Киіздің де киесі бар
12.10.2017, 21:27

Киіздің де киесі бар

Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш болып, айбынымыз әлемге тараған еліміздің еркіндігі күн санап нығаюда. Ата-бабамыздың өсиеті әрбір жүрегі қазақ деп соққан ұланның қанында намыс отын ойнатады. Тағдыр сынының небір зұлматтарынан сүрінбей өттік, өзгенің қолында кеткен құндылығымызды кері қайтаратын күн де туды. Ұмыт болған ұлттық мұрамыз қайтадан жанданды.  

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ төрт түлік малды керегіне жаратты. Етін талғажау қылып, терісінен киім тігіп, сүтінен таңдай үйірер небір тағамдар жасады. Тіпті жүнінің өзін пайдаға асырып, өнер туындысына айналдырды. Кейіннен мұны шетел­дің ғалымдары жарыса жазып, халықтың ұлттық бұйымдарына тамсана таңғалды. Бірлесе күн кешуді жақсы меңгерген халықтың әрбір атқарар жұмысы да көп қолды қажет етеді. Сол секілді текемет пен киіз басуға да жас демей, кәрі демей, бір адамдай кірісетін болған. Әсіресе жастардың білек күшінің сыналар сәті осы кез. Тіпті тәжірибелі білектілері ауыл жұртшылығының көзіне түсіп, күні бойы текеметтің соңынан жүретін-ді.
Киелі өнерге кіріспес бұрын алдымен дайындық жасайды. Ол үшін жүннің сапалы болғаны абзал. Әсіресе қойдың күзем жүні. Қырқылған жүн бірден пайдаға аспайды, оны тулақтың үстіне үйіп әбден қопсытады. Сабау жүнді шаң-тозаңнан ажыратады. Жүн сабау ертеректе бозбала мен бойжеткендерге таптырмас ойын алаңына айналған. Әңгіме-дүкен құрып, артынан «тулақ шашу» деген салт бойынша дастарқан жайып, сауық өткізген.
Табиғат байлығын өз керегіне жарата алған адам оның қадір-қасиетіне терең бойлай алары сөзсіз. Киіз басқанда ең керектісі – ши. Ши өспейтін мекен ұлан-ғайыр далада кемде-кем. Сол себепті ши тоқу өнерінен де қазақ халқы алдына жан салмайды. Киіздің көлеміне қарай тоқылған шиге сабалған жүнді аса ыжда­һаттықпен салып, біркелкі етіп тегістейді. Содан соң қайнаған суды жүннің бетіне себелейді. Ал енді қолының қуаты тәжі­рибесімен ұштасқан әйелдер жүн салынған шиді домалатып орайды. Үш жерден мықтап арқанмен байлап, ши сынып қалмауы үшін екі басына дорба кигізеді.
Шаңырақ иесі салт бойынша алдымен шиге ақ тамызып, кейін соған қатысатын адамдарға дәм татқызған. Тамыры тереңге тартқан бұл дәстүрден алар тағылым да аз емес. Бұл «татуластық, бауырластығымыз сүттей ақ болсын» дегенді аңғартады. Буулы шидің ортасынан екі арқанды өткізіп, иін қандырғанша тепкінің астына алып, домалатады.
Осы орайда өткен күнге шегініп, ұмытыл­мастай есте қалған сәттерге тоқ­тал­ғанымыз артық болмас. Бала ке­зімізде бұл әрекетті тамашалау бізге қы­зық болатын. Құдды біреуге ашуланып, соның өшін осы шиден алып жатқандай көрінетін. Бар күшімізді салып біз де тебетінбіз. Риза болған үлкендер жағы: «мынау атасының баласы екен ғой» деп арқамыздан қақса болды, одан әрмен өршеленіп кетеміз.
«Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, білік пен машықтың нағыз сыналар сәті де туды. Тепкіден нағыз киізге айналған жүнді шиден босатып әйелдер үш рет білектеп, үш рет алақандайды. Киіз басу қызығы енді басталғандай. Қыз-келіншектің сыңғырлаған күлкілері сап тыйылып, оның орнын жүрегіңді елжіретер әсем ән басады. «Алма ағаштың гүліндей-ау, Текеметтің түріндей-ау. Өтіп дәурен бара жатыр, Сіз бен бізге білінбей-ау» деген ән құлағыңнан кіріп, бойыңды балбыратады. «Тоқтамаса екен, бітпесе екен» деген тілегің орындалып, әндер аспанда қалықтаған тізбек-тізбек қаздай қиқулап шығатын еді. Ойынның қызығынан арылып, шаршаған балалардың талайы әжелерінің етегінде жатып-ақ тәтті ұйқының құшағына еніп кетер еді. Содан кейін екі бүктеп, екі шетін қосып, шуда жіппен көктеп, бір сағаттық қарпудан соң оянатынбыз. Оның себебі, киіздің басылып, дайын болғанын аңғартады. Жүннің қалайша киізге айналғанына таңырқап қарап қалатынбыз.
Таңғалатын жайттың көкесі әлі алда. Дайын киізден енді көздің жауын алар текемет жасалады. Онымен тәжірибесі мол шеберлер айналысады. Түрлі-түске боялған жүндерді оюлап, рет-ретімен орналастырады да қайтадан шиге орап, киіз бен ою бір-біріне қабысқанша қайтадан піседі. Осы үдеріс іске асқанша жоғарыдағы әндердің бірнешеуі орындалып, бозбаланың бойжеткенді баурап ­алуына жол ашады. Текеметке сән берер оюдың бояуы таза табиғи. Қына мен әртүрлі гүлдерден алынған түс қанықтығымен бірден көзге шалынады. Киіз үйдің ішіне әр беріп, кірсе-шыққысыз кейіпке енеді. Ал кейде текеметті киізбен қатар жасайтын тәсіл де бар. Ол үшін киіздің жүніне түрлі-түсті жүнді де бірге орналастырып дайындайды. Алайда алдымен киіз, содан кейін барып текемет басқанның артықшылығы көп.
«Алма ағаштың гүліндей-ау, Текеметтің түріндей-ау» – бұл менің құлағыма мәңгі ұмытылмастай орнаған ән. Алыстан жаңғырып жетіп, көз алдыма қызығы көп балдәурен шағымды әкеледі. Әжемнің қоңыр дауысы мен қылықты қыздардың сыңғыр күлкісі жадымда жатталып қалыпты. Осылайша текемет десе ауыл, ауыл десе жаныма жақын ағайын бір-бірін байланыстырып, үзілмес жіпті одан әрі қалыңдата түседі.
Иә, қазақ елінің қабырғасын қайыстырар жайттар жетіп артылады. Тауқыметтің кермек дәмін татып, талай рет зардаптың запыранын да құстық. Қол жетпес арманға айналып, сағымның шымылдығына тығылған тәуеліздікке анасына ұмтылған сәбидей қол создық. Айымыз оңынан туып, сан мәрте оқталып, оған да қолымыз жетті. Керей мен Жәнібек көтерген шаңырақ қайтадан қалыпқа келіп, жыртығымыз жамалды. Ендігі кезек осындай қанымызға сіңген атадәстүрімізді жаңғыртып, баба мұрасын бала санасына сіңіру болмақ.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Алматы облысы

Дерек көзі: "Ана тілі "газеті

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер