Құнанбайдың биігінен түскім келмейді - Д.Жолжақсынов
12.11.2017, 23:09

Құнанбайдың биігінен түскім келмейді - Д.Жолжақсынов

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсыновпен сұхбат.  

– Қазақ киносындағы ұлттық мінез жайлы не айтасыз?  

– Әлихан Бөкейханов ұлтты сүю және оған қызмет ету үшін мінез қажет екенін айтты. Бұдан асырып жеткізу мүмкін емес. Себебі ұлтқа, ұлттық дүниеге келгенде жаныңды жегідей жеу қажет. Киноға келетін болсақ, біріншіден бұл – кәсіп. Оның жілігін шағып, майын ішу екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті әбден меңгеріп алғандардың өзі кино түсірген кезде оның мазмұнын халқымыздың жандүниесімен, көзқарасымен, тәрбиесімен қабыстыра алмай жатады. Мұны өз көзімізбен көрдік. Ұзын сөздің қысқасы, кез келген өнер туындысының астарында кірдің тасындай терең ой жатпаса, оның құны көк тиын.

– Кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың 1995 жылы жарыққа шыққан «Абай» атты көркем фильмін көрермен неге қабылдамады?

– Бұл туындыда Абайға қатысты дүниенің барлығы атүсті көрсетілді. Мен киноның басы-қасында жүргендер Абайды жан-жақты зерттегеніне күмән келтірмеймін. Алайда олар киноның кілтін таба алмады. Көркем фильмде көңілге кірбің ұялататын көрініс бар. Абай мен Әйгерімнің перденің арғы жағында лыпасыз отырғанын көрерменге көрсетудің қажеті жоқ еді. Режиссер не ойласа да, эротикалық көріністі Абай туралы туындыға араластыру әбестік болды. Кез келген адам көрген киносынан түйін шығарып, қорытынды жасайды. Өзіңіз айтыңызшы, жоғарыда біз сөз еткен эпизодты көрген адам не ойлады?

– 1993 жылы Абайдың 150 жылдығы тойланды. Көркем фильм араға екі жыл салып жарық көрді. Көркемдік кеңес экранға мұндай көріністі қалай жіберді?

– Көркемдік кеңес адамдардан құралады. Пенде болған соң олар да  жаңылысады. Десекте тәуелсіз ел ретінде түсірген алғашқы кинотуындыға сын көзбен қарауымыз керек еді. Кейде ұлы тұлғаларымызға қатысты кинотуындылар ұлттық кескін-келбетіміз бен болмыс-бітімімізге кесірін тигізеді. Сондықтан дәл осы мәселеде жүрдім-бардымға салынбау керек.

– Рұқсат болса, Құнанбай тақырыбына ауысайық. Кинода сіз Құнанбайды танып, бізге беймәлім әлеміне қадам бастыңыз...

–  Киноның шектеулі уақытына Құнанбайды тұтас сыйғызу мүмкін емес. Алдымызда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы тұрса да, Құнанбай қазақ үшін тың тақырып. Мұхтар Әуезовтың Құнанбайды жан-жақты ашуына мүмкіндігі болмады. Бірақ ол қазаққа Құнанбайдың тұлғасын там-тұмдап болса да танытып кетті. Өмірде Құнанбай бірбеткей адам болған. Ол Абайға келгенде: «Көзіңді ойып, мойныңды жұлып аламын» дегенге дейін барған. Поляктың бір жиһанкез ғалымының күнделігінде Құнанбайдың бізге белгісіз қырлары сөз болады. Ал Құнанбайдың анасы Зереге: «Ата-бабам ел басқарып келе жатыр. Қазақты қалай басқаруды мен білмей тұрмын» деп шағымдануы  оның жұмсақтығын көрсетеді. Біз осының барлығын қосып, Құнанбайдың болмысын танытуға тырыстық.  

– «Құнанбай» фильмін түсірген кезде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіздер?

– Қодар мен Қамқаның мәселесінде тығырыққа тірелдік. Біреулер: «Ондай оқиға болмаған, сіздерді әруақ атады» деп буынсыз жерге пышақ ұрды. Түсірілім кезінде біз Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодар»  поэмасын оқыдық. Онда Қодар мен Қамқаның оқиғасы тайға таңба басқандай жазылған. Құнанбай Қодар мен Қамқаны жаны қиналмай ауыр жазаға кесті деу дұрыс емес. Қодар мен Қамқа ісінің билердің талқысына салынуы тарихта болған оқиға. Ұлы тұлғаның қаны бір қандасын өлімге қимай, аласұрған күйзелісі тарихтың қалтарысында қалды. Мұны көпті көрген көнекөздер де мойындайды. Бірақ Құнанбай ұлттың ары мен қан тазалығын сақтауға басымдық берді.

– Құнанбайдың шалыс басқан бейбақтарды ақтап ала алмай  қиналғанын көрсететін жолды қалай таптыңыздар?

– Есіңізде болса, жазаны атқарып кетіп бара жатқанда Қодардың тумаластарының бірі: «Өлетін адам өліп кетті, енді оның жерін бізге бер!» дейді. Осы сөзді жиіркене тыңдаған Құнанбай: «Артында қалған туғандарына беріледі» деп сес көрсетеді. Көп адам осы оқиға тарихта болған ба деп сұрайды. Көркем дүниеден тарихи дерек іздеудің қажеті жоқ. Біз мұнымен адамдардың тоғышарлығы мен ашкөздігін көрсеткіміз келді. Тағы бір оқиғаны еске түсірейік. Құзар шыңды бетке алып келе жатқан Абай әкесінен: «Әке, етігіңмен су кешкендегі мақсатың не?» деп сұрайды. Сонда Құнанбай: «Мен Алаштың найзасын қайта суырылмайтындай етіп қыстырдым,  шешілмейтіндей етіп атын байладым, жар шетіне құжырамды тіктім», – деп жауап береді. «Неге жар шетіне тіктің?» деген сауалға: «Бұл сен шешетін жауап» деп қысқа қайырады.

– Жұмбақты шешу үшін Құнанбайға қайта ораласыз ба?  

– Марқұм Таласбек екеуміздің алдымызда үлкен мақсат бар еді. Біз Құнанбай жұмбағын әке Құнанбай мен бала Абай арқылы шешкіміз келген еді.  Таласбектің мезгілсіз қазасынан кейін арманымыз әдірем қалды.

– Таласбектей бекзат болмысты жоқтатпаймыз деп жүрген озық ойлы адамдарға көңіліңіз толмай ма?  

– Тағы да адам іздеуім керек. Әзірге Құнанбайдың жұмбағын бірге шешейік деп қолқа салған адамға жолыққан жоқпын. Мүмкін Таласбектің бақилық болғанын мойындай алмай жүрген шығармын.

– Құнанбай жайлы ел ішінде дерек көп қой. Құнанбайды Тұрсын Жұртбай ағамыз да зерттеп  жүр. Тоқтаған жеріңізден алға қарай жылжу қиын емес қой...

– Құнанбай жұмбағын Абаймен байланыстыру керек. Мұхтар Әуезов сипаттап кеткен Абайды қайта-қайта экранға шығара беруге болмайды. Біз өмірге өз Абайымызды әкелуіміз керек. Ол Абай біз білетін Абайдан биік тұруға тиіс. Бұл қолымыздан келе ме, жоқ па, білмеймін. Бір білетінім, мен өзім жаза алмаймын.

– Ара-тұра болса да Абай елі Мұхтар Әуезовке: «Құнанбайды Абайдың көлеңкесінде қалдырды» деген кінә тағып жатады. Сіз не дейсіз?

– Абайдың көзін көрген ақсақалдардың әңгімесін тыңдаған қариялардан: «Құнанбайдың алдында Абайдың аузынан сөзі түсіп тұратын» дегенді естідік. Жалпы, Құнанбай мен Абайды салыстырудың қажеті жоқ. Біз екеуінің тұлғасы мен тағылымы арқылы қоғамды алға жылжытуға ұмтылуымыз керек.

– Қазақ киносының шетел киносымен интеграциялануы оның форматы мен пайымына қалай әсер етті?

– Қазақ киноларының түрлі халықаралық жарыстардан орын алып келіп жатқаны көрермен ретінде бізді де қуантады. Мәселенің ауқымын кеңірек қарастыратын болсақ, біз атақ алудан, даңққа ұмтылудан, шен мен шекпенге ие болуға тырысудан күні бүгінге дейін алдымызға жан салмай келеміз. Бізге шетелдіктердің көңілінен шығуға ұмтылудың қажеті жоқ. Халықтың тамырын тап басатын туынды туғызу керек.

– Қазіргі қазақ киносының деңгейі қандай?

– Сіз бен біздің әңгімеміздің негізгі өзегі осы сұраққа құрылып отыр. Біздің ең басты олжамыз өз халқымыздың сұранысын қанағаттандыру. Осы белесті бағындырып жатсақ, әлемді жаулауға кірісуге болады. Бүгінде атақ та, даңқ та сатылады.  Тпті «Оскар», «Нобель» сыйлықтарының өзі базардағы саудагердің қолындағы дүниедей болып қалды. Біздің мұратымыз халықаралық жарыстан сыйлық алу емес, халықтың алғысы мен ықыласына кенелу болуы керек. Бір құлап, бір тұрып жатса да, қазақ киносы қалыптасып, дамып келеді. Болашақта көрермендердің қазақ киносына деген ықыласы артса, жағдай қазіргіден де жақсы болады. 

– Кезінде «Көшпенділер» фильмі қоғамда қызу пікірталас туғызды. «Бас кейіпкерлерді қазақтар неге ойнамады?» деген өкпе іште қалды.  Қалай ойлайсыз, шетелдік актерлар қазақ киносының бәсін арттыра ма?

– Абылай ханның рөлін ағылшын ойнайды»  дегенді естігенде біз қарсы болып: «Абылайды Оразды ойнаған жігіт немесе қазаққа келбеті келетін Марк Дакаскас ойнасын» деген тілегімізді айттық. Бірақ ұсынысымыз қабылданбады. Бізге киноға түсіп жатқан актерлар әлемдік прокаттың бәсін қыздырады деген уәж айтылды. Осы киноны көрген сайын Абылайды нар тұлғалы қазақ ойнағанда болмысы басқаша болар ма еді  деп өкінемін. Қалай болғанда да бұл кино өзінің миссиясын орындады. «Көшпенділерді»  талай ел сатып алды. Осы кино арқылы әлем көшпенділерді таныды.

– Біз киноны табыс табу құралына айналдыра алдық па?

– Біз капитализмге кірдік. Сондықтан киноға жұмсалған қаржының қайтарымы болса екен деген ниет дұрыс. Өкінішке қарай, біздің көрермен бұған үйренген жоқ. Алматы мен Астанадағы кинотеатрлардың барлығы жекеменшік болып кеткен. «Құнанбай», «Алмас қылыш» фильмдері Алматыда бір апта көрсетілді. БАҚ өкілдері: «Киноның көрсетілімі дұрыс уақытқа қойылмаған» деп дабыл қағып жатты. Негізі бұл жай сылтау болатын. Өйткені кино көргісі келген көрермен оны күндіз де, түнде де, түсте де, кешке де көреді. Мысалы Балтық теңізі жағалауындағы мемлекеттердің бірінде 24 театр бар.  Көрермендер бір спектакльді немесе киноны 18-20 рет көреді екен. «Сіз түсінбейсіз бе, неге қайта-қайта көресіз?»  деген сұраққа көрермендер:  «Маған бәрі түсінікті. Алайда бұл менің театрым. Онда менің тілім, әдет-ғұрпым насихатталып жатыр. Мен көрсетілімге бармасам зал толмай қалады», – деп жауап береді екен. Кейде біздің көрермендердің бойында да осындай намыс болса ғой деген қиялға берілемін. Көрерменнің санасы осы деңгейге жеткенше, біз ұлттық киноның  парқын да, нарқын да түсінбейміз. 

– Отандық һәм шетелдік кинолар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

– Сіздің сауалыңыз маған  «Құнанбай» фильміне  қатысты бір оқиғаны еске түсіріп отыр. Көрермендердің бірі маған Құнанбайдың құжырасы құжыраға емес, Алматының мешітіне көбірек ұқсайтынын айтты. Өзі менің Құжыра  деген не екенін білесіз бе деген сауалыма жауап бере алмады. Егер кино барлық көрерменге түсінікті болса, онда кино түсірудің қажеті жоқ. Мысалы таудың басындағы құжыраға Құнанбай мен Абай неге жаяу барды деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе? Жоқ, іздеген жоқсыз. Шетелдің кинолары көрерменнің басын ауыртпайды, санасына салмақ салмайды. Көрермен шайнап бергенді жұта салады. Емізікпен сүт емген бала анасының омырауынан жылдам бас тартады. Оған анасының омырауын еміп, бұлшық еттерін жұмыс істеткеннен гөрі өзінен-өзі құйылып тұратын бөтелкедегі сүтті емген әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Бүгінгі қоғам шетелдік киноны бөтелкедегі сүтті емізікпен еміп отырғандай болып көреді.  

– Майкл Фоли «Век абсурда» деген кітабында киноны экран диктатурасына теңейді.  Бізде қалай?

– Сахна мен экранды былапытқа айналдыруға болмайды. Өйткені екеуінің де арғы жағында көрермен, яғни халық бар. Бізде идеологиялық диктатура деген жоқ. Бірақ экрандағы атыс-шабыс немесе эротика арқылы көрерменнің жүрегін жаулап аламыз деген пікір басым. Ондай жайт өзімнің басымнан да өтті. «Біржан сал» фильмінің  сценарийін талқылаған кезде біраз айтыс-тартыс болды. Кейбіреулер Біржан Ләйләні алып қашуы керек екенін, сол кезде оқиға тартысты болатынын айтты. Қарсылық танытып едім: «Сіз көнені көксейсіз» деп сын тақты. Мүмкін олардың көзқарасы бүгінгі өлшеммен қарағанда дұрыс шығар. Олар  бүгінгі киноның заңына бағынғысы келетін шығар. Алайда оларды қандай дүниені өзегіңнен суырып алып, көрерменге ұсынғың келетіні қызықтырмайды.

– «КСРО жүйесі кезінде киноны қаржыландыру Голливуд киносын қаржыландырғаннан 10 есе артық еді»  деген пікір бар.  Қазір екінің бірі кино түсіретін болды...

– Бізге мәдениет немесе ақпарат министрлігі жанынан  көркемдік кеңес құру қажет. Мұны  Мейрамбекке жазған хатында  Қали Сәрсенбай да айтты. Осылай болғанда ғана мәселе шешіледі.

– Сериалдар жайлы не айтасыз? «Күләш», «Шәмші» жайлы сериалдарды көрермен жылы қабылдаған жоқ қой...

 – «Күләш» пен «Шәмші» көркемдік кеңестің талқылауынан өткен жоқ. Мемлекет ақша бере салды, түсіру тобы түсіре салды. Тақырып қор болды. Бары осы ғана. Бізде түрік сериалдарынан қалмаудың қамы ғана жасалып жатыр. Мұны жалған намыс дейді. Біз экранды немен толтыруды білмейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Бізде ұлттық, классикалық дүние жоқ. Барлығы көшірме.

–  Сіз Біржан сал арқылы ауқымы кең әлеуметтік мәселені көтердіңіз. Кезекте кім тұр?

–  Ақан, Біржан, Ыбырайдың тағдыры бөлек болғанмен, заманы бір. Біраз ойды Біржан сал жұлып кетті. Енді оның орны толғанша уақыт керек. Жоғарыда сөз болған тұлғалар жайлы кино түсірсек, Біржан салды қайталауымыз мүмкін. Жақында Дулат Исабековтың сценарий бойынша «Балуан Шолақ», оның алдында шетелдіктердің қатысуымен «Әміре» түсірілді. Маған басқа кезеңде, басқа ортада өмір сүрген тұлға керек. 

– Іздеп жүрсіз бе, тақырып, тұлға таптыңыз ба?

– Бір идея бар. Түбінде жақсы дүние шығарамыз деп үміттенеміз.

– Сіз сал-серілердің заманы бір болды,  қайталаудан қорқамын дейсіз.  Сатыпалды Нарымбетов Мұстафа Шоқайды алып шықты. Мұстафа Шоқайдың өскен ортасы Әлиханға немесе Ахметке ұқсамайды. Өмірінің жартысы батыста өтті. Әлиханды, Тұрарды  немесе Кенесарыны сомдасаңыз Құнанбай тәрізді халықтық киноға айналмай ма?

– Ол тақырыптар  ойда бар. Ізденіп те жүрмін.  Бұған жақсы дүние жазу керек. Тақырыптың кілтін табу керек.  Экранның табиғаты басқа, өмірге  жақындау. Пьессадағы дүниені экранға көшірсек, айшықталмай, ашылмай қалады. Асқар Сүлейменовтың  сөзімен айтқанда: «Өнердің өмірден алары жоқ. Ол өз динамикасы, өз логикасы бар әлем». Абылай  хан туралы бір азаматтармен сөйлескен едім, айналысамыз деп уәде берген, бірақ уақыт өтіп барады.   Таласбектен кейін ешкім болмай тұр. Таласбек сценарийге қалыптасып, оң-солын түсіне бастағанда кетіп қалды. Ғажап адам еді. Соның қасында жүріп, Құнанбай мен Біржан салды шығарып қалғаным үшін тағдырыма ризамын.     

– Қай бір жылдары «Досхан мен Таласбек  «Томиристің »  сценарийін жазып жатыр» деген  сөз шығып еді. «Томирис» кастинг жариялап жатыр ғой, сіздердің  нұсқаларыңыз өтті ме?

– Жоқ, өтпеді, ақша таппағандықтан мәселені жылы жауып қоя салдық. Томирис жайлы кино түсіріліп жатыр дегенді естідік, қуандық. Бұл қоғамға қажет тақырып.

– Досхан аға,  соңғы сұрақ, қазір жекеменшік студиясы бар азаматтардың қатары көбейді. Киностудия ашып, бизнеске ауысқыңыз келмей ме?

– Киностудия ашуға үлкен қаржы керек. Бұдан бөлек көкейімде күдік бар. Ақша табуға ауысып кетіп, шығармашалығым кейінге ысырылып қала ма деп қорқамын.   

– Өзіңізге сенбейсіз бе?

– Үлкен дүниені бастау үшін үлкен ақша керек. Ол ақшаны қайдан аласың, амал жоқ, жеңіл-желпі тақырыпқа ұрынасың. Мұндайға мені арым жібермейді. Мен Құнанбайдың биігінен түскім келмейді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева   

Дерек көзі: abctv.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер