Төлен ӘБДІК: Президенттің «Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар» деген бір ауыз сөзі керек!
26.11.2016, 20:57

Төлен ӘБДІК: Президенттің «Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар» деген бір ауыз сөзі керек!

Өркениетті елдерде мемлекет басшысына ашықтан ашық жағымпаздану, мақтау үрдісі жоқ,-деді өз сөзінде жазушы Төлен Әбдік.

           «Мұхтар Шахановтың үлкен қоғамдық проблемаларды көтерген «Қырғыз эвересі» атты кітабында Орталық Азия елдеріндегі жеке басқа табыну, жағымпаздық секілді келеңсіздікке арналған тарау бар. Сонда Түркменбашы Сапармұрат Ниязовты құдайға теңеп өлең шығарған ақын туралы сөз болады. Әрине кезінде бұған көбіміз күлген болатынбыз. Бірақ көп ұзамай өзіміздің де басымызға келетінін байқамаппыз. Ондай ақындар өзімізден де табылып жатыр. Министрлер мен облыс басшыларын былай қойғанда, мекеменің директорларына шейін «Президенттің тапсырмасы бойынша» демей, сөз сөйлемейтін болды. Президент тікелей тапсырма бермесе, түк істемей отыра беретін секілді. Мақала жазса болды, мемлекет басшысын көкке көтеріп, мақтау нормаға айналды. Сәл-пәл болса да ыңғайсыздану деген жоқ. Әрине, басшыны сынағаннан гөрі, оны мақтау тиімді болуы әбден мүмкін. Бұл арада Президенттің өз басы туралы әңгіме жоқ. Әңгіме қоғамдағы этика жайында. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сөз бар. Ал жағымпаз одан асқан жағымсыз. Жағымпазды көргенде, мешкеймен жылап көрісуге болатын секілді. Әдетте жағымпаздық тоталитарлық жүйе мен дара биліктің тұсында дамиды. Кешегі кеңес заманында мемлекет басшысын жер-көкке сыйдырмай мақтау міндет секілді болатын. Көсемді мақтаған ақын-жазушылардың атақ-даңқтары жер жарды. Ұмытпасам, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы, бүкілодақтық үлкен бір жиында Горбачевты жарыса мақтап жатқанда, комсомолдың бірінші хатшысы, жас жігіттің: «Жолдастар, Горбачевті мақтай бермеңіздер, мұндай ұлы адамды мақтаудың қажеті жоқ»,– деп, жұртқа басу айтқан болып, өзі олардан да асып түскенін көріп, бүкіл ел күлген еді. Ол заман өтті. Өткендегі сорақылықтарды қайталау – ел болмаудың белгісі. Өркениетті елдерде мемлекет басшысына ашықтан ашық жағымпаздану, мақтау үрдісі жоқ. Интернетке қанша үңілсем де, Обаманы, Саркозиді, Маркельді, тіпті бізге жақын Ресейдің президентін Құдайға, пайғамбарға теңеген, роман, поэма жазған белгілі ақын-жазушыларды кездестірген емеспін. Бұл ауру қоғамды ілгері бастырмайды, әлемдік қауымдастық алдында беделімізді түсіреді, күлкі қылады. Осы арада Президенттің: «Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар»,– деген бір ауыз сөзі керек сияқты».

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер