Жердегі тіршіліктің басталуы
12.03.2018ж.

Жердегі тіршіліктің басталуы

Құстың екі бетінен сырғып түскен екі тамшыдан  ай мен күн жаралды. Маңдайынан бір тамшы су ағып еді, ол миллиардтаған зәрреге бөлініп кетті де қисапсыз жұлдыздарды шырақ етіп жақты. Осылайша қараңғы түнектің шымылдығы серпіле түсті.

Тауыстың  алқымынан төрт тамшы тағы түсті. Біреуі жер болып дөңгеледі. Екіншісі от болып лаулады. Үшіншісі су болып буырқанды. Төртіншісі жел болып соқты. Езуінен екі тамшы сырғанап түсті де  күндіз бен түнді кезекке келтірді.

Оң қанатынан бес тамшы тарамдап түсіп келе жатты. Олардан әуелі Сидрат-ул мунтаһаны, сосын туба ағашын,үшінші хауыз кәусарын жаратты да жанатты зейнеттеді. Төртінші тамшыдан  Байт-ул Мұқаддасты, бесіншіден Адам атаның асасын жонды. Ол аса таяқ — Адамнан Шиш пайғамбарға қалды. Ол кейін келе Мұса пайғамбарға нәсіп болды. Одан барша машайықтарға мирасқа қалды.

Сол қанатынан бес тамшы және тамды. Олардан әуелі ұйытқыған боран соқты, екінші тамшыдан жауын-шашын  сіркіреді. Үшіншісі найзағай болып жарқылдады. Төртінші тамшыдан Сүлеймен пайғамбардың жүзігі соғылды. Соңғы тамшыдан  Ысрапылдың айбынды  сүрі сомдалды.

Тауыс құйрығын желпуіш сияқты жайып жібергенде одан сан мыңдаған қауырсындар шашырай өсіп шықты. Енді әр бір қауырсыннан  мөлдіреген  тамшылар шық сияқты домалап түсе бастады. Ұлық Алла бір тамшыдан түпсіз мұхит пен телегей теңіздерді  жаратып, дөңгелеген жердің үстіне қотарды. Сол мезетте жердің бетін топан су басты.

Екінші тамшыдан топырақты жаратып, судың үстіне тастады. Одан қарайған құрылықтар пайда болды. Су мен топырақтың  салмағынан қара жер шайқатылып кетті. Ол өз кіндігінде дұрыс айнала алмай тепе-теңдігі бұзылды.

Шебер  Алла үшінші тамшыдан асқар тауларды жаратты да  жерге қазық етіп жан жағынан қақты. Қара жердің дірілі кенет кілт тоқтады. Содан бері  жер өз кіндігінде әліге дейін мінсіз айналып тұр екен. Жердің бір жағына айды, бір жағына күнді әкеліп орнатты. Күнді құдіретімен от қылып жақты. Ал ай болса, оның нұрынан қарыз алып, жер бетіне әлсіз ғана сәуле шашатын болды. Сансыз жұлдыздарды кеңістікке тарыдай шашып жіберді де самсатып жағып қойды. Тек темірқазық жұлдызын ғана жылжымайтын етіп, ортасына қадады. Осылайша аспан әлемі жұлдыздармен зейнеттеліп, хикметке толып шыға келді.

Төртінші тамшыдан бұлттар буланып шықты. Ұлық Алла құдіретімен найзағай оты мен кемпірқосақ бояуын бұлттың арасына жасырды. Қалың бұлтжердің бетін жауып тұрды. Сол кездебір шетінен самал желді тұрғызды. Самал желқалың бұлтты қақ айырып, жан-жаққа будақ-будағымен айдай жөнелді. Бұлттар әлемі бір тәртіппен жылжу үшін төбесіне көк аспанды күмбез етіп кигізді. Осылайша көк аспан сәнделіп, әсем түрге бөленді. Ал, жердің беті әлі ұсқынсыз еді.

Ұлық Алла қауырсыннан аққан бесінші тамшыдан жасыл желекті жаратып, жердің бетіне  шашып жіберді. Сол мезетте жердің беті ну орманға, қалың тоғайға, жасыл жазираға  айналып шыға келді. Теңізге түскен шөптер балдырға айналды.

Алтыншы тамшыдан бір топ мақұлықты жаратып, алдымен суға жіберді. Олар теңіз бен мұхитта ғұмыр кешетін  миллиондаған тіршілік иесіне айналып,  жердің ажарын аша берді.

Жетінші тамшыға жан бітіріп,  топыраққа тастады. Одан сан мыңдаған жан-жануар мен есебі жоқ жәндіктер өсіп шықты. Осылайша жердің беті тынымсыз тіршіліктің қайнаған мекеніне айналды.

Сегізінші тамшыны алды да аспан астына шашты. Шашырай түскен тамшылар жер бетіне жетпестен,  қисапсыз құстарға айналып, өзіне ыңғайлы мекендерге қарай ұша жөнелді.

Тоғызыншы тамшыдан Әубәкір, Омар, Оспан, Әлидің рухтары бөлініп шықты.

Оныншы тамшыдан әуелден  ақырға дейін дүниеге келетін барша адамның рухын жасап, оларға әртүрлі кескін-келбет, тіл жаратты.

Тауыстың көкірегінен аққан бір тамшы нұрдан ілім-білім, өнер, кәсіп жаратып барша рухтың үстіне шашты. Сондықтан да барлық адамның бойына белгілі бір ғылым мен өнерге бейім болып тұратын қасиет дарыды. Дүния тіршілігін бастаған кез-келген адам ерінбей еңбек етсе, осы әуелден дарыған дарынын жарыққа шығара алады екен. Ұлық Алла:

– Уа, Менің құлдарым! Сендердің барлығың Мұхамбет пайғамбардың нұрынан жаралдыңдар. Оның рухына қарап, құрмет көрсетіңдер! – деп бұйырды.

Барлық адам рухтары пайғамбардың рухына қарап, тағзым етті. Сол кезде оның басын көргендер даналықпен ел билеген  сұлтандар болды. Мүбәрәктің жүзін көргендер қазы, би болып, әділдікке қызмет етті. Момындардың ақысын жегізбей, таразыны тең ұстады. Пайғамбардың көзіне қарағандар қары, абыз, ғұлама болып, Құранды жүрекке тоқыды. Ел сыйлаған құрметті кісілерге айналды. Мұхамбет пайғамбардың қасына көзі түскендер ақылды, білімді жандар болып, білім-ғылымның нұрын шашты. Жүзін көргендерге даналық дарып, хәкімдік мәртебені иеленді. Олар сонымен бірге мың бір дерттің шипасын білетін болды. Ауру-сырқауды емдеп, халықтың алғысын алды. Пайғамбардың екі ернін көзі шалғандар  патшаға уәзір болып, қызмет етті. Ауызын көргендердің дүниеде істері сәтті, берекелі болып, көңілдеріне қайғы, қасірет келмеді. Көз жасын байқағандардың ажар-көркі асып, сұлу да сымбатты адам болып тіршілік кешті. Пайғамбардың құлағына назары түскендердің  пешенесіне елші болып, екі елді елдестірмек міндеті жазылды. Мүбәрәк алқымына назар салғандар тәхлил-тасбих айтатын тақуалардың сапынан орын алды. Пайғамбардың екі қарына көзі түскен жандар ержүрек, батыр болып, жаудан мерейі асты. Кімде-кім оң алақанын көрсе, ұстаға айналып, он саусағынан өнер тамған зергер болды. Сол алақанын көргендер таразы ұстап, сауда ісін дөңгелетті. Екі қолына бірдей назар салғандар қолы берекелі, жомарт жандар ретінде халыққа танылды. Осылайша, жерге түспей тұрып, Алланың қалауымен Мұхамбет пайғамбардың рухын тамашалап, оның қасиетті денесін көргендер дүниеде атақ-лауазым, мәртебе, кәсіптерін еншіледі.

Сол кезде Аршы, Күрсі, Лаухы, Қалам, жеті қат көк, жеті қат жер, тау-тас, ағаштар, сулар, періштелер, он сегіз мың ғалам «Мұхамбеттің Нұрын бізде жақыннан көрсек. Нұрды бізге берсең» — деп Тәңірсіне арыз айтты.  Ұлық Алла:

– Бұл Нұр барша адамзатқа ортақ. Мейірім мен махаббатқа құмар болған баршы мақұлықат бұл Нұрға жақындай түседі, – деді.

©degdar.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер