«…Күлкі қымбат»
04.05.2018, 18:15

«…Күлкі қымбат»

Сонау көне дәуірден бастап әлі зерттеуді талап ететін мәселелер бар. Соның бірі – тілдегі дыбыс пен мағынаның өзара табиғи байланысы.

Қазіргі қазақ тілінде дыбысқа еліктеу, идеофондар, еліктеуіш сөздер, мимемалар, бейнелеуіш сөздер, имитативтер, дыбысбейнелеуіш сөздер, ономатоптар және басқа да лексикалық қабаттар бар. Әрине бұл сөздердің атауларының әртүрлі қолданылуы олардың жан-жақты әрі нәтижелі зерттелуіне өз ықпалын тигізе қоймайды. Мұндағы ең ­басты мәселе терминді таңдай білу емес. Мәселе олардың шығу жолдарының мәнін және тетігін тілдің лексикалық жүйесін тарихи қалыптасу мен даму процесіндегі алатын орнын, тілдік таңбамен және жалпы глоттогенез мәселесімен өзара байланысын түсіне білуде болып отыр. 
Бірқатар түркі тілдерінің дыбыс­бейнелеуіш түбірлерінде анлаут­тық п,б дыбыстарының мынадай сәйкестіктері бар: қазақ тілінде пысқыр (жануарлардың пысқыруы), қырғыз тілінде быш (пысылдау, мұрнын тарту), бышқыр (пысқыру, түшкіру), тува тілінде бышқыр (қой не ешкінің пысқыруы), түрікмен тілінде пыш-пыш (тасбақаның ысылдауына, паровоздың пысылдауына еліктеу), саха тілінде пыс (тар саңылаудан келіп тұрған ауа ағынының дыбысына, ысылдауға еліктеу), өзбек тілінде пихилла (пысылдау, тұншығу, ентігіп демалу), хақас тілінде пысхыр (жануарлардың пысқыруы).

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы күлкінің мәнін атап көрсеткен өлеңінде: «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп жырлағаны белгілі. Бұл орайда қазақ тіліндегі күлкінің алуан түрін білдіретін дыбыстық бейнелеуіш­тік етістіктерге төменде келтірілген аналитикалық түзілімдерді жатқызуға болады:
Ду күлу. Күлкінің бұл түрі бір топ адамның алдарындағы адамның белгілі бір сөзіне немесе қандай да бір қимыл-қозғалысына қатысты әрекетін білдіреді. Адамдардың күлкілі сөзге, нақты бір көрініске, ерсі қимылға байланысты туындаған эмоциялық күйін білдіреді.
Мырс-мырс күлу. Қазақ тілінде күлкінің бұл түрі негізі тәрбиелі, тәртіпті, мәдениетті адамдардың, кейде ұялған адамдардың қымсынған күлкісі болып саналады. Мырс-мырс етіп күлетін адамдар көңіл күйін ашық түрде білдіре бермейді. Олар өте байсалды, сабырлы болып келеді. Олардың көңіл күйі көтеріңкі екенін ұшқын атқан көздеріне және еріндерінің жымиған қалпына қарап байқауға болады. Ер адамдарға да, әйел адамдарға да тән бұл күлкі рақаттанған адамның кейпімен қатар жеңіл, кексіз мысқылды да білдіруі мүмкін.
Сақ-сақ күлу. Дауыс қарқыны мен экспрессивтілігіне қарай күлкінің бұл түрі қарқ-қарқ күл етістігімен мәндес. Онда күліп жатқан адамның жас, албырт екені, күш қуаты да байқалады. Ондай адамдар табанды, жігерлі, қайратты, батыл екені де байқалады. Сақ-сақ күлу негізінен бәйгеге бас тігер күш-қайраты асып тұрған, өзіне өзі сенімді жігітке тән. Әдетте күш-қуаты тайған, қартайған адамдар бұлай күлмейді.
Кеңк-кеңк күлу. Күлкінің бұл түрі өзін басқалардан жоғары санайтын менменсіген көкірегін керген, дандайсыған адамға тән. Ондай адамдарды қарапайым ақжарқын, шынайы деуге келмейді. Олардың жаны ашуы, аяныш сезімі, ортада мәдениетті адам ретінде көріну үшін ғана жасанды түрде көрініс табуы мүмкін. Мұндай күлкі көпмәнді болып, кекесін, табалау мәнін білдіреді.
Қарқ-қарқ күлу. Көңілі толған, риза болған адамның күлкісі. Әдетте ол ақкөңіл, кішіпейіл адамдарға тән. Ол шынайы күлген, тәнті болған адамның күлкісі. Бұл көбінесе мұқият, сезімтал әкенің баласының қылықтарына риза болған күлкісі. Сонымен қатар, әдемі қалжыңға, шешен сөзге риза болған ересек адамның риясыз күлкісі. Бұл көңілін ауламақ болып, тұнжыратқан ойларын, еңсені басқан ойларды бір сәт ұмытқысы келген адамның шат-шадыман күлкісі. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша қазақтарда бұл күлкі ер адамдарға тән.
Саңқ-саңқ күлу. Күлкінің бұл түрі сақ-сақ күлу етістігіне өте ұқсас. Бірақ оған қарағанда әлдеқайда әуенді, құлаққа жайлы болып келеді. Ол негізінен түбірдің құрамындағы ң үнді дауыссызының әсерінен пайда болған. Бұл күлкі жайдары, ашық, айналасын бірден үйіріп әкететін адамдарға тән. Риясыз еліктіргіш күлкісі оның тәртіпті, мейірімді, бекзат екенін білдіреді. Оның жарқын күлкісі еліктіріп әкетеді. Күлкінің бұл түрі қазақ тілінде де, түркі тілдерінде де бүркіт, сұңқар сияқты текті құстардың дауысына дыбыстық еліктеу нәтижесінде пайда болған. Сонымен қатар жырқ-жырқ күлу көбінесе жеңілтек, ұшқалақ, үстірт ойлайтын адамдарға тән болып келеді. Әдетте нақты бір жағдайды адамның болмысын түсінбеген адамдарға қатысты айтылады. Көп ретте олар өз әрекеттеріне шошып, қарсы алдындағы адамдарға қарап, сасқалақтап күлуге мәжбүр болады. Сондай-ақ дұшпанынан кегін алған айтас-тартыста қарсыласын қапы қалдырған адам күлуі мүмкін. Ер адаммен сөйлесіп отырып, осылай күлген әйел адамның күлкісі мінезінің жеңілтек екенін, тәртіпсіз, орашолақ адам екенін білдіреді. Ал селк-селк күлудің ерекшелігі күліп отырған адам қатты дыбыс шығармайды. Алайда ол күлкісін тежемек болғандықтан басы, қолы не түгел денесі селкілдейді. Бірқатар адамдардың денесінің селкілдегені байқалса да елдің назары көңілді адамның жан жадыратар қуанышты күлкісіне аударылады. Оның көзі қысылып, аузы сәл ғана ашылып тұрады. Мұндай күлкі әсіресе ересек адамдарға тән. Күлкінің тағы бір түрі «солқ-солқ» күлу. Ол селк-селк күлуге қарағанда әлдеқайда күштірек. Одан айырмашылығы күліп жатқан адамның даусы қатты дөрекі шығады. Бұл алып тұлғалы, денелі адамның күлкісі. Күлген кезде бүкіл денесі селкілдейді. Ол күліп жатқан кезде оның қозғалысы мен жаңғырған даусынан айналасы қопарылып кететіндей әсер қалдырады. Мұндай күлкі адамды теріс жағынан сипаттамайды. Толық болғандықтан ол күшті әлеуетті көрінеді. Сық-сық күлу туралы айтар болсақ, күлкінің бұл түрі ақырын жай ғана естіледі.
Әдетте белгілі бір жағдайға байланысты қатты қарқылдап күлуге болмайтын немесе күліп жатқан адамның ұялшақтығына, ыңғайсыздануына байланысты сық-сық күледі. Кейде осылай күлген ер адамның күлкісі соншалық жіңішке болып шығатындықтан, ол әйел адамның күлкісіне де ұқсап кетеді. Кейде көпшілік алдында ақырын ғана көз алдап күлген адам былай шыға бере қатты қарқылдап күлуі де мүмкін. Сылқ-сылқ күлу. Кейде күлкінің бұл түрі айқындылығы мен күші бойынша сық-сық күл етістігімен ұқсас. Күлкі біршама ұзаққа созылып, тонының ұзақтығымен ерекшеленеді. Ол түрлі жастағы ер адамдарға да, әйел адамдарға да тән. Сылқ-сылқ етіп күлетін адамның мінез ерекшеліктерін дәлме-дәл айтып беру мүмкін емес. Себебі мұндай күлкі белгілі бір жағдайға байланысты пайда болады. Кейде жақын аралықта бір істі сәтті орындап шығып, сол кезде қуанышты сәттерін еске алып сол кезге қайта оралғандай болады. Таңқ-таңқ күлу. Мұндай күлкінің дыбысталуы адам даусының өзіндік ерекшелігіне байланысты. Әр сөзін саңқылдап нақпа-нақ айтатын адам күлген кезде де жаңғырықтырып, саңқылдап күледі. Ондай адамдар көбінесе даңғой, мақтаншақ, өзіне-өзі сенімді болып келеді. Кейде мұндай адамдардың күлкісі көзбояу сияқты болып көрінуі мүмкін. Қатты қарқылдап күліп алып, ыңғайсыз жағдайда қалып жатады. Олардың күлкісінің жасанды екенін сезгендіктен қасындағылар ол күлген кезде қосыла күлмейді. Біршама дөрекі әрі жағымсыз күлкіге тарқ-тарқ күлуді жатқызамыз. Ол негізінен тұрпайы, мәдениетсіз, әдепсіз адамдарға тән. Ондай адамдар көбінесе мылжың, сөзуар болады. Көні түсетін, кіріптар адамы күлген кезде ондай адамдар жағымпазданып елден бұрын қостай күледі. Қарқылдап күлген адам тоқтай алмай, ұзақ күліп күлкісінің соңғы жағы шиқылдап, пиқылдап жөтелге ұласып жататын күлкіні «қиқ-қиқ күлу» деп айтады. Қиқ-қиқ етіп күлу көбіне ересек адамдарда кездеседі. Ондай адамдар эмоцияларын ырықтай алмайды, әсершіл келеді. Қазақтың ұлттық этикетіне сәйкес қартаң тартқан жасы ұлғайған адамдар бұлай күлмейді. Адамның даусына шиқылдаған, жіңішке болуына байланысты күлкіні шиқ-шиқ күлу дейміз. Алайда, кез келген адамның күлкісі осылай шығуы мүмкін. Мысалы, қазақ дәстүрінде жастардың арасындағы қалжыңдар, қайныларымен әзілдесу, қағыту сияқты әзіл-қалжың түрлері көп болған. Кейде бірнеше жас келіншек қалжыңы жарасқан қайнысы күле-күле ішегі түйілердей болып, жеңілгенін мойындағанынша қытықтай берген. Туыс емес адамдарды өзара жақындастыратын бұндай әзіл-қалжың жеңгелері мен қайныларының арасында жиі орын алған. Күліп отырған адамның сыртқы тұрпатын, бет құбылысын бейнелейтін күлкі – ыржаң-ыржаң күлу. Ыржаң-ыржаң күлетін адамның жеңілтек, ұшқалақ екені бірден көрініп тұрады. Сонымен қатар бұл мағынаның өзін-өзі тежеу, жасы кіші адамның ересектермен сөйлескен кезінде ыңғайсыздануы, ұялуы, жасқануы, кездескен ғашықтардың қысылуы сияқты бейтарап мәндері де байқалады. Ырқ-ырқ күлу. Күлкінің бұл түрі мағыналық жағынан жоғарыда сөз болған солқ-солқ күлу етістігімен мәндес. Ырқ-ырқ күлу негізінен толық, етжеңді, семіз адамдарға тән. Ондай әйел адамдарды «бес биенің сабасындай», ал ер адамдарды «төбедей, шөккен нардай» деп атаған. Қатты күлгеннен ондай адамдар күлген кезде селкілдеп, селк-селк етіп, іркілдеп күледі.

Сөз төркіні

Жиен неге ел болмайды?

Қазақтың мақал-мәтелі болсын, нақыл сөзі болсын, тыйым сөзі болсын, тәмсілі болсын бекерден-бекер айтыла салмаған. Олардың қай-қайсысында да ойлы мазмұн, терең мағына жатыр. Оның әрбірі туралы толғамды ойлар айтуға әбден болады.

Өкініштісі, біз көбіміз сол айтылған мағыналы сөздің түбіне үңілмей, бетін ғана қалқып, шала түсініп және шала түсіндіріп жүрген жайымыз бар. Әзербайжан елінің «Мақалға дау жүрмейді» ­деген асыл сөзі бар. Өйткені мақал-мәтелдер өмір сынынан өтіп, әбден пісірілген, қайта өңдеуге жатпайтын дүниелер. Бұған дәлел ретінде «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалды алайық. Бұл сөзді нағашы мен жиен арасындағы қылжақ есебінде қабылдағандар «жиен неге ел болмасын, малы болса, желке неге ас болмасын майы болса» деп жақауратып жүр. Жасырары жоқ, мұны шығарғандар «жиен ел болмас…» сөзінің түпкі мағынасын түсінбегендіктен «малы бар жиенді» есеппен ел қылмақшы. Желкеге май жаққанменен оның тағамдық құрамы өзгермейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. «Жиенді ел қылудың» болашақтағы салдары қаншалықты оғаш болатынына көз жіберіп көрейікші.
Қазақ атамыз «жиен ел болмас» дегенді әзіл немесе қылжақ есебінде емес, нақты өмірлік шындық тұрғысында айтқан. Бұл сөзді кейбіреулерге ұқсатып «адам болмайды, көмегі тимейді, жақындығы жоқ» деген мағынада ұқсақ тағы да қателесеміз. Жиен – қыздың баласы. Алысың емес, ал неге ел болмайды?
Ел болмайды деген сөздің ­тасасында ол сенің еліңнен, сенің руыңнан емес, турасын айтқанда қаны бөлек деген мағына береді. Басқа жер, басқа елден (рудан), бәлкім басқа ұлттан. Бұл орайда «Қыз – қонақ», «Қыз жат-жұрттық», «Қызды жау да алады» деген мәтелдерді де ескерген жөн. «Атасы басқа аттан түс» деп өз баласын жауда қалдырып, інісін мінгестіріп кететін қазақ емеспіз бе?! Патриархаттық үлгімен өмір кешкен қазақ халқы жеті атаны әке жағынан ғана таратқан. Әйелдерді шежіреге қоспаған. Қыздан туған баланың «ел болмауы» осы тұрғыда қарастырылған. Жиен сенің шежіреңе қосылмайды.
Жасыратыны жоқ, өмірлік жағдайларға немесе әртүрлі ­себептерге байланысты жиендер көбінесе нағашылардың қолында тәрбиеленеді. Жиендерін сағалаған нағашылар көп кездесе бермейді. Мұның өзі де қазақ халқына тән өмірлік заңдылық. Қазіргі таңда кейбір ата-аналар арасында қыздың баласын да «немерем» деп таныстыратынды, қыздың баласы не, ұлдың баласы не, екеуі де немерем деп өзеуреп, жалған намысқойлықты ту етіп жүргендер көбейіп барады. Осы шағын мақаланы жазуымның себебі де осындай өзеуреп, сөзге түсінбегендердің жағдайынан туындады. Жиенді өз атымен атамай «немере» деп тану, оған өз руыңды таңу, жеме-жемге келгенде ата-бабаңнан жойылмай жалғасып келе жатқан жеті атаның желісін бұзу болып табылатынын көбі ескергісі де келмейді. Өзінің нақты шыққан руын білмеген бала дүбәра болып, ержете келе өзінің рулас қызына үйленіп ұрпақсыз қалса, кім кінәлі болмақ. Обалы кімге?! Міне, жиенді «ел қылам» деп өзеуреп жүргендердің жетер жері осы болмақ.
Әлдебір себептермен жиен сіздің отбасылық тәрбиеңізде болатын болса, оны өзінің жеті атасын білуге баулу керек. Біздің қазақтығымыз, мәрттігіміз осыдан танылса керек. «Мен асырағам, менің балам, ешкімнің ортағы жоқ» деп өзгені де алдап, өзіңді де алдап, баланы да алдап өсірудің қажеті қанша. «Өтірік өрге баспайды».

Қонысбай Шалғынбайұлы

Ақтөбе облысы
Қарабұтақ ауылы

 

«Ақ пен қызыл арасында»

Аға өлсе, іні мұра – әмеңгерлік салты бойынша ағасы өлген жағдайда, інісі жеңгесін немесе інісі өлген жағдайда, ағасы келінін әйелдікке алған. Бұл салттың негізгі мақсаты – бір тұқымның балаларын басқа елге/руға кетірмеу, жетім-жесір болдырмау.
Ақ жол ем – хан тұқымының әйел затының ішіндегі пәк қызын үш рет аттатып, денеге енген оқты түсіруге арналған ырым-салт.
Ақ пен қызыл арасында – күн ұясына батып бара жатқан шақ. Қазақтар бұл кезеңді күн мен түннің алмасу кезі, жын-шайтанның араласқан шағы деп есептеген. Осы шақта ауру адамды ұшықтаған және сау адам бұл кезде төсекте жатып ұйықтамау керек, ұйықтаған жағдайда бастырылып, беймаза күйге түседі деп есептеген.
Анттың құнын ішті – серттесіп, егеске көп түсті. Бұл фразеологизмнің пайда болуына ғұн заманында ұрысқа алғаш енген жауынгер өзінің алғашқы өлтірген жауының қанын ұрттайтын болған. Бертін келе ант берген кезде ақ боз бие құрбандыққа шалынып, оның қанына серттескен адамдар қылыш­тарының ұштарын қанға малып, кей кезде ішіп қояды. Одан бертінде құрбандыққа шалынған малдың қанын қолдарымен маңдайларына жағып ант берген.
Атасын білмес алыс. Түркі халықтары жеті атаға байланысты туыстық қатынастарды анықтаған. Жетінші ұрпақтан кейін, басқа өз алдына ел болатындай ұрпақ деп санап, белгілі рәсімдерін жасап, бөлек шығарған және қыз берісіп, қыз алысып, құдандалы болуға рұқсат етілген. Бір атадан емес болса, туыстығы да алыс деп саналған.
Бесік кертті күйеу – бесікте жатқанда атастырылған күйеу. Құрбы-құрдас, бірін-бірі жақсы білетін, өзара сыйласатын адамдар балаларын бесікте жатқанда-ақ құдаласатын салт болған.
Босағаға ақтық байлау. Ертеде жүкті әйел аруағын сыйлап, үлкен үйлердің уығына шүберек байлап, ырым етіп мал әкелетін болған.
Жастығын ала жату – есесін жібермеу, кегін ала өлді. Бұл фразеологизмнің түп-төркіні моңғолдардың ертедегі салт-дәстүрінен хабар береді: ертеде атақты адам қайтыс болғанда оның сүйегімен бірге сүйікті құлын көрде жатқан иесінің басына жастық етіп үш рет жастайды екен. Құл өліп кететін жағдайда иесімен бірге жерленеді, ал тірі қалған жағдайда ең қадірлі қонақ саналатын болыпты.
Жөргегінде шырақ көрмеген – өмірде жақсылық көрмеген. Қазақ дәстүрі бойынша сәби дүниеге келгенде қырық күн бойы бір күйден екінші бір күйге өтуін жеңілдету немесе жын-періден сақтау мақсатында шырақ жағатын салт болған.
Жора боза – ер адамдардың боза-тарыдан ашылып істелінген қыздырма сусын ішуге жиналған жиыны.
Жолы кіші – күйеу жасы үлкен болғанымен, жолы кіші. Туыстық қатынастарда күйеу баланың әлеуметтік орны қайынжұрт жағында болып есеп­теледі. Жолы кішілік дәстүріне байланысты, қыз ауы­лына алғаш келгенде күйеу жігіт ауылға біраз жер қалғанда аттан түсіп, жаяу келетін болған.
Қазақ қайың сауғанда, қырғыз гисар ауғанда. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі елінен тентіреп кеткен қазақтардың аштықтан қайыңның сөлін сорып күй кешкен заманның тілдегі көрінісі. Ал қырғыздар тәжік тауларын паналай ауған.

Айтса айтқандай-ақ екен…

Жорықбай жырау 

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Жорықбай Табынбайұлы ілгеріде Сыр бойында өмір сүрген, атақтары әр тарапқа жайылған Базар, Жиенбай және Төре сияқты жыраулардың үзеңгілесі екен. Жорықбай оқымаған, хат танымайтын, сауаты жоқ адам болыпты. Солай бола тұрса да барынша алғыр, құймақұлақ болған.
Жорықбай намаз оқып, ораза тұтпайды екен. Бір күні досы, ауылдасы – Мұхамеджан ақынның үйіне қарай келе жатады. Оның үлкен ағасы Әсет деген кісінің әйелі тары түйіп жатыр екен. Ораза айының іші. Мұхамеджан үйдің ішінде кітап оқып отырады. Оны Жорықбай білмейді. Үйге жақындай беріп Жорықбай:
Бибеке, қамдана бер барың болса,
Майсөк қып майға былға тарың болса, –
дей бергенде, үйде отырған Мұхамеджан іле-шала:
Жорықбай, оразаны тұтар едің,
Көңілде иман, бетіңде арың болса, – деп соңғы екі жолын жалғастырып жіберген екен дейді.

Сіз білесіз бе?

«Менің қолым емес, Бибі Бәтиманың қолы»

Қалжасын ұялмай жеді. Қалжа – парсы сөзінен енген сөз. «Бір жапырақ ет» деген мағынаны білдіреді. Жаңа босанған әйелге арнап мал сойып, жас ет пен сорпа береді. Ұл босанған жағдайда, босанған келіншек тума-туыс, күйеуінің алдында еңсесін көтеріп, қалжасын ұялмай жеген. Жалпы қалжа жеу келіншектің іштегі ауруын сыртқа термен шығарып, аяқ-қолын тез бауырына алуына септігін тигізеді.
Қара есектің мойнына байлап жіберді – мазақ етті, күлкі етті. Тәуке заманында қабылданған Жеті Жарғы заң кодексі бойынша әке-шешесін балағаттаған баланы қара есекке теріс мінгізіп, ауылды үш рет айналдыратын болған.
Қумадан туыппын ба? Төмен санау мағынасында айтылады. Ертеде түркі-моңғол халықтары ханның некелі әйелін «хатун» (қатын) деп атаған, ал некесіз әйелдерін «қума» деген. Қумадан туған балалар мен хатуннан туған балалардың құқы бірдей болмаған, соңғыларының ерекшеленетін жағдайлары да болған.
Менің қолым емес, Бибі Бәтиманың қолы – толғатып жатқан әйелге айтылатын тілек. Көне наным-сенім бойынша, әр нәрсенің өзінің пірі болған. Жас сәбилердің пірі, қорғаушысы Бибі Бәтима болып есептелген. Толғатып жатқан әйелдің күтушісі «Менің қолым емес, Бибі Бәтиманың қолы» деп сыйынып, сылап-сипап жәрдем беретін болған. Жас нәрестенің құйрығында болатын көк таңба Азия халықтарына ғана тән деген де пікір бар. Бұл Бибі Бәтиманың сәбиді дүниеге шығарардағы қолының табы деген сенім бар.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Хұсайын К.Ш. Дыбыс — звук, Мағына — значение,
Сөз — слово — Алматы, 2016.- 648 бет,
2. Хұсайын К. Тiл ғылымы тiлiмiзге тiрек болсын
// Ана тiлi.- 2009. — 16-22 сәуiр (№ 15).- 4 б.

Бетті дайындаған 
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
филология ғылымының кандидаты

Дереккөз: kazgazeta.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер