Сәбеңнің хаттары – уақыт шежіресі - Ә.Қайырбеков
13.07.2018, 12:47

Сәбеңнің хаттары – уақыт шежіресі - Ә.Қайырбеков

Әділғазы Қайырбеков, 
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі:

Қазақ әдебиеті тағы бір құнды еңбекпен толықты. Жақында ұлт әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың қаламгерлермен, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары топтама болып жарық көрді. Аталған еңбек – С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйіне 40 жыл толуына орай музей қызметкерлерінің тартқан сыйы. Оқырманға жол тартқан сырға толы хаттар «Ақниет» корпоративтік қорының қолдауымен, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Абдуллаевтың тікелей қол ұшын созуының арқасында іске асты. 
Осы орайда кітаптың құрастырушысы әрі жауапты редакторы, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбековпен аз-кем әңгімелескен едік.

– «Мұқановтың хатханасын» шығару идеясы қалай туды?
– 1965 жылы Сәбит Мұқанов өзінің аға досы, башқұрт жазушысы Сәйфи Құдашқа жазған хатында «Хаттарымның жинағын шығарсам деген арманым бар. Сенен алған хаттарымның өзі, қазақша айтқанда, қоржынымның екі басын толтырады» дейді. Міне, Сәбеңнің сол 1965 жылғы арманы 53 жылдан кейін орындалып отыр.
Сәбең өзі жазған хаттардың көшір­месін және келген хаттарды сақтап, көзі тірісінде Орталық мемлекеттік архивке тапсырған. Оны арнайы үйіне келіп, Камаз-ға тиеп алып кетеді де, алты айдан кейін архив қызметкерлері «Хаттарыңызды реттеп, жүйеге түсіріп қойдық, келіп қараңыз» деп хабарласады. Барып қараса сол кездегі дерек 141 том болды дейді, бәлкім ол кезде 141 папка болуы да мүмкін. Қазіргі кезде Сәбеңнің хаттары мемлекеттік архивтің 1634-қорында сақтаулы.
– Қазақ жазушыларының ішінде ең көп хат жазған, көп хат алған, эпистолярлық мұрасы бай жазушының хаттары қалай екшелді? Іріктеу кезінде қандай мәселелер назарға алынды?
– Хаттар мазмұнына қарай іріктелді. Кітапқа енген хаттарды сол эпистолярлық мол қазынаның сұрыпталған бір бөлігі ғана деп қабылдау лазым. Халық жазушысының хаттары және оған жеткен хаттар алғаш рет хронологиялық тәртіппен, қазақ және орыс тілдерінде жазылған қалпы сақталып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Бұл хаттарда жылдардың бояу-бедері, уақыт табының іздері, қоғамдық-саяси өмірдің тынысы, жеке тұлғаның қалыптасу, есею кезеңдерінің суреттері сақталған.

Сәбеңнің 1924 жылдан бас­тап 1973 жылғы, өзі дүниеден оз­ғанға дейінгі аралықтағы хаттарын іріктеп, сұрыптап алдық. Ол хаттың бәрін беру мүмкін емес. Мысалы, бір ғана «Ботагөз» романына келген хаттардың өзі ұшан-теңіз. Сол сияқты А.Толстой, М.Шолохов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Д.Нұрпейісова, М.Әуезов, І.Жансүгіров, И.Сталин, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, К.Симонов, А.Фадеев, Н.Тихонов, С.Құдаш, І.Омаров, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, М.Ғабдуллин, Ж.Молдағалиев және т.б. көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік және қазақ­стандық ғалымдар, ақын-жазу­шылар, баспагерлер, БАҚ бас­шылары, мәдениет және өнер қай­раткерлері, жерлестері, туыстары, әртүрлі мамандық иелері көптеп кездеседі. Оның ішінде кейбіреуі тағдырлы хаттар, оны енді бірі білсе, бірі білмейді. Мәселен, Қызылжар, Петропавл қаласының тұрғындарына хат жазған. Осы хаттағы: «…Абылай орыс пат­шалығымен дипломатиялық қарым-қатынас жасап отырды. Қысқы театр ғимаратының жанында, одан солтүстікке қарай, қала­дағы ең көне екі қабатты үй тұр, оны қазақтар «Абылайдың ақ үйі» деп атаған» деп, «тайға таңба бас­қандай» жазып қалдырғаны кейінгі өлкетанушыларға, тарихымызды жаңғыртушыларға көп көмектесті. «Бұл жерде бекіністен басқа ештеңе болмаған» деп бұра тартатындардың көмейіне құм құйылды. Бұрынғы Қызылжар қыратының үстінде «Абылайдың ақ үйі» музейі орналасқан. Алдында Абылай ханның ескерткіші бар. Қазақстанның солтүстігінде рухымызды жаңғыртып тұрған қасиетті ғимарат.
Болмаса бір адамнан бірнеше мәрте хат алған. Мәселен, Д.Қо­наев­қа бірнеше хат жазған. Со­ның ішінде бір хаты Кенен Әзір­баевтың 70 жылдығына байла­­нысты жазылыпты. Онда К.Әзірбаев­тың Отар стансасында тұрып жатқанын, денсаулығының нашарлығын айтып, Қордайдан үй салып беруді, Совминнің емханасына тіркетіп, кітабын шығарып, 70 жыл­дығын жарқыратып өткізуді тілге тиек етеді. Осы ұсыныстың бар­лығы жүзеге асады. Қордайда тұрған Кененнің музейі тікелей Сәбеңнің ықпалымен, Қонаевқа жазған хатының нәтижесі екенін К.Әзірбаевтың ұрпақтары өз естелік сұхбат­тарында аузынан тастамай айтып жүреді.
Жалпы, Сәбеңнің қамқор­лы­ғын, көмегін, шапағатын көрген­дер өте көп. Көптеген хаттарды оқып отырғанда бұған анық көз жеткізесіз. Көбінесе әдебиеттің, көркем шығарманың тағдыры сөз болады. Жас қаламгерлер­ге ақыл-кеңесін аямаған ұстаз тұлғасы да осы хаттар арқылы төбе көрсетіп қалады. Бір хатында жазушы Кәмен Оразалиннің «Қасиет» атты повесінің жақсы жақтарына, кемшін тұстарына тоқталып, егжей-тегжейлі талдайды. Қаламгерге шығармада үлкен-кіші деген кейіпкер болмайтынын, кейіпкердің әрқайсысының өз орны барын айтып, өзге де бірқатар мәселелерді тілге тиек етеді.
– Сіздіңше, қажырлы еңбектің, сырға толы хаттардың құндылығы неде?
– Ең басты құндылығы ғылыми айналымға түсетіндігінде. Осы уақытқа дейін бірен-саран ғана хаттары жарияланып, С.Мұқановтың хаттарына көп көңіл бөлінбей келген еді. Бұл еңбектің тақырыбының өзі ғылыми айналымға түсетініне сенім мол. Бұған арнайы ғылыми жұмыстар жазылуы мүмкін. Зерттеушілерге өте қажет, ішінде көп деректер жатыр. Сондықтан да бұл ертеңгі күні жұрт іздейтін еңбекке айналары сөзсіз. Бұған С.Мұқановтың «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Жарық жұлдыз», «Қазақ қауымы» сынды зерттеу еңбектері де араға жылдар салып қайта жарық көріп, қазір ғылыми айналымға түсіп жатқаны дәлел.
Міне, «Жол таптым бар қазақ­тың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне!» деп өзі жазғандай, бұл хаттардың да тарихтан өз орнын аларына кәміл сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Бағдагүл Балаубаева

Дереккөз: "Ана тілі" газеті

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер