Сатушы жіберетін басты қателіктер
19.11.2018ж.

Сатушы жіберетін басты қателіктер

Елімізде кәсіпкерлерге тегін қолдау көрсетіп, оларды кәсіпкерлікке бағыттайтын ұйымның бар екенін білмейтін, кәсіппен айналысқысы келетін қаншама қарапайым адамдар бар.

Өзін-өзі басқаратын бұл коммерциялық емес ұйым - бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін, қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП бірлескен шешімімен 2013 жылдың 9 қыркүйегінде құрылған.  2015 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми түрде қайта тіркелді (2015 жылғы 27 қаңтардағы ҚР ҰКП-ның кезектен тыс ІІ Съезінің шешіміне сәйкес).

Басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру, бизнес пен билік арасында тиімді серіктестік байланыс орнату».Қандай да бір кәсіпті меңгергісі келетін адамдарға оқу-үйрету жұмыстарын жүргізеді.

Осы айда Астана қаласындағы ұйым орталығында жүргізілетін дәрістертерге қатыстым. Кезекті  дәрістердің бірі «сату, сату мәдениеті, сатып алушыларды тарту» тақырыбында өтті. Лектор сабаққа қатысушыларға: «Сырт көз сыншы, сіз сатушының қандай кемшіліктерін айта аласыз?», - деген сауал тастады. Тыңдаушылар өз пікірлерін білдіріп жатты. Ендеше, клиенттердің көзімен қарағанда, сатушы қандай кемшіліктер жібереді?

1. Дүкенге кірген клиентке мән бермеу - телефон шұқылап отыру, телефонмен сөйлесу, басқа клиентке қызмет көрсету, теледидар қарау, басқа біреумен сөйлесіп тұру т.т.

2. Тым көп сөйлеу, алушының алдын орағыту - алушыға затты өткізу мақсатында оған дүкенді еркін аралауға мүмкіндік бермеу, жанында көптеген сұрақтар қойып мазасын алу (мүмкін ол жай ғана қандай дүкен, не бар екенін, бағасын білгісі келген болар. Мұндай жағдайда, сатушы қандай да бір көмегі керек болса, дайын екендігін білдіріп, жақсы қас-қабақпен қарсы алған дұрыс).

3. Клиентті менсінбеу – клиенттің түр-әлпеті мен киіміне қарап, оған қасақана қызмет көрсетпеу (шетелдік бір қонақ қымбат киімдер дүкеніне кіріп, қызығып, бағасын сұрағанда естіген жауабы: «Оған сіздің ақшаңыз жетпейді»)

4. Алушыға түсініксіз жауап беру, мысалы принтер туралы айтар болсаңыз: «мәтін мен кескіндерді қағазға немесе басқа да басып шығарылатын арқауларға шығаруға арналған құрылғы, ЭЕМ-ның ақпарат басып шығаруға арналған перифериялық құрылғыларының бір түрі. Баспа таңбаларын басу әдістеріне қарай Принтерлер матрицалық, сия құюшы ағыстық, (струйный), лазерлік, жылулық, сублимац., т.б. болып бөлінеді. Бұл соның ішіндегі лазерлігі...» - десең, клиент қашып кетуі мүмкін. Сондықтан заттың қасиеттерін қарапайым, түсінікті етіп жеткізген жөн.

5. Енді бір сатушылар өзге клиентке қызмет көрсетіп, сізді елемейді, не болмаса қолым тимей жатқанын көрмейсің ба дегендей кейіп танытады.

6. Саған таңдаған затың ұнамай қалды, алудан бас тарттың, сол сәттегі сатушының әрекеті ол дүкенге ешқашан бас сұқпайтындай етуі ғажап емес. «Сізсіз де алушылар жетеді»,-деген сөз айтады, айтпаса да түр әлпетімен сездіреді.

7. Дүкенге баламен кірген кезде, балаларға жақтырмаған түр көрсету, оның анасын дүкеннен шығып кетуге мәжбүрлейді.

8. «Бізде бұдан да жақсысы бар, көріңіз, қолыңыздағы ең арзаны болып саналады», - дегенді естіп, алушының алуға деген ықыласы кетіп қалуы мүмкін, себебі ол оның сапасына күмән келтіріп қалды. Сондықтан, бұндай сөздерді қолданбаған дұрыс. Жалпы клиенттің психологиясын, сөйлеу арқылы әсер ету құпияларын меңгерген дұрыс.

9. Алдау, заттың көзге көрініп тұрған кемшіліктерін жоққа шығару.

К.Жақсылыққызы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер