Атадан мирас болып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар – бiздiң ұлттық құндылығымыз.
«Қызыңыздай қараңыз, келiнiңiздей жұмсаңыз»
Салт-дәстүрдi жаңғыртқанда оның озығы мен тозығына мән беру керек. Заман талабына сай делiнетiн жаңалықтардың өзiн абайлап енгiзген дұрыс. Салт-дәстүрдi ұлтымыздың ұстыны, ар-намысты ожданымыздың өлшемi деп ұғынып, берiк сақтауға тиiспiз. Ал, салт-дәстүрдi өскелең ұрпақтың санасына сiңiрiп-дәрiптеу – ауыл ақсақалдарының, ардагерлердiң қасиеттi парызы.
Туасы, ата-бабалар салып кеткен сара жолдан айнымасақ, адаспаймыз. Мәселен, қазiр қыз ұзату тойларында қазақы үрдiстерiмiздi толық сақтай бермеймiз. Қыз бен жiгiт танысып, оған құда түсiп, ұзатылғанға дейiнгi аралықта қаншама дәстүр-ғұрып, жөн-жоралғы бар. Олардың көбiсi ескiлiктiң қалдығы деп орындалмай қалып жатқан жоқ па? Тiптi, екi жастың неке қиюы да жеңiл-желпi жағдайға айналып барады. Жаңа өмiр жолын бiрге бастауға үлкен жауапкершiлiк керек емес пе? Бұл ретте көп нәрсе екi жасты табыстырар жеңгелерге, құда-құдағиларға байланысты. Отбасында әкенiң беделi төмендеп бара жатқаны да ойлантады. Бала тәрбиесiнде, жастардың ажырасып жатқанына мектептердi, мұғалiмдердi айыптау орынсыз деп ойлаймын. Инабатты бала – ата-ана тәрбиесiнiң, бiлiмдi бала – мектеп тәрбиесiнiң нәтижесi.
Бiр қыз ұзату тойында кештiң соңына дейiн шетелдiң түсiнiксiз, даңғаза музыкасы қойылды. Қазақша әуен қойыңдар деген жан болмады. Бұл той ұйымдастырушыларға да, асабаға да үлкен сын. Тойда қандай әңгiме айтылып, қандай ән-би орындалуы керек, жас жұбайларға қандай жауапкершiлiк артылуы керек деген мәселелер бар емес пе? Қызды жат жұртқа аттандыратын сәт те келдi. Жасы үлкен кiсi, ауданның құрметтi азаматы деп бата беруге шақырылдым. Ақ тiлегiмдi бiлдiре келiп, құдағиға қарап:
«Үкiдей мәпелеп отырған қызымызды ұлыңызға емес, сiзге берiп отырмыз. Қызыңыздай қарап, келiнiңiздей жұмсаңыз» дедiм. Құдағи осы кезде орнынан тұрып, қызымыздың маңдайынан сүйiп, көзiне жас алды. «Қызымдай аялаймын, ақылымды аямаймын» дедi.
Бұл ненi бiлдiредi? Айтайын дегенiм, соңғы жылдарда үйленген жастардың көп ұзамай ажырасып жатуына көптi көрген енелердiң өзi себепшi болып жатқан жоқ па?
Өзiмiздiң ұлттық салт-дәстүрiмiздi жетiк бiлмейтiн ата-аналардан «мұндай дәстүр бар екенiн бiлмеппiн, естiмеппiн» деген сөздердi жиi естимiз. Өйткенi, бiз тұрмыста ежелгi салттарды жиi қолданбаймыз. Тәуелсiздiгiне 25 жыл толған азат елдiң ұландары ең болмаса мереке күндерi оюлы шапан, әйелдер қамзол, кимешек кисе жараспай ма? Қазақ елi – мәңгiлiк ел болуға осылай қадам басуы керек.
Бұрынғы дәстүрiмiзде әмеңгерлiк үрдiсi болған. Ол бүгiнде түбiмен жоғалып барады. Бұл күнде жесiр әйелдер ғана емес, ажырасқан келiншектердiң бала-шағасы оның төркiнiнде өсiп, өз тегiнен ажырап барады. Бұл да бала тәрбиесiне өзiнiң керi әсерiн тигiзедi. Мектеп жасында босанып қалып жатқан қыздарымыздың ұяты кiмге? Ұлымыз иманды, қызымыз инабатты болсын десек жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сiңiре бiлуiмiз керек. Оған отбасы, мектептен басқа, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлерi, құқық қорғау органдары бiрлесiп атсалысуы керек. Отандық арналарда азғындыққа тәрбиелейтiн шетелдiк сериалдарды азайтып, ұлттық салт-дәстүрiмiздi насихаттауды күшейту керек. Осылайша жастардың ерте ажырасуына тосқауыл болсақ екен. Сондай-ақ, облыс тұрғындарына жаңадан қызмет көрсете бастаған облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлерi жұмысының нәтижесiн де көпшiлiк сезiне бiлуi керек.
Осы мақаланы жазу барысында жақын туыстарымыздың құдалығына барудың ретi келдi. Шымкент қаласындағы бұрынғы «Пахтакор» елдi мекенiнде тұратын құдалар бiздi қақпадан бастап нан, бауырсақ, тұз, кесе толы қымызбен қарсы алды. Қонақтарды дәммен қарсы алу үрдiсiн дұрыс деп ойладым.
Iшке кiрiп жайғасқаннан кейiн екi жақтың қариялары бата бердiк. Осы кезде ортаға нан әкелiнiп, төс қағысқан екi құда оны ортадан қақ бөлiп, ауыз тидi. Мұндайды бiрiншi көрген мен оны жақсы ырымға жорып, iштей мақұлдадым. Бұл жоралғының мақсат-тiлегi алда қандай қиыншылық болса да бiр үзiм нанды бөлiп жеуге дайын болайық деген серттесу сияқты болып көрiндi. Дәстүрiмiз осындай игi салттармен жаңғыра бергей.
Орынбай ҚОРТАЕВ, зейнеткер,
Ордабасы ауданының құрметтi азаматы
Дерек көзі: okg.kz
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13