Мәслихаттар қызметін әдістемелік қолдау орталығы құрылуы тиіс – Т. Мұқашев
26.01.2024, 14:16

Мәслихаттар қызметін әдістемелік қолдау орталығы құрылуы тиіс – Т. Мұқашев

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ мүшелері қатысуымен кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ өкілі Абылайхан Қалназаров.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев жетекшілік еткен іс-шарада «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы, Кеңес төрағасының орынбасары Төлеубек Мұқашев бірнеше өңірдегі әріптестерімен бірге мәслихаттар атынан сөз алып, ағымдағы жағдайды сипаттап бірқатар ұсыныстар берді.

Жиынның ашылуында Сенат Төрағасы Кеңестің бұған дейінгі отырысында белгіленген міндеттер бойынша атқарылған істер жөнінде атап өтті. Сондай-ақ алдағы бірлескен жұмысты тиімді жүзеге асырудың нақты тетіктеріне кеңінен тоқталды.

Бұл ретте ол Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген экономикалық саясаттың жаңа үлгісіне көшу мәселесіне қатысты межелердің маңызды екеніне баса айтты.

«Президентіміз экономиканың жаңа салаларын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытына да үлкен көңіл бөлініп отыр. Халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін кешенді іс-шаралар да жүзеге асырылып келеді. Елдің игілігіне арналған осы бағыттарда бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биыл Парламент бірқатар заңдар қабылдайды. Олардың қатарында жаңа Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері бар. Бұл заң жобалары бойынша, әсіресе өңірлерге қатысты мәселелерде, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Төлеубек Мұқашев екі ұсынысты ортаға салды. Алғашқысы –Кеңестің міндеттерін толықтыру, екіншісі – Кеңес құрамын күшейту болды.

«Сонау 2007 жылы-ақ Парламент Сенатында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру кезінде Кеңестің бірінші отырысын аша отырып, сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев «Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимылды жандандыру мәселесін бүгінде өмірдің өзі алға тартып отыр» дей келе, «осындай консультативтік-кеңесші органның құрылуы уақтылы және сұранысқа ие қадам» деп атап өткен еді. Өкілді биліктің жоғарғы және төменгі деңгейлерінің өзара іс-қимылы қандай да бір проблемаларды шешуде, сондай-ақ бірлескен заң шығару қызметі бөлігінде ұсынымдар мен тәсілдерді әзірлеуге жәрдемдесетінін де айтқан. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан да барлық деңгейдегі мәслихаттар арасында жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастыру, әдістемелік және консультациялық көмек көрсету үшін Кеңесіміздің жанынан Әдістемелік орталық құруды ұсынамын», – деді.

Бұдан бөлек РҚБ жетекшісі өңірлерден ел Үкіметінің вице-премьерлерінің бірін Кеңес құрамына енгізуге ұсыныс түсіп жатқанын да жеткізді.

«Жергілікті өкілді органдарда басшылық қызметте кәсіби тәжірибесі бар Сенат депутаттары, кейбір министрліктердің басшылары болса, тіптен жақсы болғалы тұр. Кеңестің міндеттері мен құрамын мұндай жетілдіру Сенаттың рөлін сөзсіз көтереді және тұтастай алғанда өңірлердегі мәслихаттардың қызметін жақсартуға, оның ішінде ел экономикасын дамытуға және жергілікті жерлердегі әлеуметтік жағдайды оңдауға ықпал етеді», – деп тұжырымдады Т. Мұқашев.

Айта кетейік, Палата жанындағы Кеңестің жұмысын бір саралауға арналған отырысқа РҚБ мүшелерімен қатар, сенаторлар, мемлекеттік органдардың басшылығы және онлайн-форматта еліміздің барлық өңіріндегі мәслихат депутаттары қатысты. Ондағы көтерілген мәселелер негізінен жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жағдайларға бейімделуін қозғады. Атап айтқанда, заң шығару қызметімен бірге өңірлердегі проблемаларды бірлесіп шешу, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, заңдардың аймақтарда орындалу барысын бақылау, сонымен қатар мәслихаттарға методикалық және материалдық-техникалық қолдау көрсету бағыттары бойынша Сенат пен жергілікті өкілді органдар арасындағы өзара іс-қимылды нәтижелі жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер