Мектебімізде теңдесі жоқ «Эко көлік» жобасы жасалды – Астаналық №58 мектеп – гимназия директоры С.Нугуманова
11.12.2017, 09:31

Мектебімізде теңдесі жоқ «Эко көлік» жобасы жасалды – Астаналық №58 мектеп – гимназия директоры С.Нугуманова

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы тілшісінің елордалық №58 мектепгимназия директоры Самал Нугумановамен сұхбаты

- Құрметті Самал Ботаханқызы, әңгімемізді өзіңіз туралы айтудан бастасаңыз. Туған жеріңіз, өскен ортаңыз, білім мен өмірлік жолыңызға қарап ой түйе берейік...

- Мен  Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туып, балалық  шағым сол жерде өтті. Сол жердегі мектепті аяқтағаннан кейін, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1997 жылы институтты,  2005 жылы аспирантураның күндізгі бөлімін   бітірдім. Осы аталған оқу орнында математика және физика кафедрасында оқытушы болып еңбек жолын бастадым. 2009-2010 жылдар – РИПКСО-да кафедра меңгерушісі, 2011-2012 жылдары ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ұлттық  орталығында  хатшы, 2012-2013 жылдар Республикалық  «Өрлеу» БАҰО АҚ  Оқу әдістемелік жұмысы  бойынша директордың орынбасары қызметтерін атқардым.  2015 жылы  – Астана қаласы Білім басқармасында  әдіскер, ал 2015 жылдан – Астана қаласы №58 мектеп-гимназиясында   директор болып тағайындалдым.

- Мектеп директоры деген оңай қызмет емес. Бұған жету үшін де адамның табысқа деген ұмтылысы болуы керек. Өз жетістігіңіздің сыры неде деп ойлайсыз?

- Жас кезімнен-ақ оқу оқып жүргенде де, кейін еңбек жолына түскен соң да мені «Кез-келген адамның еңбекте табысты болуы неге байланысты? Айналадағы адамдарға, өзім оқытып жүрген балаларға қалай қызықты бола аламын?» деген сұрақтар ойландыратын. Сол кезден бойымда қалыптасқан бір әдет бар. Қандай іспен айналыссам да, не десем де, тіпті, күнделікті жүріс-тұрысым мен қимыл-әрекетімді де сырттан өзім бақылап, зерделеймін. Адамда екеу емес, үш көз бар-ау деген ойға келемін. Соңғысын «жүректің көзі» деп те айтуға болады. Жүректе көзі бар адам: «мен кіммін?, қандаймын?, неліктен солай істеуім керек?» деп ойланады. Осылай өзіме сыншы болып үйрендім.

- Сіздің кәсібіңіздің адамдарының типажы қандай? Өзіңіз сол образдың аясына сыйамын деп ойлайсыз ба?

- Қысқаша айтайын: Меніңше, менің кәсібімдегі адамдар ең алдымен танымал болу керек. Біз – қоғамның адамдарымыз, бізді ұнату керек, бізге тартылу керек. Сыртқы бейнеміз бен ішкі жан-дүниеміз адамдарды өзіңе тартуда әрі өзіңді танытуда басты рөл атқаруы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да, біздің типаж – қоғамдық деп батыл айта аламын.

- Сөзіңіз түзу екен. Бұған көзіміз жетті. Ал енді ісіңіздің бірден-бір көрсеткіші – басшылық жасап отырған мектебіңіз жайлы айтсаңыз? Тарихы, даму жолы және бүгінгісінен сыр шертіп өтсеңіз нұр үстіне нұр!

- Қазіргі басшылық жасап отырған №58 мектеп-гимназиясы ҚР президентінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2007 жылы ашылған. Ал 2012 жылдың 7 қыркүйегінен бастап, мектеп «гимназия» дәрежесіне ие болды. Мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағытта жұмыс жасайды. Қазіргі күні мектепте 2 жарым мыңнан астам оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Басшылық жасаған аз уақыттың ішінде мектептің материалдық базасын нығайтуға күш салдым. Жыл сайын мектеп ауласы абаттандырылып, оқу ошағының ішкі және сыртқы келбеті көз тартарлықтай өзгерді. Айталық, биылғы жылы білім мекемесі өзінің 10 жылдық мерей тойын атап өтті. Осы 10 жылда  жеткен жетістіктердің есебі ретінде  «Білім  әлеміндегі 10 жыл: тарих және болашаққа бағдар- атты кітабы жарық көрді.

- Қандай жаңалықтарыңыз бар?

- 2017-2018 оқу жылын мектебіміз жаңашыл идеялармен бастады. Соның ішінде ерекше айтып өтетіні – «Гидропоника» зертханасының ашылуы. Ол Елбасының «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында былтырдан бастап мектеп ауласында жүргізілген тәжірибелік алаңның нәтижелі жұмысы. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған, топырақ орнына қолданылатын заттар, субстратта орналасады. Гидропониканың артықшылығы: бір қалыпты минералдық қоректендіру мүмкіндігі, автоматиканы кеңінен пайдалануға болады, бұл әдіспен өндірілетін көкөніс дақылдары топырақта өсірілетін дақылдарға қарағанда өнімді ертерек береді, жалпы өнімділігі де жоғары болады. Бұл зертханада оқушылар зерттеу жұмысы барысында өсімдіктің құрылысы мен өсу процесінің ерекшелігімен танысып, түрлі жоба жұмыстарын жүргізеді. Әрі жаратылыстану пәні мұғалімдерінің бірлескен жұмысы жақсы жолға қойылады. Химия мұғалімдері – тыңайтқыштардың мөлшерін қадағалайды. Нақты айтар болсақ, физика мұғалімі – бөлменің ылғалдылығын, жарықтың түсуін, құрылғылардың жұмыс істеу механизмін қадағалайды, ал биология мұғалімі өнімдердің өсу процесін қарастырады. Зертхана жұмысын ұйымдастыру, жүргізу биология пән мұғалімдерінің құзырында. Сонымен қатар осы пәндер үш тілділік саясатын қолдау мақсатында ағылшын тілінде қосымша сабақтарда жүргізіледі.

- Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын! Мұның перспективасы қалай?

- Болашақта осы зертхана жұмысының нәтижесінде түрлі республикалық,  халықаралық деңгейдегі жоба жұмыстарына қатысу, мектеп ауласында «Жылы жай»  салу т.б жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта голландиялық ғылыми-практикалық зертханалармен келіссөздер жүргізілуде.

- Биология ғана емес, мектептеріңізге келерде технологияға, оның ішінде, робат жасау үрдісіне баса мән беретіндеріңізді байқағандай болдық. Бұл турасында не дейсіз?

- 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Робототехника» курсын мектебімізде жүргізу жаңа инновациялық жобалардың дүниеге келуіне себеп болды. Бұған дәлел мектебімізде теңдесі жоқ «Эко көлік» жобасы  жасалды. Бұл машина ауа қысымымен жүреді, қарды жинағаннан кейін қатты денені сұйыққа айналдырады, кейін сол сұйық қатты денеге қайта айналып мұз болып шығады. Бұл жұмыстың механизмі, құрылымы дайын. Алдағы уақытта іске қосу үшін қаражатты қажет етіп тұр. Мектебімізде «Робототехника» кабинеті толығымен жабдықталған. Бүгінгі таңда Америкалық елшілігі мен меморандумға отырып, бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Оқушыларымыз «Робототехникадан» әр түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жеңімпаз атануда. Мысалы, Мәскеу қаласында «Казахстан – Россия: наука без границ» атты тақырыпта өткен ІІ халықаралық ғылыми – практикалық конференциядан Әлихан Адамов І орынды иеленді.

- Бәрекелді! Еліміздің әрбір мектебі мұндай заманауи ілгерішіл болса, мемлекетіміздің Жапонияны технологиялық жағынан қуып жетері анық. Дегенмен, ресурс болса да, дұрыс басқарылмаса, текке рәсуа болатыны бар емес пе? Сіздерде басқару жүйесі, жобалық модел жолға қойлыған тәрізді...

- Дұрыс айтасыз. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу аясында, Астана қаласының Білім басқармасының даму бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «мектептегі басқару менеджменті бойынша» жетекші мектеп болып тағайындалдық. Бүгінгі күні жетекші мектептің басқару моделі жасалып, іс-әрекет жоспары іске асырылуда. Сонымен қатар жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды жүргізетін пилоттық жобаға ендік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген құндылықтарды оқушы бойына дарытуды іске асыру үшін мектебімізде «Оқырман оқушыдан-оқырман мектепке»  атты  тәжірибелік алаң екі жыл өз жұмысын жалғастыруда.

- Қысқа да нұсқа болсын. Сонымен, басты мақсатыңыз не? Басшы ретінде нені көздейсіз?

- Мектеп басшысы ретінде алдыма қойған басты мақсатым: нәтижелі білімге қол жеткізуді, басқаруды ұйымдастыруда ынтымақтасқан табысты орта құру.

- Мектебіңіздің басты қозғаушы күші неде деп ойлайсыз?

- Бұл жерде жаңалықашпақ емеспін. Тек ұлылар ұлағатын қайталағым келеді. Қалай десе де, «Мектептің жаны – мұғалім» Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» деп алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы заманында тегін айтпаса керек. Мамандығына берілген тәжірибелі оқытушылар еңбек ететін сондай білім ошағының бірі – біздің мектеп-гимназия. Біртүйерім осы.

- Оқушылардыкін естіп білдік. Мұғалімдеріңіздің тарапынан қандай жетістіктер бар?

- Бұл оқу ордасының ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де, осы аралықта көптеген жетістіктерге жетіп, білімнің шамшырағы атанған үздік мектеп. Атап айтсам,  биылғы жыл мектеп мәртебесін көтерген жетістігіміз тарих пәнінің мұғалімі Болат Бимендиннің «Үздік педагог» республикалық сайысының жеңімпазы атанып, «Үздік педагог» төсбелгісі мен  сыйақымен марапатталуы. Сондай-ақ қазақ тілі мұғалімі Гүлшадия Қошқарова «Жастар – жаққан жұлдыз» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Көркем сөз» сайысына жеңімпаз дайындағаны үшін Алматы қаласы «Нұрлы жастар» продюсер орталығының алғыс хатымен марапатталды. Бастауыш сынып мұғалімі тәжірибелі мұғалімдердің бірі Айжан Өнер мұғалімдер арасында «25 үздік ұстаз» қалалық сайысында мақтау қағазымен марапатталды. «Атамекен» этнокешені ұйымдастырған  «Үздік сабақ» республикалық сайысында тарих пәні мұғалімі Сапарай Ердеханованың  ІІ орын алуы жоғары жетістігіміз. Тағы бір айта кетерлік жайт, Болат Бимендин «XXXVIII Республикалық  ғылыми-практикалық семинарға жеңімпаз дайындағаны үшін» Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы» қоғамдық қорының мақтау қағазымен марапатталды.

Бұдан бөлек, мұғалімдердің жаңаша білім берудегі кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында мектеп ұжымында жас мамандармен жұмысты жетілдіруде мектеп тренерлері Райхан Анапьянова, Алтынгүл Онор, Айжан Өнер сияқты білікті мамандар тұрақты оқыту семинарларын ұйымдастырып отырады.

Тағы да қайталансам айыпқа бұйырмаңыз. Тағы да шәкірттеріміздің жетістігін термелегім келіп отыр. Міне, осындай білікті мамандардан тәлім алған оқушыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстар мен білім додаларында белсенді қатысуы нәтижесінде, қазіргі күні қалалық ғылыми жобадан - 5,  халықаралық деңгейдегі ғылыми жобадан - 1, респубикалық олимпиадалардан -10, шығармашылық байқаулардан - 15, халықаралық және республикалық деңгейдегі өзге де сайыстардан 42 шәкірт жеңімпаз атанып отыр. «Өзін өзі айтты» демеңіз, кемел келешекке бастар озат оқушыларды тәрбиелеп отырған мектебіміз – білім әлемінде өзіндік орны мен сара жолын қалыптастырған үздік оқу ордасы деп айтсам артық болмас.

- Қазіргі білім саласындағы реформаларға көзқарасыңыз қандай?

- Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені, қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады. Қазір білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Ендеше, білім беру мазмұнын жаңарту – заман талабы.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Өз кезегімде, ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш-жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

- Өз-өзіңізді қалай бағалайсыз? Өз бойыңыздағы қандай қасиеттерді атай аласыз? Сондай-ақ, «Табысты менеджер - 2017» сайысына қатысудағы мақсатыңыз?

- Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне 3 шарт бар. Ең әуелі – ниет, одан соң – күш, үшіншісі – тәртіп қажет» депті. Мен мектеп басшысы ретінде өзімді осы үш шартқа қарап бағалаймын. Табысқа жеткізетін сара жол – міне, осында шығар. Мұны бір десек, екіншіден, өз бойымдағы табандылық, қайсарлық қасиеттерімен қоса, алдыма қойған мақсатқа жеткенімше тыным таппай  ізденіп, нәтижесін көргенімше еңбектенетінімді айтқым келеді. Ғылым адамы болғандықтан да шығар, жаңашылдыққа жаным құмар. Кез келген жағдайда да алдымдағы адамды түсінуге тырысамын. Әрбір іске бір жақты қараудан аулақпын. Салмақтап, саралап, таразыға салып барып, шешімін  шығарамын.

Үшіншіден, бұл сайысқа қатысудағы мақсатым: мектеп басшысы ретінде өзімнің біліктілік деңгейімді саралау және іс-тәжірибемді жинақтау, жетілдіру.

– Сұхбатыңызға көп-көп рахмет! Табысқа жетуіңізге тілектеспін!

Әнел Дәуренқызы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер