Показать содержимое по тегу: мамандар тапшылығ
Жасыратыны жоқ еліміздегі жетекші саяси ұйымдарды сөз етсек ең әуелі санамызда «Нұр Отан» партиясы еске түседі. Аталған партия халық бірлігін сақтап қалу жолында тың бастамаларды қолға алып, ересен еңбек етуімен де ерекшеленеді. Партияның мақсаты да айқын. Ол мемлекеттік бағдарламалар мен Жолдауларды жүзеге асыру, елімізде орын алған барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісу, әлеуметтің ахуалын көтеру, мүгедектерге мейлінше жағдай жасау, жетім мен жесірді жылатпау, әлсіз жандарға қос қолдап жәрдем беру, жастарға жарқын болашақ сыйлау, кәсіпкерлерге қолдау таныту, әділеттіліктің баянсыз пішінге ие болмауын назарда ұстау. Міне, осы игі мақсаттарда «Нұр Отан» партиясы өзінің жігерлі жетекшілеріне бірге сан жылдан бері күшін сарқа жұмсауда. Мыңдаған жанның баянды өмір сүруі үшін мол мүмкіндіктерді қарастыруда. Соның арқасында «Нұр Отан» дүйім елдің үлкен сеніміне ие болды. Олардың қатарында оңтүстікқазақстандықтардың да қарасы көп. Бүгінде облыс халқының 110 мыңнан астам тұрғыны осы саяси ұйымға мүше болып табылады. Осыншама сенімге ие болу – партияның облыстағы филиалының жүйелі жұмысының нәтижесі десек артық айтқандық емес. Осыған орай біз партияның өңірде атқарып жатқан жұмыстарын оқырманға таныстыру үшін «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауовпен арнайы тілдескен едік.
—Болатбек Дүйсенбекұлы, осы жылдың сәуір айында өзіңізге мыңдаған мүшесі бар жетекші партияның облыстағы филиалын басқару тізгіні сеніп тапсырылды. Сонда Сізге партияның сайлауалды бағдарламасын орындау, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жұмыс белсенділігін көтеру, арыз-шағымдар мен халықтың мұң мұқтажын шешуге атсалысу сынды талаптар қойылған болатын. Сол талаптың үдесінен табылу жолында қандай жұмыстарды қолға алып жүрсіздер?
—Осыдан бірнеше жыл бұрын ел межесі – елулік деп ұмтылсақ, қазір Қазақстан ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр. Бұған қол жеткізуде елімізде түрлі бағдарламалар жасалып, оны жүзеге асыру жолға қойылуда. Бұл ретте көшбасшы партияға артылған жауапкершіліктер өте көп. Мәселен, жаһандануға жұтылып кетпеуді көздеген, дағдарысқа қарсы іс-шараларды жинақтаған «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын бақылау бізге жүктелгенін оқырман қауым жақсы біледі. Соған сәйкес біз аталған бағдарлама аясында қазынадан және еліміздің Ұлттық қорынан бөлінетін қаржылардың мақсатты түрде игерілуіне мониторинг пен бақылау жүргізудеміз. Ол үшін «Нұр Отан» партиясы фракциясының 5 комиссиясы жасақталды. Олардың құрамы да бекітілді. Өз кезегінде олар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, шағын және орта бизнесті қолдау, көліктік логистикалық инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттары бойынша орындалып жатқан жұмыстарды саралайды. Осы мақсаттағы жұмыстарға біз көп екпін берудеміз. Себебі биылдың өзінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 45 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып, оның 20-ның құрылысы биыл, қалғаны келер жылы аяқталады деп күтілуде. Жоғарыда атап өткен басқа да бағыттар бойынша Ұлттық қордан миллиардтаған қаржылар қаралған. Бұл салық төлеушілерден жиналған миллиардтар. Ал халықтың маңдай терімен жиналған ақшаға ешкімнің де иен астындағы байлығы сынды қол салуға құқы жоқ. Барлығы да ел игілігіне жаратылуы керек. Партиялық бақылау комиссиясының мақсаты осы.
Естеріңізде болса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның XVII-съезінде жемқорлық қауіптілігі жағынан экстремизмнен еш кем емес жау екенін баса айтып, «Нұр Отанның» онымен аяусыз күресетінін айтқан болатын. Бүгінгі жаһандану заманында жемқорлықпен күресу және оны жоюдың маңыздылығы зор. Біз де осы жолда білек сыбана жұмыс атқарудамыз.
—Сіз жоғарыда бюджеттен немесе ұлттық қор есебінен іске асатын құрылыстардың қаншалықты дұрыс жүргізіліп жатқандығы жайында партиялық бақылау комиссиясының сүзгісінен өтетінін айттыңыз. Құрылыстың орындалуы кезінде қандай кемшіліктер анықталады?
—«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облысымызда жүргізіліп жатқан жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатыр. Бірақ бірқатар олқылықтардың орын алғанын да жасырмау керек. Ол құрылысты бастауға негіз болатын бірнеше нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарының ережеге сай өткізілмеуі болып отыр. Мысалы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша Шымкенттегі «Солтүстік-батыс» шағынауданына кәріз тораптарының құрылысы бойынша, «Тұран» мөлтекауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысын жүргізетін жеңімпаз мердігер мекеме жуырда ғана белгілі болған.
Салдарынан құрылыстың бастау алуы да, оның аяқталу мерзімі де кестеге сай көрініс таппайтынын түсіну қиын емес. Оған қоса «Тұран» мөлтекауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы бойынша 1 қыркүйекке дейін 227,4 млн тенге бюджет қаржысы игерілмей тұр.
Құрылыстың қарқынды әрі сапалы жүргізілуі ең әуелі осы мемлекеттік сатып алу конкурстарын әділ әрі мүлтіксіз орындаудан бастау алады. Өкінішке орай көп жағдайларда бұл тәртіп сақтала бермейді.
Біз «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты аясында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан 84 әлеуметтік нысанға сараптама жүргізген кезде де бұған анық көз жеткіздік.
—Осы жайында да тарқатып айтып өтсеңіз…
—Оңтүстік Қазақстан облысына «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңадан бой көтерген және күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан 49-білім, 9-мәдениет, 8-спорт, 8-көркейту және абаттандыру, 5-денсаулық сақтау, 5-әлеуметтік нысан бас-аяғы 84 әлеуметтік нысанға сараптама жүргізуді «Нұр Отан» партиясы басшылығы бізге тапсырған болатын. Бүгінде ол нысандардың 79-ның құрылысы ағымдағы жылдың 1-тамызына дейін басталып кетті. Қалған 5-нің құрылысы тұралап тұр. Неге?! Себебі мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуде кемшіліктер орын алғандықтан жұмыстар уақытша тоқтатылған. Бұл құрылыс жобаларды атап өтетін болсақ, олар Төлеби ауданындағы Т.Тәжібаев мектебін күрделі жөндеуден өткізу, Кентау қаласындағы бокс мектебін ағымдағы жөндеуден өткізу, Кентау қаласы, Ащысай ауыл округіндегі спорт залын жөндеу, Бәйдібек ауданы, Нұра ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Отырар ауданындағы Шәуілдір елді мекеніндегі Д.Алтынбеков көшесін абаттандыру бойынша жүргізілген мемлекеттік сатып алу конкурстары болатын. Бұл жұмыстар осы жылдың мамыр-тамыз айларында іске асуы керек болатын. Бірақ облыстық мемекеттік сатып алу басқармасы өткізген конкурс талапқа сай болмағандықтан жұмыстар жүргізілмеген. Яғни, конкурстың басы-қасында жүрген жауапты мамандар сатып алу кезеңін дұрыс жүргізбеу, жеңімпаздарды дұрыс анықтамау сынды заң бұзушылықтарға жол берген. Бұл облыстық ішкі аудит департаментінің камералдық тексеруі кезінде анықталған. Соған сәйкес конкурс нәтижесі бұзылып, ол тамыз айында қайта өткізілген. Жеңімпаздар да белгілі болды.
—«Бірдің кесірі мыңға» деген. Тиісті мамандардың құрылыстың дер кезінде жүргізілмеуіне жол беруі мыңдаған оқушыларға қолайсыздық тудырып жатыр емес пе? Үлкен мәнге ие жұмыстарды сеніп тапсырғандардың салғырттығы жауапсыз қалдырылмайтын болар…
—Дұрыс айтасыз. Құрылысты жүргізу үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстарының бірқатарының дұрыс ұйымдастырылмауына орай, облысымызда биылғы жаңа оқу жылында 15-білім беру нысанының 8-де жөндеу жұмыстары кешіктірілді. Салдарынан мыңнан астам өскелең ұрпақ өзге мектептерде, аудандық клубтарда оқуға мәжбүр болды. Басқа мектепке барған бала бірінші орында оқуды емес, сол ортаға сіңісіп кетуді ойлайды. Содан оның сабақ үлгерімі де ойдағыдай болмай, сәл-пәл төмендеуі әбден мүмкін. Ал үйдегі ата-ананың жайы бір бөлек. Өз кезегінде олар да «баламыз аман-есен жетті ме екен? Күнделікті қатынап жүрген жолы болмаған соң қиын ғой» деп тақымын қысып отыратыны тағы бар. Біз мұны терең түсінеміз. Және қателік жіберген қызметкерлер жауапсыз қалмауы тиіс деп білеміз. Бұл жерде қателіктер әу баста мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген мемлекеттік органдарда кеткені анық.
Партиялық бақылаудың негізгі мақсаты «тырнақ астынан кір іздеу» немесе біреуді жауапқа тарту, оны аяусыз жазалауын көздеу емес, кемшіліктерді алдын алу, орын алған олқылықтардың орнын толтыру, мемлекеттік маңызға ие жұмыстар сеніп тапсырылған лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік қызметшілерге жауапкершілікті толықтай сезініп, жұмысты өз деңгейінде орындауға шақыру болып табылатынын түсінген жөн.
—Болатбек Дүйсенбекұлы, барар жер, басар тауы қалмай, әділеттілік іздеп шарқ ұрған жандардың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына келіп, араша сұрайды. Үкілі үмітпен қабылдау бөлмелерінің есігін қаққан халықтың сенімін қаншалықты ақтап жүрсіздер?
—Партияның облыстық және аудандық, қалалық филиалдарында барлығы 16 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Бізге сенім артып, бұйымтайымен келген әрбір азаматты жылы қабылдап, олардың жағдайын біліп, жанайқайын тыңдау азаматтық міндетіміз екенін ұмытпаймыз. Жыл сайын бізге өтінішпен келетін жандардың қарасы көбейіп жатыр. Бұл партияның ел сенімін ақтап жатқандығының нақты дәлелі. Мысалы, облыстағы қабылдау бөлмелеріне осы жылдың қаңтар-шілде айларында азаматтардан 4933 арыз-шағым келіп түскен. Есепті кезеңде олардың 1414-і өз шешімін тапса, 3395 арыз иесіне заң аясында кеңес берілді. Қалған азаматтардың өтініштері қаралуда. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне арыз-шағымдар жазбаша, ауызша, сайт және телефон арқылы түседі. Көбіне-көп азаматтар өз өтініштерін ауызша айтып жатады. Электронды түрде шағым түсіретіндер анағұрлым аз екенін де айтып кеткен абзал. Дегенмен де оның әрбірі біз үшін маңызды. Өйткені ол халықтың бізге сенімін білдіреді. Сол сенімді ақтау үшін біз қолдан келер көмек беруден аянып қалмаймыз. Кез келген өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпаймыз.
—Азаматтардың көпшілігі қандай өтініштермен келеді?
—Көпшілігі тұрғын үй және баспана салу үшін жер алуға партия тарапынан ықпал ету туралы өтініштерін білдіреді. Енді бірі жұмысқа орналастыруға жәрдем сұрайды. Азаматтардың тілектерін тыңдау, өтініштерімен танысу кезінде біз әртүрлі мекемелерде еңбек заңдылығының сақталмайтынын, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша да бірқатар кемшіліктердің орын алып жатқанына көз жеткіздік. Тұрғындардан білім беру, денсаулық сақтау, несие, шағын және орта бизнесті қаржыландыру жөнінде де талап-тілектер түсіп жатады. Бұдан бөлек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтын шағымдар да келеді. Келген арыз-шағымдардың барлығын біз тиісті мамандармен бірге қарап, оны шешудің жолдарын қарастырып, орындалуын бақылауда ұстаймыз.
—Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Дастан АСҚАРҰЛЫ.
Дерек көзі: uakit.kz