Ол басылым өкілінің: «Аударма сапасы туралы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы аударманың кемшілігі жайлы көп айтылды. Соны қайталамайсыздар ма деген қауіп те бар. Осы жобада аударма жұмысын қалай ұйымдастырып жатырсыздар?" деген сауалға:
«Елдегі аударма ісіне айтылып жүрген сын белгілі. Бұл күрделі, жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселе. Аударма кітап шығарып, оны таратудың коммерциялық арнаға түскен индустриясы болмағаннан кейін, аударма ісі де қажетті кәсіби биікке шыға алмай жатыр. Аударма мектебі әлсіз, соның ішінде, әсіресе ғылыми аударма саласы кенжелеп қалған, өзі сала маманы, өзі аудармашы бола алатын ғалымдар өте аз, отырып сапалы жұмыс істеуден гөрі наз бен сын айтуға әуес тіл жанашырлары өте көп. Ғылыми аударма болғаннан кейін, аударманы тіл білетін сала мамандары жасауы шарт. Сондықтан алғашқы аударма мәтіні негізінен ұлттық жоғары оқу орындарының тиісті кафедра мамандарының қолынан шығып жатыр. Осыдан кейін аударма тобында болмаған сала маманы ғылыми редакция жасайды. Оның міндеті – мәтіннің ғылыми дәлдігін тексеріп, растау. Осыдан кейін әдеби редакция жүреді. Оны тіл мамандарынан құралған, кәсіби редакторлар жасайды. Олардың міндеті – мәтіннің сауаттылығын, тіл нормаларына сәйкестігін қарап, оның ұғынықты, жатық болуын қамтамасыз ету. Қажет болса, осы сатылар бір емес, бірнеше мәрте жасалады. Осыдан кейін кітап беттеліп, корректордың қарауына өтеді. Оның міндеті – әріп қателерін жөндеп, үтір-нүктенің, тыныс белгілерінің дұрыстығын қарау. Жұмыс өте қауырт. Мәтінді жетілдіру кітапты баспаға тапсырғанша жүреді. Әр аудармашы, әр редактор кеше ғана тапсырып кеткен жұмысын, қайтадан қарап, өзгерістер енгізіп жатыр. Оқулықтарымыз көлемді, ең шағыны 300 бет, көлемдісі, мәселен, «Экономикс» 850 беттен асады» деп жауап берген.
Оның айтуынша, сол «Экономиксті» аударуға ұлттық университеттің он шақты маманы атсалысты. Одан бөлек редакторлар мен техникалық қызметкерлерді есептегенде жиырма шақты адамға барады. Мәтінде графика, иллюстрация, кесте көп. Соның бәрі қайтадан жасалып, өңделді. Жаңадан еніп жатқан ұғымдар да өте көп.