The Economist журналының соңғы нөмірінен жылқы еті туралы мақаланы көріп, қуанып кеттім. “Көрдіңдер ма, менің аталарым осының бәрін баяғыда білген” деймін ғой журналды бөлісіп оқитын америкалық көршіме. “Этика ше?” дейді ғой. “Ал этикалық жағына келсек, міністің жылқысы басқа да, соғымға соятын басқа” дейсің. Сосын соғым туралы лекция оқып, “соғым басы” туралы айтасың. Қысқасы, әңгіме қыза асүйде жиналған Мысыр, Испания мен Швециялық көршілерім, қазының, әкелем десеңіздер, дәмін татуға дайын болып тарқасты).
Ал енді материалдың өзіне келсек. The Economist – апталық журнал, 1 600 000 данамен тарайтын ағылшын тілді ең беделді либералдық басылымдардың бірі. Ақпан-наурызға арналған топтама нөмірін тамақтану мәдениетіне арнапты. Бұл нөмірге ақырзаман келгенше адамзатты Марсқа көшірем деп жанталасып жүрген Илон Масктың анасы Мэй Халдеман сұхбат беріпті. Ол кісі өскенде табысты болу үшін балаға не тамақ беріп тәрбиелеу керек деген сұраққа жауап береді. Жоға. Өкінішке қарай, “қазы жегізіп, қымыз ішкіз” демепті. Баяғы жеміс-жидек, өлшеммен тамақтану дегенді айтады.
Ал италиялық профессорлар одан гөрі ақылдырақ болып шықты. Новелист және журналист Том Рачман Пармаға барып, жылқы еті қосылған гамбургер жегенін баяндайды да жергілікті тағамтанушылармен сөйлеседі. Италияның бұл өңірінде жылқы еті қалайша дәстүрлі тағамға айналды дегенді Рачман былай тарқатады (материалдан үзінді):
“Ата-бабаларымыз жабайы жылқы етін тас ғасырынан бастап тұтынған. Ерте Орта ғасыр кезеңінде Христиан дінінің таралуымен бірге жылқы еті де дастарханнан ығыса бастады: өйткені ол пұтқа табынушылардың рәсімдерін еске салатын. Рыцарьлық кезең арғымақ төлін адамның бекзат серігі деңгейіне көтеріп, бұл ұғымды одан әрі күшейтті. Алайда 1800-жылдардың басында, жылқы етін аш өлімнен құтқару үшін қайта тұтына бастады. Наполеон әскеріне көлік болған жылқылар адам көзінше өліп жатқанда, аш сарбаздарға бұйрық келді: “Міне сендерге тамақ”. Парма ол кезде Наполеон империясының құрамында еді. 1861 жылы Италия өз бетінше біріккеннен кейін халықты ойлаған ақсүйектер ешкімге қажеті жоқ жылқы етін кедейлерге ас болсын деп жариялады... Белгілі Пармалық тағам тарихшысы Джанкарло Гониццидің айтуы бойынша, өмір ырғағы күрт жылдамдаған Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін кептірілген жылқы етінен тіскебасар жылдам тағамдар дайындалды. Қазір олар жергілікті дәмханалардың мақтанышына айналған. Мысалы, Остериа Делло Зингаро сияқты танымал мейрамханалар “Жылқы етінің үш түрін” есік сыртында жарнамалайды. Парма университетінің тағам мәдениеті профессоры Стефано Бентли соңғы жылдары “ди каваллоға” (бұл мақалада аталатын жылқы етінен жасалатын тағамның бір түрі), әсіресе жастар арасында, сұраныс күрт артты дейді. Бентли мен оның жақтастары жылқы етінде холестерин аз, ал темір көп екенін айтады. Олар мұны балаларға жылдам өсуі үшін, атлеттерге бұлшық ет жинау үшін, артық салмақпен күресушілерге салмақ тастау үшін және жасы келгендерге қартаймау үшін пайдалы дейді. Қысқасы, жылқы етін бәрі жеу керек”.
Рачман осыдан бес жыл бұрын Британияда тоңазытылған бургерлерден жылқы еті табылған жағдайды еске алады. (Британ заңы бойынша жылқы етін сатуға тыйым жоқ, бірақ ингредиеттер тізімінде көрсетілмесе, заң бұзушылық болатыны анық). Сол жағдайдан кейін британдықтар түгелдей вегетариан болып кетуге жақын қалған-мыс. Соның өзінде Англиядағы атақты Дартмур Ұлттық саябағына сыймай кеткен пониларды жергілікті фермерлер жүздеп атып алып, шұжық жасайды дейді. Жасаса жасайтын шығар, өз басым еш дүкеннен көрмедім. Тек keziefoods.co.uk вебсайтында жылқы стейгінің бес түрін, туралған жылқы еті мен жылқы шұжығына тапсырыс беруге болады. Қинала-қинала аузына салғанымен, тісі етке тигенде сүйсінгенін айтады да, Рачман мақаласын: “Иә, мен өзім ойлағандай тым жақсы адам емес шығармын” деп аяқтайды. Мен де аса жақсымын деп айта алмаймын. Бүгін түсіме ет кіретін шығар.
©Әсия Бағдәулетқызы