Показать содержимое по тегу: ой толғау
Қолға қалам алмаймын, бірақ журналиспін. "Журналистің қаруы – қаламы" деуші еді. Өзім пернетақтамен қаруланғанмын. Марғұлан Ақанға ұқсап клавиатураның құлағында ойнамасам да, бір кісідей жылдамдығым бар. Жазуға шабытым келсе, сөйлемнің жүйелілігіне қарамаймын, ойыма не келеді соны жазамын. Екінші қайта ешқашан келмейтін тұңғиық ойдың шабысын сөз арасындағы майда-шүйде қателіктер үшін тоқтатқым келмейді. Боқтатқым келмейді – өзімді-өзім. Сөзімнің әрқайсысында зіл мен мін менмұндаласа деймін. Осындай ауыр талаптар қойып алам да, отырам кейде әкемнің алдында айтарға сөз таппай тұрғандай жер шұқып. Бір мақсатым бар, ойымды бойымнан ұзын еткім келеді. Бұл мақсатты жұмысқа тұрған кезден бастап айқындадым.
Әріптестермен бой бойынша емес, ой бойынша сапқа тұрсақ «сап аяқталды» деген азалы сөз менің еншіме тиесілі болып қалар ма екен деп қауіптенемін. Сол себепті де, «бәсекеге қабілетті болу керек» деген мен ес білгелі естіп келе жатқан еліміздің ұранын санама сіңірудемін. Бүгінде ән салатын бұлбұлы жоқ ормандар бар ғой. Демек, арманы жоқ адамдар да бар. Әріптесімнің айтқанындай, олар арманы бар адамдарға жұмыс жасап жүр. Өмірді бір ғана бағытпен, бір ғана сарынмен сүруге болмайды, меніңше. Адамды қайрап, жігерлендіріп, намыстандыратын – арман, мақсат міндетті түрде болу керек. Мен Массагетке жұмысқа тұруды армандадым. Баллердің айтқаны тура келді. «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса» деп еді.
Жаңа адамдармен танысып, білісіп, әңгіме өрбіту арқылы мен өзімнің және осыған дейінгі араласқан ортамның салыстырмалы түрде төмен болғанын білдім. Өмір баспалдақ екен. Мен бір саты алға басыппын. Осы уақытқа дейін, блог жазуға арнайы уақыт бөлмеппін. Бұл менің алғашқы блогым. Борат жайлы жазғаным бар, бірақ оны материал деп дайындаған едім, сайттың саясатына сай келмегендіктен блог ретінде жарияланды. Алғашқы жазбада өзімшілдікке салынып тек өзің жайлы жазыпсың деп сөкпеңіздер. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»- депті ғой жүзі жаз, көңілі көктем батыр Қасым.