«Нұр Отанның» тұңғыш музейі ашылды
04.12.2017, 10:08

«Нұр Отанның» тұңғыш музейі ашылды

Тұңғыш Президент күні «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында партия тарихында алғаш рет музей ашылды, деп хабарлайды aikyn.kz ақпарат көзіне сілтеме жасаған silteme.kz.

1999 жылы 1 наурызда құрылып, бүгінде еліміздің дамуына және қоғамның тұрақ­тылығына басшылық жасап келе жатқан Елбасының партиясы дәл осы ғимаратта қызметін бастады. Алматылықтар үшін мұның ерекше рух көтеретіндей оқиға екені рас.
Музей қорында «Нұр Отан» партиясының құрылуы мен 19 жылдағы тарихи сәттерінің қалыптасу кезеңдерін айқындайтын шежірелі деректер мен құжаттар жинақталған.
Партия Төрағасының тәуелсіздікті орнатудағы айрықша еңбегі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халық­аралық аренадағы Қазақстан жетіс­тіктерінің танылуындағы басшылық рөлі туралы тарихи материалдар (Елбасының жазған кітаптары, профессорлық мантиясы, партиялық билеті т.б.) рухани құндылықтарымен назар аудар­тады. Мұражаймен танысқан жұрт партия Төрағасының қарапайым отбасынан шық­қанын, металлургиялық комбинатта ауыр еңбекте шыңдалып, партия мен үкімет қызметтерінде сыннан өткенін білетін болады.


Музейдің тағы бір ерекшелігі – партия тарихын бейнелеуде бүгінгі күннің дизай­нерлік безендіруі және жаңа тех­нологияның мүмкіндіктері ұштастырылған. Сол арқылы тұтас композиялық құрылым жасалған. Дәстүрлі мұражайлық шыны көрмелердің орнына интерактивтік панелдер (multi-touch-screen) орналастырылған. LED-экран арқылы 10 гигабайт көлеміндегі цифрлы экспози­циялардың мол мұрағаты берілген.
Музейді ашудағы негізгі мақсат – елі­міздің тарихи-мәдени және қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды ақпараттарды кешенді түрде жинақтай отырып, партия тарихына қатысты құжаттарды жүйлендіру, сақтау және халық арасында кеңінен насихаттау.
Іс-шараға партияның Саяси кеңес бюро­сының мүшесі, қалалық филиал төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қалалық филиалдың Бюро мүшелері мен партия ардагерлері қатысты.
– Алматыда партия мұражайының ашылуы – бұрынғы өткен ұмытылмас кезең­дерімен, партия тарихымен жете танысудың жаңаша мүмкіндігі деп санаймын. Партия көшбас­шысының бүкіл өмір жолы – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды ғұмыр. Сондықтан туған еліміздегі қымбат құн­дылықтарымызды қастерлеуге және адамдардың олармен танысуына осындай мүмкіндік жасауға тиіспіз, – деді партияның қалалық филиал төрағасы Бауыржан Байбек.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының қатарына елге еңбегімен танылған білім, денсаулық және мәдениет пен бизнес саласының өкілдері салатанатты түрде партия қатарына қабылданды. Жаңа нұроатандықтарға партия билеттерін Бауыржан Байбек табыстады.

Жолдасбек Дуанабай

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер