Балаға тәтті тамақ, қымбат киім емес, ата-ананың көңіл бөлгені керек - Марал Сарбасқызы
20.07.2017, 02:51

Балаға тәтті тамақ, қымбат киім емес, ата-ананың көңіл бөлгені керек - Марал Сарбасқызы

Жақында Тараз қаласында белгілі психолог Марал САРБАСҚЫЗЫ семинар-тренинг өткізген еді. Бұл жаңалықты ести сала, сыныптастарыма хабарласып, психологқа қояр сауалдарын сұраған едім. Қас пен көздің арасында бірнеше сұрақ түсті. Ішінде аты-жөнін көрсетпеуін өтінгендері де бар. Марал апаймен əңгімеміз ұзаққа созылды. Əрбір сұраққа ойлана отырып жауап қатты. «Балалар жетістікке жету үшін көп нəрсе керек деп ойлайды. Олай емес. Алдымен мақсат керек. Егер мақсат қанаттандырмаса, нəтиже бермейді. Өзгенің арманы, мақсатымен өмір сүрудің қажеті шамалы», – деді психолог. Сонымен, бүгінгі балаларды не мазалайды? Психолог қандай кеңес айтты? Мүмкін, осы сауалдардың ішінде сені де ойландырып жүрген мəселе бар шығар…

– Жасөспірімдер арасында, соның ішінде қыз балалардың ішінде сырт келбетіне көңілі толмайтынын айтатындар көп. «Бойым қысқа, аяғым қисық», «мұрным ұзын», «қараторымын» деген сияқты… Осы үшін ортаға шығуға ұялады, көп сөйлемейді. Осыны қалай жеңуге болады?

– Мұны жеңудің қажеті жоқ. Қыста қар жауады, жаз ыстық, күз жаңбырлы болады, бұл да сол сияқты нəрсе. Адамдардың бір-біріне мүлде ұқсамайтыны ғылымда дəлелденген. Егіздердің өзінің де екеуінің мінезі екі түрлі болады. Əр адам жеке, дара, ерекше. Міне, біз балаға да осыны айтуымыз қажет. «Сен ерекшесің, сен басқадан бөлексің, жеке-дара қайталанбас тұлғасың» деп құлағына құятын болсақ, бала ешқашан өзін кем сезінбейді, төменшіктемейді. Өз-өзін бағалауда қиналмайды. Негізі 7-8 жаста бала келбетіне көңіл бөле бастайды. Бірақ, өтпелі кезеңде, яғни 13-16 жас аралығында өте көп көңіл бөледі. Себебі, осы жастағы балалар үшін бірінші кезекте ата-анасы емес, достарының ой-пікірі, қабылдауы, бағалауы тұрады.

– Бала кезімде «ата-анасы ажырасып кетіпті» деген сөзді естісем, ойланып қалатынмын. Ажырасатын болса, неге үйленген?.. Менің білуімше, мұндай отбасында тəрбиеленген балалар кінəмшіл келеді, өздерін төмен бағалайды. Ата-анасының шешіміне баланың кінəсі жоқ. Бірақ, анасын не əкесін жек көріп өседі. Осыған не дейсіз?

– Ата-анасы ажырасқан балалар кінəні өзінен іздейді. Бейсаналы түрде «мен дұрыс істемедім, мен жаманмын» деген ой баланың санасында қалыптасады. Ол санасында өмір бойы өмір сүреді. Мамандарға бармаса, тазаланбайды. Бізде адам жан дүниесі туралы ойланбайды. Сырт келбетіңізге көңіл бөлесіз ғой? Күніне 3 рет жуынасыз, 2 рет тісіңізді жуасыз. Санаңызды неше рет тазалайсыз? Жан дүниеңізге неше рет үңілесіз? Адамның басты байлығы – ішкі дүниесі неге сонша елеусіз?

Иə, əртүрлі себеппен ерлі-зайыптылар ажырасып жатады. Бір-бірін  түсінбеген шығар, бір жағдай болған шығар. Əр жағдай бір-біріне ұқсамайды. Бірақ, ата-ана бұл тұста өзінің əке мен шеше ретіндегі рөлін  атқаруы керек. Көбіне ер азаматтар кетіп, ана мен бала қалады. Бала – ер азаматтың ұрпағы. Əйелімен ажырасқанмен, баласынан бас тарта алмайды…

Мұндай сəтте балаға тек шындықты айту керек. Адам қай кезде күйзеліске ұшырайды? Түсінбеген кезде. Ал балаға ешкім жағдайды түсіндіріп айтпайды. Дүниеге келгенде одан ешкім сұраған жоқ, тастап кетерде де ешкім сұрамайды.  «Бала үшін өмір сүреміз», «бар бақытымыз – балалар» дейміз. Ал шын мəнінде бала үшін маңызды сəтте шет қалатын ата-ана көп.

ӘДЕПТЕН АСПАҒАН ЖӨН

– Əдетте қыздар сабақты жақсы оқитын жігіттерді жақсы көреді. Қыздың жігітке бірінші болып ұсыныс айтқанына қалай қарайсыз? Жалпы, мектепте қыз бен жігіттің дос болғаны дұрыс па? Олар неден сақ болғаны жөн?

– Мектеп кезінде махаббат емес, дос болған дұрыс. Балабақшадан бастап та дос болады. Əйел мен ер адамның арасында үлкен айырмашылықтар бар. Біз дос болып араласқан кезде бір-бірімізді зерттейміз. Қыз бала ер азаматтың логикасын, мінез-құлық ерекшеліктерін, əлемін зерттейді, ал ұл бала керісінше, қыздар жағын көз қырына алады. Егер белгілі бір шектен аспаса, онда  тұрған ештеңе жоқ. Достасқан дұрыс.

Балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында жұмыс істедім. Жігіттерге қыздармен араласыңдар, зерттеңдер, үйреніңдер дегенді жиі айтатынмын. Себебі, жігіт атаулыдан саяқ жүрген, олармен араласпаған қыз бала бірден тұрмысқа шығып кетеді. Ер азаматтың мінезін, ерекшелігін білмейді. Осындай түсінбеушіліктен де отбасылар ажырасып жатады.

Алғашқы қадамды жігіт жасауы керек. Ер азамат қыз баланың зейінін, көңілін өзіне қарату үшін өзі  əрекет жасайды. Ал, қыз бала бірінші қадам жасап тұрса, онда ер азаматтың қыз балаға деген көңілінің болмағаны ғой. Əр нəрсе өз орнымен, өз уақытында болуы керек.

– Балаларға арналған антистресс ойыншықтар көбейіп кетті. Əсіресе, спиннер. Балалар осы ойыншыққа неге құмар деп ойлайсыз?

– Қазіргі кезде ата-аналар балаларға көңіл бөлмейді. Ақша табумен айналысады. Ата-ананың бар ойы «əдемі киім алып берсем, жақсы телефон алып берсем» дегенмен шектеледі. Осыменен олардың қызметі аяқталады. Негізі балаға тəтті тамақ, қымбат киім емес, ата-ананың көңіл бөлгені керек. Материалдық жағдай мүлдем керек емес. Адамның рухани жан дүниесін бірінші орынға қою қажет. Сонда балаға не керек? Бала көңіл бөлгенді, сезімін білдіргенді, уақытын арнағанды қалайды. Осыны ата-аналар бермегеннен кейін, бала жоқ нəрсенің орнын толтыруға талаптанады. Ата-ана бермеген  уақытты, көңілді басқа жерден іздейді. Балалардың компьютерлік ойындарға, түрлі топтарға кіретін себебі осы. Осы жайттың мəн-жайын білу үшін арнайы зерттеу жұмысын жасағанымызда, зерттеу нысанында алынған балалардың баршасының дерлік отбасының назарынан тыс қалғанын байқадық.

Антистресс деген дұрыс емес. Баланың қажеттілігін, күйзеліске түскен себебін білу маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі жастар көп ішінде жалғыз болып жүреді. Сондықтан олар түрлі ойын ойнайтын жерге барады. Адамның табиғаты солай, қай жер жанына жайлы болса, соған қарай бағытталады. Əртүрлі ойындардың, виртуалдық əлем қызықтарының дұрыс емес екенін санасы біліп тұрады. Бірақ, қажеттілігін ала алмағаннан кейін соған баруға мəжбүр болады.

– «Қиын балалармен» жұмыс істеп көрдіңіз бе? Нəтижесі қандай?

– Қиын бала деп айтқым келмейді. Ерекше деймін. Мен ондай балаларды өте жақсы көремін. Балаларға қатысты жаңа реформалар енгізіліп жатыр. Ал баланың жан дүниесіне, ерекше балаларға ешкім үңілмеген. Баланың бейімделу уақыты бар. Барлығына бірдей стандарт, бірдей талаптар қояды. Біреу оған сай келеді, біреуі ілесе алмайды. Ілесе алмаған балаға ен таға қоямыз. Осы жұмыс істеген жылдардың ішінде байқағаным, сол ерекше балалардың əрқайсысы өзінше тұлға. Неге олар қиын бала болды деп ойлайсыз? Оларды кезінде түсіне алмаған. Олар ерекше ойлайды, ерекше көзқараспен қабылдайды. Оны түсінбегеннен кейін бала оқшаулана береді. Ол баланың ерекшелігімен байланысты. «Қиын бала» терминіне қарсымын.

– Мектептегі психологтардың қазіргі жағдайы қалай? Мектеп бағдарламасына психологияны пəн ретінде енгізу қажет пе? Оқушылар түрлі сынаққа кез болады. Осындайда психологиялық сауаты болғаны дұрыс секілді. Осыған қатысты ойыңызды білсек…

– Мектепте психологқа өте көп міндет артылады. Бір психологқа 1500 адам беріп қояды. Психологтың ең басты міндеті – сүйемелдеу, қолдау. Психолог 1500 немесе 500 адамды сүйемелдей ала ма? Тек қана балалар емес, олардың ата-аналары да бар. Бір мектепке бір психолог жетпейді.

Мектепте оқығанда бізде «Этика жəне психология» деген сабақ болатын. Қазір «Өзін-өзі тану» сабағы орнын басты. «Өзін-өзі тану» сабағынан көбіне психологтар беріп жатқан жоқ. Педогогикалық білімі бар адамдар да береді. Негізі психологтар бергені дұрыс.

МІНЕЗ 12 ЖАСҚА ДЕЙІН ДАМИДЫ

– «Ата-аналар балаларын тəрбиелемейді, балабақша, мектепке сеніп тапсырады» деген түсінік бар. Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

– Ата-ана баласын тəрбиелегісі келмейді емес, тəрбиелегісі келеді. Бірақ, көп ата-ана қалай тəрбиелеуді білмейді. Себебі, олардың өздерінің əке-шешелері солай тəрбиелеген. Баланың мінезі 12 жасқа дейін дамиды. Осы кезеңде өте көп көңіл бөлу керек. 12-ден 24 жасқа дейін толық  мінез ерекшеліктері қалыптасып бітеді. 21-32 жас аралығында сол мінез-құлық ерекшелігін тəжірибе ретінде қолданады. Сонда біз 3 циклды қарадық. Баланы тəрбиелемеу керек. Ең бірінші ата-ана өзін, өзінің іс-əрекетін жөндеуі керек.

– «Ұландық» оқырмандарға тілегіңіз жəне мотивациялық ойыңызды білдірсеңіз…

– Менің тілегім емес, ниетім болсыншы… Білесіңдер ме, жандарым, барлық арманға жетелейтін – ниет. Ешқашан, ешуақытта, ешнəрседен қорықпаңдар! Қорқыныш – ми қызметінің бір бөлігі. Қорқыныш қалыпты жағдай. Қорқыныш деген жаңа нəрсе, сен білмейтін нəрсе! Есікті ашпасаң, арғы жағында не бар екенін білмейсің. Құлайсың! Сүрінесің! Жылайсың! Өткенді ұмытам деме, өмір сүр! Ұмыту, шыны керек, мүмкін емес! Ник Вуйчичті білесіңдер ғой, екі қолы, екі аяғы жоқ. Адам өмірдің қадірін білу керек. Кейде біз өмірдің қадірін бағаламаймыз. Ник Вуйчич өмірдің, мидың қадірін білді. Ал сен, жасөспірім, бір нəрсені біл! Жаңашылдыққа дайын бол! «Мен істемесем, кім істейді?» дегенді ескер! Сəттілік адамның санасы мен ойы таза болғанда ғана жүзеге асады. Тоқтама, сəттілік кез болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Тараз қаласы
«Ұлан» газеті, №29
18.07.2017

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер