"Жастардың мәселесін енді арендалық баспана шешетін болады"
14.04.2017, 15:41

"Жастардың мәселесін енді арендалық баспана шешетін болады"

Биыл 1 қаңтардан бастап Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы күшін жойғаны белгілі. Бірақ, бұл халық баспанасыз қалады деген сөз емес. Керісінше, мемлекеттің тұрғын үй саясаты жаңа деңгейге шығып отыр.

Бұған дейін жеңілдетілген жолмен баспана беретін бірнеше бағдарлама болған болса, енді оның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп отыр. Ал, мұқтаж жандардың баспаналы болу мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артқан.Бірнеше бағдарлама деп отырғанымыз: Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламалары. Бұлардың бәрі енді бір жүйе негізінде жүзеге аспақ.

Мәселен, бұған дейін мемлекет жас отбасылардың баспаналы болуына көбірек екпін берсе, қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері де, оралмандар да және әлеуметтік статусы бар өзге азаматтар да пәтерді арендалық негізде ала алады. Мемлекет салатын бұл пәтерлер сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетінін де айта кету керек. Яғни, алғашқы жарнасын төлемей-ақ үйлі болуға мүмкіндік көп. Оның үстіне биылдан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын үйлердің саны да еселеп артып отыр.

Сондай-ақ, қазақстандықтар жеңілдетілген 5 пайыздық несиемен де пәтер ала алады. Бұл да «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттардың бірі. Ал, оны қалай алатынын білу мақсатында мемлекеттің тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан қаржы институттарының бірі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның өкілдеріне сауал жолдаған болатынбыз. Банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Айбар, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асырған кезде жас отбасыларға көп жеңілдіктер жасалды. «Жас отбасы» деген арнайы бағыт та болды. Қазір ол жоқ. Есесіне арендалық пәтер алуға мүмкіндік көп. Бұл бағдарламаның жүзеге асу тетіктері қандай? Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» пәтер алу үшін кімдерге 5 пайыздық несие береді?

– Өзіңізге белгілі, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы 2012 жылдан бастап сәтті жүзеге асып, 2015 жылға дейін жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап ол «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» құрамына кіріп кетті. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Жас отбасы» бағдарламасын сол 2012 жылдан бастап сәтті жүзеге асырды. Бірақ, соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үйге қатысты саясаты модернизацияға ұшырап, түрленіп жатыр. Енді елдегі тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп кетті.

Жастардың мәселесін енді арендалық баспана шешетін болады, сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз. Бұл бағыт жастарға да, әлеуметтік топқа жататын азаматтарға да, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге де арналған. Яғни, үйдің алғашқы жарнасын төлеуге жағдайы жоқтарға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Үй алу тетіктері дәл сол бұрынғыдай: кезекке тұрып, қажетті құжаттарды рәсімдеу керек. Бірақ, бұрын «Жас отбасы» бағытын біздің банк жүзеге асырып келген болса, қазір «Нұрлы жер» аясындағы аталған бағытпен Қазақстанның ипотекалық компаниясы айналысатын болады.

Ал, біздің банкте «Несиелік баспана» деген үлкен бағыт бар. Яғни, алғашқы жарнасын салып, жылдық 5 пайыздық несиемен үйіңізді ала беріңіз. Оған халықтың барлық санаты қатыса алады. Алдымен пәтер сомасының 30 пайызын құю керек, қалған ақшасын біз береміз.

Мұндай жеңілдікпен берілетін пәтерлерді мемлекет салады ма, әлде нарықтағы кез келген пәтерді ала беруге бола ма?

– Жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл бағыт бойынша тек әкімдік салып жатқан жаңа үйлерден ғана ала аласыз.

Үкімет «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жариялаған кезде 2020 жылға дейін мұқтаж жандардың бәрін үймен қамтимыз деп жоспарлаған еді. Әне-міне дегенше 2020 жыл да кеп қалды, енді алдағы үш жылда бұл жоспар орындала ма? Сіздер бағдарламаны жүзеге асырушылардың бірісіздер ғой...

– Бұған дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанда жыл сайын орта есеппен 450 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беріліп келді. Биылдан бастап бағдарламаның аяқталғанын айттым. Бұған дейін басталған үйлерді бітіріп табыстаймыз, ал бұдан кейінгі үйлер енді «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынады.

Бұл жаңа бағдарлама аясында енді жыл сайын 10 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлер екі түрлі болмақ: көпқабатты үйлер және қарапайым жер үйлер. Яғни, жыл сайын 5 млн шаршы метр көпқабатты, 5 млн шаршы метр жер үйлер салынып, халыққа беріледі. Бірақ, мұның бәрін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырмайды. Сондай-ақ, Қазақстанның ипотекалық компаниясы бар, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры бар, әкімдіктің өзі бар.

Егер дәл биылғы қарқынмен пәтерлер салынатын болса, алдағы санаулы жылда халықтың баспана мәселесі шешілуі тиіс.

Сіздердің банкте 50/50 деген бағдарламаның бар екені белгілі. Яғни, үй бағасының 50 пайызын жисаңыз, қалғанын банк төменгі пайызды несиемен береді. Бұл да «Нұрлы жер» аясында жүзеге асып жатыр ма?

– Жоқ, бұл банктің өз бағдарламасы.

Былтыр еліміздегі заңгерлердің бірі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» былығын аштым деп видеомәлімдеме жасаған болатын. Яғни, банк үй алуға несие берер кезде салымшылардың депозитте жиған ақшасына да пайыз есептейді екен деді. Артынша, сіздер олай емес екенін айтып дәлелдегендей болдыңыздар. Бұл оқиға банктің имиджіне нұқсан келтірген жоқ па? Салымшылардың қатары азайып, халықтың сенімі төмендеп кеткен жоқ па?

– Біздің банк барынша ашық жұмыс істейді. Клиенттердің бәріне несие берместен бұрын талаптарды түсіндіреміз. Біз мемлекетпен тығыз жұмыс істейміз, клиенттеріміздің көбі осы мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алатындар. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламасыз пәтер алатындар бар. Оларға 8,5 пайыздық несие береміз. Бірақ, ол үшін депозитке 3 жыл ақша жинау керек деп түсіндіреміз. Күткісі келмей, бірақ негізгі соманың 50 пайызы қолында бар тұрғындарға да береміз, бірақ сол қолындағы ақшасын депозитке бәрібір саламыз, сосын үш жылдан кейін ол ақша қарыздың негізгі сомасын жабуға жұмсалады. Қысқасы, ешкімнің артық тыйынын алмаймыз.

Сондай-ақ, бұл факт біздің банктің имиджіне еш нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, салымшылар саны жыл сайын 200 мың адамға өсіп келеді. Қазіргі таңда салымшыларымыздың жалпы саны 840 мың адамға жетіп отыр. 2014 жылға дейін мұндай өсім жоқ еді. Сол уақыттан бастап жыл сайын 200 мың адамға өсіп келеді.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған пәтерлер арзан. Бұл оның сапасына да әсер етеді дейтіндер көп. Сіздердің банк арқылы пәтер алып, кейін үйдің сапасына шағым айтып келетіндер көп пе?

– Шағым айтатындар қай уақытта да болады ғой... Болғаны да дұрыс, өйткені олар біздің салымшыларымыз, ақша төлеп отыр. Біз әкімшілікпен үшжақты келісімшартқа отыратын кезде үйдің сапасының барлық стандартқа сай екенін тексеріп аламыз. Бізде үй салынып жатқан кезде оны тексеретін құзыр жоқ, бірақ, сонда да бақылауға тырысамыз.

Егер, үйдің сапасы тым нашар боп жатса, қоғам белсенділерін тарту арқылы әкімдікке ықпал етуге тырысамыз. Жалпы, осы уақытқа дейін біздің қоғамдық кеңес 9 проблемалы үйдің мәселесін шешті, бүкіл Қазақстан бойынша.

Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дерек көзі: baq.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер