You should be here» деген жазулары бар саяхатшыларды көріп қалдым. Қызығушылық танытып, бірден толықтай ақпарат білуге кірістім. Ақыр аяғында «worldventures» әлемдік жобасы аясында Dream Trip-тан бір-ақ шықтым. Яғни саяхаттау ортасы. Dream Trip – әлемнің бар сұлулығын көруге мүмкіндік беретін жалғыз жоба. Қазір Dream Trip-та жұмыс жасап, өз командамның лидерімін. Жұмыс жасағаныма көп болмаса да, тынымсыз еңбектің арқасында 14 елді аралап үлгердім. Сондай-ақ, 150 адамнан құралған командамыз бар.
– Жақсы мүмкіндіктер екен. Жалпы алғашқы миллионды қанша жасыңызда таптыңыз?
– Алғашқы миллионды 17 жасымда таптым. 19-20 жасымда бес, он миллиондап қолыма ұстап жүретінмін. Бизнесте ақша саны алты нөлге жеткен кезде сатқындық та, көре алмаушылық та болады. Сол кезде кімнің кім екені білінетін болады. Алайда, ең бастысы, бұл емес. Ол өзіңе берілген сынақтан құлап қалмай аман шығу. Меніңше, ең керегі осы. Өкінішке қарай, бізде көбісі сынаққа шыдамай, жарты жолдан кері қайтады.
– Жарайсыз! Шыңдала беріңіз. Көзқарасыңыз әбден піскен екен. Ендеше, тағы бір ұшқырлау сұрақ: сіз үшін арман деген не және түпкі мұратыңыз?
– Негізі мені достарымның көбі «қияли» дейді. Бір нәрсе айтсам: «Ұлдана сен нағыз қиялисың. Үнемі мүмкін емес нәрсені айтасында жүресің» деп күлетін. Мен оларға ренжімейтінмін, керісінше, қуанатынмын. Алматыға студет болып келген кезімде достарыма айтатынмын: «Көресіңдер, ертең бес жылдан кейін менің кітабым шығады» деп. Сөздің құдіреті. Тура бес жылдан кейін кітап жазылып шықты. Одан кейін армандаған үйімді, көлігімді де солай айтатынмын. Бұның барлығы орындалды. Күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердің жемісі. Ендігі менің арманым – Dream Trips-ті дамыту. Алдағы өмірімді саяхатқа арнап және саяхаттаудан рекорд жаңартып, Гиннес рекордтар кітабына ену. Әрбір қазаққа саяхаттауды нәсіп етіп, соның қызығы мен рахатын түсіндіре білсем деймін. Саяхаттың беретінін ешбір жер, оқу орны, орта бере алмайды. Ал мен үшін арман деген – мүмкін еместі мүмкін қылуға мүмкіндік беретін дүние. Иә, көбіміз армандаймыз , бірақ оның киесін түсінбей жатамыз. Өкініштісі, осы. Менің осы күнге қандай еңбекпен жеткенімді – мен және бір Алла біледі. Сол үшінде сөзбен жеткізіп беру мүмкін емес.