Көкшетаулық Шаужан майдангер
11.05.2020ж.

Көкшетаулық Шаужан майдангер

Екінші дүниежүзілік соғыс ылаңы миллиондардың өмірін қиды. Және де сол сұрапылдың салдары соғыстан кейінгі кезеңдерде талай ердің өмірімен ерте қоштасуына себеп болды. Сондай жанның бірі – майданда алған жарақатының қозуынан 57 жасында бақилық болған көкшетаулық азамат Шаужан Кенжеболатұлы Ыбыраев.

Сонау кеуделерін оққа тосқан батырлары мол отты жылдары майдангер әскерліктің ең қиыны – барлаушы болған. Кейіннен танк оқтаушысы болып, жеңіс жолын темір көліктің шынжырлы табанымен жүріп өткен. Әрине, сондай да қылпылдаған алмастың жүзінде жүріп, Шаужан ата талай да ерліктер көрсетіп, нешеме фашисттің көзін жойған көрінеді.

Әлхисса...

Соғыс басталғанда Шаужан небәрі он алты жаста ғана болған екен. Он екіде бір гүлі ашылмаған жастығына қарамастан «Елге жау тигенде ауылда қарап отырғаным жараспас» деп, балаң жігіт өзі сұранып жүріп, 1943 жылы соғысқа аттанады. Бұл оның он сегіздегі кезі-тін. «Ел шетіне жау тисе, мен барайын дер екен» деп келетін ежелгіден келе жатқан Едіге жоралғысымен, алымды жас атақты қолбасшы, Кеңес Одағаның маршалы К.К.Рокоссовский басқарған 3-ші Беларусь майданынан бір-ақ шықты. Сол кезде екі жақтың әскері қайтпай арпалысып жатқан шекаралық аймақ осы болатын.

Содан не керек, жас жауынгер №350 артиллериялық соғыс тобына еніп, немістерге оқ боратады. Екі көзі оттай жанған, тайсалмайтын қайсар жігіт әлбетте, командирдің көзіне бірден түсті. Ол да: «Осы жігіттен түбінде қас батыр шығады» деп, ойын түйіп қойған-ды. Оған себеп – қыс ішінде Беларуссияны қорғауда тұрғанда, кейбір сарбаздар аяқ-қолдарын, бет-ауыздарын үсітіп, госпиталға кезек-кезек жатып жатқанда, бұл жігіт етігінің ішіндегі қарды төгіп тастап, аяғын қармен уқалап жіберіп, жүре беретін. Керек десеңіз, қандай жағдай болса да мойымай, қайсарлықпен жауына барысша атылатын жауынгерді командир барлау отрядына алады. Ондай жауапты қызмет үшін Шаужанның бойындағы қасиеттер шынында да оңтайлы еді.

«Ердің ерлігін айт» демекші, басшылары отрядтағы жауынгерлерге мұны үлгі қылып, көрсетіп: «Ыбыраев тамақ ішпесе, аштығын білдірмейді, су жоқ жерде қарды ерітіп ішеді» деп мақтайтын.

Өз кезегінде, өзін жұрт арыстан көріп жатса, абаданша қимылдамай бәлесі бар ма, есімі маршал Г.К. Жуковтармен қатар аталатын қолбасшының атына кір келтірмей, ел сенімін ақтауды қатардағы жауынгер Шаужан Ыбыраев алдына басты мақсат етіп қойды да. Айтары жоқ, көпшіліктің жүрегі дауалай бермейтін небір қысталаң барлауға жиі шығып жүреді.

Шұғыл тапсырма

Бірде командир оны шақырып алып: «Бізге «тіл» керек» деп шұғыл тапсырма береді. «Осы тапсырманы сен орындайды деген сенімдеміз» дегенді және қосып қояды соңында. Бұл әрі бұйрық, әрі тілек еді. Шаужан да «құдай» деп, ата-баба әруағынан медет тілеп, жау барлауға шығады. Егер де тапсырманы орындаса, сол бір шақта күрделі жағдайға шырмалған Вильносты құтқаруға себін тигізетінін білмейді емес, біліп келеді. Әйткенімен, қазақ атаның абыройына, тапсырманы асыра орындады десе де болады. Өйткені құрыққа анау-мынау емес, немістің мүйізі қарағайдай, пагондары жарқыраған генералы түсті. Неміс генералы өзін тұтқындап, алып келген бұған таңданғаннан басын шайқап: «Азиат, азиат» дей беріпті. Әрине, осы ерлігі үшін 3-дәрежелі даңқ орденімен марапатталады.

Екінші марапатын алу

Ал реті бойынша екінші, яки 2-дәрежелі орденін алуы өзі мүшесі болып табылатын полк қоршауда қалып, шыға алмай тұрғанда, жалғыз өзі барлауға барып, тұйықтан шығатын жол тапқандығымен байланысты екен. Оны да екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік, қарулас полктастарын есен-сау, қоршаудан алып шыққаны үшін алады. Өкінішке қарай, жауынгер соғыс барысында ол марапаттарын жоғалтып алған. Бұл былай болған екен: барлаушылар тапсырма орындауға аттанғанда барлық құжаттарын, медаль, ордендерін каптеркаға тастап кететін дағды болыпты. Өстіп жүріп, бірде барлаудан келсе, межелі тұрған жерлеріне жау кеп тиген. Әр жерде автомат гилзалары шашылып жатыр. Күзетте қалған сержант та, құжаттар толы қапшық та ұшты-күйлі, жер жұтып кеткендей жоқ. Шаужанға кейін командирі «2 және 3 дәрежелі даңқ ордендерінің иегері» деген Қызыл кітапша жазып береді.

Тісімен тамағына тілген

Шаужандар тағы бір жолы топпен барлауға шыққан уақытында қарсылас жақтың барлаушыларымен кезігіп қалса керек. Екі жақтың барлаушыларына мылтық атуға болмайтындықтан, жалаң қол, қанжарларымен айқаса кеткен, қас қылғанда, бойы шағын, дембелше Шаужанға солардың арасында қарсылас жақтағы ең ірі фашистің бірі түсіпті. Дәу неміс оны ұрып-жығып, астына алып, өлтіруге таянғанда «батырға да жан керек» демекші, таянып тұрған фашисті алқымдап, тістерімен тамағына жабысып, кеңірдегін тіліп жіберген екен. Кейін өзі елге қайтқанда, осынау жанталасты жаны түршіге жиі есіне алып: «Адам жаны қиналғанда бәріне барады екен» деп айтып жүрген (Сірә да, мұндай қырғын қантөгістердің обалы батыс пен шығыстағы майдандарда миллиондаған адамдардың қару түйістіруіне себеп болған Гитлердейін жалмауыздардың мойынында кетпесе, нағылсын?!).  

Бильярд столынан шыққан дау

Сөйтіп, шытырманға толы барлаушы болып жүріп аяғынан жарақат алып, госпитальдан кейін танкте оқтаушы болып қызмет атқарады. Бір қиян-кескі шайқастан кейін, немістердің блендажын алыпты, қараса, бильярд столы тұр. Оны көрген Шаужанға танк тобының командирі: «Алып жүр, демалуға тоқтағаннан кейін ойнармыз» деп өтініш етеді. Ол столды танкінің артына өңгеріп, артып алады да, ары қарай жүріп кете береді. Танктің артында не болып жатқанын ешкім байқай алмайды, соның себебінен бильярд столы бір жерде түсіп қалса керек. Жетер жеріне келгеннен кейін командирі столды сұратады, ал стол жоқ. Елдің бәрінің жүйкесі жұқарып, көзі қарайып жүрген кез, командирі бұған ашуланып, «Атам!» деп тапаншасын суырып алған уақытта, иығында ілулі тұрған автоматпен бұл әлгіні бірінші болып атып қалған, ол сол жерде жан тапсырады.

Шаужанды әскери трибуналға береді. Бірақ оның қасында куәгер, қорғаушы болып бір қазақтың лейтенанты жүріп, оның ерліктерін, өзін қорғағанын айтып, әскери соттан алып қалыпты. Тек бір жаманы, ол осы уақытта өзіне ұсынылғалы жатқан 1-дәрежелі даңқ орденінен айрылыпты.

Жалпы, үш рет даңқ орденін алған адам Кеңес Одағының Батырына теңеледі екен. Осылайша, екі даңқ орденінің иегері болып қалыпты.

Жеңіс

Кенигсбергті аларда бастан жарақаттанып, госпитальға тағы түседі. Жеңіс хабарын сол жерде естиді. Бастағы жарақат, сол жақ шекеде баланың қатпаған «еңбегі» сияқты былқылдап тұрады екен. Міне, осы жарақаты өле-өлгенше жауынгердің азаптаушысына айналған-ды. Сол кездерде әскер 5 жыл болғандықтан, елге 1947 жылы оралады. Соғыстан қайтқанда «За отвагу», «За взятие Кеннисберга», «Победа над Германией» және тағы басқа орден-медальға кеудесін толтырып келеді. Ол 1945-1947 жылдары аралығында Мәскеуде бір полковниктің оққағары ретінде қызмет атқарған, түбінде ол полковник генералға дейін жеткен екен.

Бата шарапаты

Айта кетейік, бүгінде ата әулеті өсіп-өнген. Немере-шөберелері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Ақмола аймағында жасап жатыр. Баршасы түрлі салада ел игілігіне қызме етуде. Олар үшін Шаужанның ерлігі мен естелігі зор мақтаныш және мотивация көзі. Асқақ абыройға лайық болуға тырысады.

Ұрпақтарының айтуынша, Ыбыраевтар өз маркаларын түсіріп алмаулары керек. Өйткені «Бақ қарап, Қыдыр дарыған» ұрыққа жатады. «Ертеректе» деседі олар: Көкше маңын бір топ дәруіш-дуана аралап жүріпті. Сонда бұлардың арғы бабасы оларды киіз үйіне әкеліп, мал сойып, тойындырып, әбден күтіпті. Кетерінде араларындағы бір аузы уәлі қасиеттісі: «Әулеттеріңе ерлік дарысын. Жігіттерің білекті, қыздарың қасқыр жүректі болсын» деп ұзынсонар бата беріп, ризалығын жеткізген екен. Шаужанның өзі де кейін, соғыстан елге оралғасын осы оқиғаны жиі есіне алып, содан бері бұларды қырсық алмайтынын балаларына айтып, «сол батаның шарапаты бәрімізде бар, «Қырықтың бірі Қыдыр» деген, сол бата берген кісі Қыдыр болды-ау» деп өтіпті.

Мыңнан бір керемет! Заманы отқа салып, суға батырса да алдырмай өткен майдангердің оқиғасы осындай-дүр.

 

Майдангердің немересі Саяттың

аузынан жазып алған

Абылайхан Қалназаров

 Дерек көзі: https://kazislam.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер