Аста­на­дағы қоғамдық ұйымдар айрықша бел­сенді қызметімен көзге түсті - Нұрмұхамед Байғара
18.01.2018, 12:00

Аста­на­дағы қоғамдық ұйымдар айрықша бел­сенді қызметімен көзге түсті - Нұрмұхамед Байғара

Елімізде  19 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Әу баста, қоғамның қалтарыс-бұлтарысындағы  түрлі мәселелерді шешуге көмек  болмаққа бекінген бұл ұйымдардың біразы қазір   жұмыс істеп тұрған жоқ.  Қағазда бар, іс жүзінде жоқ. Бірақ  әлеуметтік  мәселелерді шешуге атсалысып, барынша табысты  қызмет көрсетіп келе жатқан  қоғамдық  ұйымдар да аз емес.

Солардың  еңбегінің нәтижесінде,  мүгедектердің құқы қорғалып,  сырқат балалар дертіне шипа табуда,  шалыс басқан азаматтарды   қоғамға бейімделіп,  диструктивті  діни ағымдарға  ілесіп кеткендер «қайта үйірін тауып» жатыр. Яғни, үкіметтік емес ұйымдар азды-көпті қызмет жасап келеді. Өткен жылдан бері осындай ұйымдарға мемлекет тарапынан қаржы  бөлудің формасы өзгерген. Қазір оларға  мемлекет тарапынан арнайы грант бөлінеді.  Осы гранттарды бөлуді ұйымдастыратын «Азаматтық  бастамаларды қолдау орталығы»  КЕАҚ деген мекеме де құрылған.  Яғни, азаматтық секторды дамыту жаңа бағытпен дамып келеді. Біз осы орталықтың департамент  директоры, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғарамен тілдесіп,  «үшінші сектор», грант бөлу,  біздің кейбір мінездеріміз жайлы пікірін білген едік. 

– «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысын бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осы орталық үкі­меттік емес ұйымдардың, жалпы аза­маттық сектордың дамуына қаншалықты ық­пал ете алды? Өткен жылды қалай қоры­тын­дыла­ды­ңыздар?
– Рас, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ құрылып, жұмыс істей бастағанына бір жарым жыл уақыт қана өтті. Былтыр алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік гранттар бай­қауы жарияланып, азаматтық сек­тор­дың осынау институттарын гранттық негізде қаржыландыру басталды. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Атап айтқанда, 2017 жылы біздің орталық 11 бағыт бойынша
57 грант бөлді. Бұл гранттар үшін 618 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Аталған гранттарды жеңіп алған үкіметтік емес ұйымдар түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды. Мысал ретінде айтсақ, түрмеде жазасын өтеп келген азаматтарды қоғамға бейімдеу, түрлі сырт­қат­қа шалдыққан «ерекше балалар­мен» жұмыс, әйелдердің құқын қорғау, отба­сын­дағы зорлық-зомбылық көрген әйел­дер­ге қолдау, бірнеше сараптамалық зерт­теу жұмыстары тәрізді көптеген қызметтер атқарды. Жалпы, жоғарыда атап өткен
57 грантты 49 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырды. Бұл гранттарды ұтып алу үшін 500-ден астам өтініш беріпті.
Үкіметтік емес ұйымдар үшін мем­ле­кеттік грант бөлу бастамасы азаматтық секторды дамыту бағытында қолға алынды. Нақты айтсақ, ҮЕҰ-дың қызмет сапасын арттыру, бұрынғы үлгідегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істеу­ге балама ретінде жоспарланды. Жыл­д­ы қорытындылай келгенде мемле­кет­тік грант бөлу әдісі тиімді екендігін байқау қиын емес. Себебі, демпинг жоқ. Оған аза­маттық сектор өкілдерінің де көзі жеткен тәрізді.
– ҮЕҰ-ға бөлінген гранттарды игеруге бір-ақ жыл беріледі екен. Бұл тым қысқамер­зім емес пе? Республикалық бюджет те үш жылға қарастырылады, ғылыми жоба­лар­ға бөлінетін қаржы да үш жылға есеп­те­леді. ҮЕҰ бір жылда не тындыра қояды?
– Рас, мемлекеттік гранттар бір жылға беріліп жатыр. Әрине, оның мерзімін ұзарту мәселесін назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бірақ бұл бағытта бірқатар зерттеу жасадық. Содан түйгеніміз – көптеген елдерде, соның ішінде ТМД елдерінде ҮЕҰ-ға берілетін қаржы көбіне бір жылға есептеледі екен. Яғни, мемле­кет­тің әлеуметтік тапсырыстары бір жылға ғана арналады. Көрші Ресейде және басқа да бірқатар елде солай. Екі-үш жылға қаржы бөлетіндер – көбіне халықаралық ұйымдар. Біздің елде жұмыс істеп жүрген көптеген халықаралық ұйымдар да қаржыны солай бөліп келеді. Әрине, мемлекет әлеуметтік тапсырыстар үшін қаржыны екі-үш жылға есептеп бөлетін болса, нәтиже басқа болар ма еді?! Ондай жағдайда, бір жағы үкіметтік емес ұйым белгілі бір жобаны жүзеге асыруда жүйелі түрде, байыппен жұмыс істеген болар еді. Дегенмен екінші жағы, олардың ресурс­тары үш жылдық ірі жобаға жете ме? Бізде ҮЕҰ мемлекеттік гранттарды иеленген соң тапсырысты бір жылдың ішінде орындап шығуы керек. Бірақ кейбір мәселелер бір жылда шешілмеуі де мүмкін. Осыны еске­ріп, «Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лығы» КЕАҚ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне гранттар мерзімін ұзартуға байланысты ұсыныспен шықты. Қателеспесем, 2018 жылы ҮЕҰ үшін қарастырылған гранттар ішінде бірнеше грант үш жылға есептеліп жасалды. Сөз жоқ, бұл жобалар жүзеге асырылған соң нәти­жесіне байланысты аталған әдістің тиімділігіне баға беріледі. Әзірге асығудың қажеті жоқ.
– ҮЕҰ жөнінде сөз еткенде олардың қай өңірде белсенді әрекет жасайтынына тоқталмай кетуге болмас. Көбіне Астана мен Алматыдағы ұйымдар белсенді деген түсінік бар. Осы рас па?
– Егер 2017 жылдың нәтижелеріне көз салсақ, расында, Астана мен Алматыда тіркелген ҮЕҰ-дың белсенді қызмет жасағанын байқаймыз. Әсіресе, Аста­на­дағы қоғамдық ұйымдар айрықша бел­сенді қызметімен көзге түсті. Біз ресей­лік үкі­мет­тік емес ұйымдардың қыз­метін зерттедік, оларда да Мәскеу мен Санкт-Петерборда орналасқан ұйымдар көзге бірден түсіп жүр. Тіпті кейбір аймақтардан ҮЕҰ-ға арналған грант байқауына бірде-бір өтініш түспеген. Бізге келер болсақ, жалпылама баға беруге болмайды. Былтыр өтініштердің 47 пайызы аймақ­тар­дан түскен. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, еліміздің Батыс аймақ­та­рын­да ҮЕҰ-дың ісі жақсы қызмет көрсетіп келеді. Өйткені олар өңірдегі ірі халықара­лық, трансұлттық компа­ния­лармен тығыз байланыста ҮЕҰ-мен жұмыс істеп жүр. Сонау 90-жыл­дардан бері азаматтық секторда қызмет істеп келе жатқан ұйымдар бар. Кейінірек ашыл­са да, бел­сен­ді­лігі жоға­ры ұйым­дар да жетер­лік. Айталық, «Зубр», «Женский луч», «Жастар үні», «Кеңес», «Асыл бала» тәрізді қоғамдық бірлестіктер. Одан бөлек «Азаматтық альянс» бар. Оның барлық облыста бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Әрі бірқатар ха­лықаралық ұйым­дар өз қыз­ме­тін аймақ­тарға бағыт­тағаннан кейін, өңір­лік ұйым­­д­ар­дың қара­сы да, сапасы да арт­­ты. Өйткені ха­­лық­аралық ұйым­­дар қазір кө­бі­не аймақтардағы ҮЕҰ-мен әріп­тес болғанды құп көре бастаған. Себе­бі, қоғамға қандай да бір оң өзгеріс жаса­ғысы келсе, оны облыстардан бас­та­ғы­сы келеді. Олар облыстарда бөлімшелер аша алмайды, сондықтан жергілікті ұйымдардың қызме­тіне мұқтаж. Демек, олармен серік­тес болып отырған қоғамдық бірлестік­тер­дің жұмысын жоққа шығаруға болмайды.
– Үкіметтік емес ұйымдардың ешкімге жал­тақ­тамай күн көретін кезі жеткен жоқ па осы?
– Былтыр күзде Атырауда тұңғыш рет «Асар» форумы өткен болатын. Фору­м­ның мақсаты – түрлі әлеуметтік мәсе­ле­лер­ді шешу үшін мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін арттыру еді. Сол форумда ҮЕҰ-дың мемлекет пен бизнеске алақан жая беретін дәуірінің өткені айтылды. Яғни, бұл – қоғамдық бірлестіктер дамудың тағы бір сатысына көтерілуі керек деген сөз. Жалпы, ҮЕҰ-дың өз бетінше күн көруі маңызды екендігін өзгелер де түсіне бастаған тәрізді.
Былтыр күзде Қазақстанға ресейлік актер Константин Хабенский келген бола­тын. Ол соңғы жылдары қайырым­ды­лық шараларымен айналысып жүр. Жеке қайы­ры­м­дылық қоры бар. Хабенский сол кезде: «Қайырымдылық саласы болса да, біз үне­мі қол жая алмаймыз, өзіміз де қаржы табуы­мыз қажет», – деген еді. Сол айтқандай, Қазақстанда да түрлі бағыт­тар­да жұмыс істейтін ҮЕҰ қаржыны мем­ле­кет пен бизнестен күтіп отыра бермеулері керек. Олар енді қашанғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе грант күтіп отыр­мақ? Демек, ҮЕҰ да өз бетінше қар­жы табуы керек. Міне, осы тұста әлеу­мет­тік кәсіп­кер­лік ісі алға шығады.
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айна­лысатындар аз. Дегенмен бар. Атап айтсақ, Астанадағы Эмин Әскеровтың өзі біраз жанға үлгі. Ол ашқан цехта 15 қыз­мет­кер болса, олардың 12-сі мүмкіндігі шектеулі азамат. Одан бөлек «Асар» фору­мы кезінде оралдық Геннадий Франкпен жолықтық. Ол балалар үйінде өсіпті. Ержеткен соң кәсіп бастап, бірнеше цех ашқан. Оған тек өзі сияқты балалар үйінің тәрбие­ле­ну­ші­ле­рін жұмысқа алып­ты. Әлеуметтік кәсіп­керлікпен айна­лы­сатындар біреудің көме­гін күтпейді. Тек бизнес серіктес ретінде кәсіпкерлердің тапсырыс бергенін ғана қалайды. Олар қазір екі мәселені шешіп жатыр. Біріншіден, кәсіпкерлікті дамытса, екіншіден әлеуметтік әлсіз топтарға жәр­дем жасап, жұмыс тауып беріп отыр.
– «Үшінші сектор», азаматтық қоғам дегенде тек ҮЕҰ-ды ғана қарастыратын сияқтымыз. Азаматтық қоғамның өзге инсти­туттары қалай дамып жатыр бізде?
– Азаматтық қоғам деген – кең ұғым. Ол тек үкіметтік емес ұйымдардан құрал­майды. Партиялар, кәсіподақтар, қауым­дас­тықтар, тіпті әлеуметтік желілер­дің қарқынды дамуына байланысты пайда болған топтар да, волонтерлер де кіреді. Тәуелсіз масс-медиа да, тіпті отбасы да – азаматтық қоғам институттары қатарда. Себебі, әдетте отбасында қоғам мен жеке мүдде тоғысып жататыны бар. Азаматтық қоғам қалыптаспай, құқықтық мемлекет те құру мүмкін емес. Демек, азаматтық қоғам институттарының кез келгенінің дамығаны жақсы. Өкінішке қарай, біздің танымда азаматтық қоғам ретінде көп жағдайда үкіметтік емес ұйымдарды ғана атап жатады. Дегенмен азаматтық қоға­м­ның ең негізгі қозғаушы күші адам екенін ұмытпау керек. Азаматтардың өз жауап­кер­ші­лігін сезінуі маңызды бұл күнде. Мем­ле­кеттің қолына қарап телміруге бол­май­ды. Азаматтар өздері белсенділік танытып, бастама көтеріп, талап етіп, ұсынып, нақты әрекет жасаса, бұл азаматтық қоғам үшін маңызды процесс болады. Сонда ғана азаматтық қоғам институттары қажетті дең­гейде жұмыс істей бастайды. Себебі, мем­лекеттік аппарат өз табиғаты бойынша өзгеріске баяу келеді. Оны саяси ғылым бұрын-ақ дәлелдеген.
Азаматтық қоғам тек белгілі бір ұйым­мен шектелмейді, ол күнделікті әр адамның белсенділігіне де байланысты. Мәселен, жуырда ғана Астанада қатты боран соқты. Қаланың коммуналдық қызметі көшелерді тазалауға мұршасы жетпей жатты. Бірақ көптеген аула сірескен қарға толып қалды. Көлік те кіре алмайды. Осындайда көршілермен ұйымдаса кетіп, күрегімен өздері үшін аула тазалап кеткен азамат көп болды ма? Әй, қайдам. Өзгенің емес, өзінің ауласы. Яғни, бар міндетті, жауапкершілікті Үкіметке, әкімдікке артып, оны сынай беретін уақыт өтіп барады. Алда әр азамат жауапкершілік алатын уақыт келе жатыр. Өз отбасың, аулаң, ауылың, ортаң, қалаң, қоғамың, елің үшін жауапкершілік. Азамат бір дүниеге жауапкершілік алғанда ғана оған жаны ашиды, оның түзу дамуына мүдделі болады. Жоғарыда аталған инс­ти­тут­тар – осы процесті, механизмді тек ұйымдастырушылар. Негізгі салмақ – бәрібір әр азаматтың мойнында. Қазіргі қоғамымыз жиырма беске келген, қолында екі дипломы бар, бірақ әл күнге дейін әке-шешесіне жалтақтайтын жігітке ұқсайды. Ол ата-анасынан үнемі көмек күтеді. Біз де сондаймыз. Масылдық бар.
Мәселен, Ұлыбританияның 51 пайыз халқы жыл­ына бір рет волонтерлықпен айна­лы­са­ды екен. Осылардың 25 пайызы айына бір рет ерікті болады. Әрі азаматтардың неғұрлым табысы өскен сайын, қоғамда соғұрлым өзгеге тегін көмектесу деген көрсеткіш арта берген. Иә, мұның бәрі – құндылық деңгейіндегі өзгерістер. Аза­мат­тық қоғам да осындай құқық, еркіндік, тең­­дік, өзгеге көмек, қуанышты да, қиын­дық­ты да ортақтасу деген құндылықтарға негіз­делген.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер