Құралбек Ордабаев: «Астана» - қазақ футболының айнасы
26.02.2018ж.

Құралбек Ордабаев: «Астана» - қазақ футболының айнасы

Құралбек Ордабаев: «Астана» - қазақ футболының айнасы livesport.ru

Елордалық «Астана» биылғы жылы да жоғары жетістіктерге жетті. Қазақстандық командалардың арасында алғаш болып Еуропа Лигасының топтық кезеңінен ары өтіп 1/16 финалда өнер көрсетті.

Қарымта ойында футбол жанкүйерлері «Астана» жеңіледі деп ойлаған. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша болды. Елордалық ұжым Португалия жерінде «Спортингке» тойтарыс беріп қана қоймай, әбден састырды.

«Астананың» еурокубоктағы нәтижесі, жіберген қателіктері және өзге де футбол төңірегінде болып жатқан өзгерістер жайында футбол маманының пікірін білген едік. «Қайрат» клубының ардагері, даңқты қақпашы Құралбек Ордабаев Prosports.kz сайтына сұхбат берді.

- «Астананың» «Спортингке» қарсы екінші ойынына қатысты пікіріңіз қандай? Көңіліңізден шықты ма?

- Астанада өткен алғашқы матчтан кейін жанкүйерлердің көңілдері су сепкендей басылып қалды. Бірақ кешегі «Астананың» көрсеткен ойынынан соң Қазақстан жанкүйерлеріне жан бітіп, болашағымыз әлі алда дегендей үміт отын маздатты. Ойын керемет болған. Қос команда қорғаныста жатып алмай, ашық ойнап, гол соғуға тырысты. Португалиялық футболшылар қарсыластарына қарағанда шебер әрі тәжірбиелі болғанымен біздің жігіттер тойтарыс бере алды. «Астананың» ойыншылары алғашқы матчтан кейін психологиялық кедергіден өтіп, жігерленіп, Португалияның табиғи алаңында жақсы өнер көрсетті. Мүмкін Португалиядағы кездесуді көптеген скауттардың тамашалайтыны ойыншыларға қосымша күш берген шығар. Егер алғашқы матч Португалия жерінде өтіп, қарымта кездесу бізде болғанда «Астананың» келесі кезеңге өтерініне күмән болмайтын еді. Еуропаның белді клубтарының бірімен теңдей ойнаған «Астанаға» өз басым жоғары баға бермін. 

- Алғашқы ойында жақсы нәтиже үшін не жетпеді?

- Бірінші ойында жігіттер алаңға қобалжып шықты. Қарсыласының атынан сескенді ғой деймін. Бір доп айырмасымен ұтып тұрған кезде біздің қорғаушы қарсыласының қолынан ұстап, 11 метрлік айыпдобын алып берді. Ал одан кейін жасанды алаңға бой үйреткеннен соң португалиялықтар нағыз еуропалық деңгейдегі ойынын көрсетіп, жеңісті жұлып әкетті.

- Жалпы осы маусымдағы Астананың көрсеткен нәтижесіне пікіріңіз қандай?

- «Астананың» соңғы екі ойынан соң Қазақстан футболының болашағы жарқын болатынына сенем. Еуропа Лигасында топтан шығып, тарихта атын алтын әріптермен жазды. Бүгінгі күні «Астана» мен «Қайрат» - Қазақстан футболының айнасы.

- Келер жылы чемпион командадан дәл осындай нәтиже күтуге бола ма?

- Алдымен биылғы маусым басталсын. Кімнің қай орын алатынын қазір ешкім болжап айта алмайды. Біріншіліктің ортаңқол командалары маусымаралық үзілісте жақсы жұмыс істеп, қатарларын мықты ойыншылармен толықтырды. Чемпионаттағы кез келген команда чемпион болуды армандайды. Сол себепті биылғы маусымда ерекше қызық болатын секілді.

 

- Қазақстан футбол федерациясында тағы да өзгерістер болды. Бұл жолы президенттікке жанкүйерлерге жақсы таныс Әділбек Жақсыбеков келді.

- Қазақстан футбол федерациясының ұстанған саясаты дұрыс. Үш жылдық үзілістен соң Әділбек Жақсыбеков қайта оралды. Осы уақыт аралығында ол Қазақстан футболынан сырттай бақылап жүрді. Жалғыз «Астана» мен «Қайраттың» болашағы бар деп айтуға болмайды. Ұлттық құрама да дамып келеді.

- Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкерінің есімі әлі аталған жоқ...

- Ұлттық құраманың тізгінін кім ұстайтыны әзірге белгісіз. Бұл жайында көп сыбыстар шығып жатыр. Кейбір алып-қашпа әңгімелер Стоиловқа федерация тарапынан ұсыныс түсті дейді. Жалпы болгариялық маман біздің футболдан жақсы хабардар. Ішкі жағдайымен таныс, әрбір футболшының мүмкіндігін біледі. Оның үстіне орысша сөйлей алады. Дегенмен Ұлттық құрамада жұмыс істеу қиын. Себебі еліміздің бас командасына футболшыларды шертіп-шертіп таңдап аласың. Барлық ойыншылар бірдей емес. Арасындағы менмендігі бар футболшылар болары анық. Өркөкіректер кездеседі. Осылардың бәрін бір ұжым етіп ұйымдастыратын абыройлы бапкер қажет. Стоиловты қатты мақтап жібердік. Қазақстан футболы Станимир Стойловсыз күн көре алмайтындай. Сәл күту керек. Қай елдің бапкері болмасын оның көмекшісі ретінде жергілікті маманды қою керек. Ол оқиды, тоқиды, үйренеді. Сөйтіп болашақта дайын бапкер болып шыға келеді.

- Спорт және Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы легионерлерге тыйым салу туралы заңды қарастырып жатырмыз деді. Бұған қалай қарайсыз?

- Қазір алаңға бес легионерге дейін ойнауға рұқсат. Бұл ең ыңғайлы нұсқа. Жергілікті футболшыларға соларға қарап бой түзейді. Жоғары деңгейлі  легионерлермен бір командада ойнап дами түседі. Бірақ көңілге кірбің түсіретін бір жайт бар. «Қайрат» пен «Астанадан» басқалары жасы келіп қалған легионерлерді қатарына қосуда. Мысалы, «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» секілді командалар. Ақша бөлгеннен соң болашағы бар, келешекте оларды сатып, пайда түсіретіндей» жас футболшыларды неге алмасқа?

Айбар Рысдаулет

Журналист

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер