Ұлттық өнерімізді насихаттайық
07.04.2021, 16:34

Ұлттық өнерімізді насихаттайық

Бүгінгі таңда білім берудің негізгі мақсаты – білім алушының тек қана білімін, біліктілігін, дағдысын қалыптастыруға қол жеткізу ғана емес, ұлттық тәрбие негізінде ертеңгі қоғамның белсенді азаматын қалыптастыру. Бұл дегеніміз - ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық санамызда, рухымызда, болмысымызда өзіндік қолтаңба ретінде қалыптасқан ұлттық өнерімізді насихаттау.

Ұлттық өнер – халқымыздың қолданбалы өнерінің ең биік жетістіктерінің бірі. Бүгінгі күнге дейін күнделікті тіршілігімізде қолданылып келген түрлі ою-өрнектер, сәндік, әшекейлік бұйымдар – талай ұрпақтың ақыл-ойы мен шеберлігінің жемісі. Алайда озық технологиямыз дамыған мына заманда қазір көпшілік, әсіресе, жастарымыз оған аса назар аударып жатқан жоқ. Жастарымыз интернеттің шырмауына түсіп, көп уақыттарын болмашы нәрселерге жұмсап жатады. Бұрынғы кезде тәрбие балаға ата-анасының үйреткен өнерімен берілетін. Ал бүгінде сол ата-анасының өздері балаларына жарты сағат уақытын әрең бөліп жүргенде, бұл өнерді кім насихаттамақ? Сондықтан да жоғары оқу орындарының қабырғаларында ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді насихаттайтын қосымша қолөнер үйірмелері көптеп ұйымдастырылса, бұл студент жастарымыздың білім ала жүріп, бос уақытын тиімді пайдалануына да өз көмегін тигізер еді деп ойлаймыз. Ұмытылып бара жатқан қолданбалы ұлттық өнерімізді қайтадан игере бастасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://www.kaznu.kz/  жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында құрылған «Жас шебер» қолөнер үйірмесінің басты мақсаты да осы. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлттық өнерімізді ұмытпай, келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізу, ұлттық мәдениетте өзіндік орнын көрсету және де мүмкіндігінше қазақ сәндік қолөнерінің өзіне ғана тән құндылықтарын, халықтың мінез-құлқын көрсете білу.

Үйірме бағыты бойынша жұмыс жасай отырып, тыңдаушылар бос уақыттарын үнемді пайдалануға, адамдардың тұрмыстық сұранысын қамтамасыз ететін қолөнер бұйымдарын даярлаудың ең тиімді әдістерін меңгеруге дағдыланады. Білім алушылардың жасаған ең үздік бұйымдары университеттің мұражайларына қойылады.

Сонымен қорытар болсақ, бүгінде еліміздің білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңаруы жағдайында ұрпақ тәрбиесінің негізіне – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған, уақыт сынынан өтіп, сараланған ұлттық тәлім-тәрбиесінің, ұлттық қолөнерінің бай қазынасы, мол тәжірибесі алынып отыр. Өйткені, жастардың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлердің негіздерін меңгергенде ғана жалпы адамзаттық мұраларды игеріп дүниеге дұрыс көзқарасы, озық ойлау жүйесі қалыптасатыны анық. Сондықтан басқа да оқу орындарында ұлттық өнерімізді насихаттайтын осындай үйірмелер көптеп жұмыс жасаса екен деген ниеттеміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының

оқытушылары Ибрагимова М.Н., Мужигова Г., Нусупбаева С.А.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер