Министрдің айтуынша, жаһандану дәуірінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қоя бастады. Бүгінгі таңда әлемдегі 7 миллиардтан астам адамның тең жартысы - әлеуметтік желілердің қолданушысы. Әлеуметтік желілер ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды. Қазір күннің басты тақырыбын фейсбуктегі қарапайым қолданушы қалыптастыра алады. Немесе тұтас редакция зерттейтін мәселенің маңыздылығын WhatsApp-та таралған бір ғана видео жоққа шығаруы мүмкін.
«Алайда, бұл үрдіс журналистиканың рөлін төмендете алған жоқ. Керісінше, әлеуметтік медиа дамыған сайын кәсіби мамандардың бағасы арта түсуде.
Осындай кезеңде бәсекелестіктің қатаң талаптарына төтеп беріп, ақпарат кеңістігінен лайықты орын алу үшін қазақтілді интернет-ресурстардың алдында тұрған бірнеше маңызды мәселені атап айтуға болады», - деді Д.Абаев.
Сала басшысының дәйектеуінше олар мыналар:
Біріншіден, контентке көзқарасты өзгерту.
Қазіргі күні ақпараттың мазмұнын қалыптастыруға қолданушылар тікелей ықпал ете бастады. Өкінішке қарай, осының салдарынан сенсацияның соңына түскен сайттар да жеткілікті.
Әрине, бұл ретте аудиторияны ұдайы зерттеп, әр оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда, кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие әрі журналистік этика тұрғысынан қарау басты нысана болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желіден басты айырмашылығы да, артықшылығы да – осы.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі келер жылдан бастап ауылдық елді мекендердегі 2 миллионнан астам тұрғынды сапалы интернетпен қамту жобасын бастамақ. Оларға қандай контент ұсынуға болады? Міне осы мәселені сайттарымыз қазірден бастап зерттеп, контенттік саясатын жолға қоя алса, қолданушылар саны бірнеше есеге артатыны сөзсіз.
Екіншіден, ұлттық мүддені түгендеуді ұтымды жүргізу.
Осы тұрғыдан келгенде, қалам ұстаған қауымның Тәуелсіздіктің нығаюына қосқан үлесін айрықша атап өтуге болады. Ел мүддесі сынға түскенде қазақы БАҚ қашанда алдыңғы қатардан табылып келеді. Алайда, бүгінгі заман ағымы ұлттық мәселе ұғымын тіл мен діл, әдебиет пен тарих немесе мәдениет аясында ғана емес, ауқымды қарастыруды талап етуде.
Қазіргі күнгі үлкен проблеманың бірі – ұлттық мүдде мәселесінің жалаң ұранмен алмасып кетуі. Көп ретте бұл арандатушылық сипатта көрініс беруде.
Мәселен, «Абу Даби Плаза» оқиғасын алайық. Зерттеулерге қарап, сол күні әлеуметтік желіде жұрттың намысына тиіп, жанжалға шақырған «патриоттық» пікірлердің бірде-бірі Астанадан жазылмағанын көрдік. Осындай «тасада отырып тас ату» әдеті белең алып тұрғаны жасырын емес.
Жаһандық экономиканың дамуына, жаңа технологияларға, ғылым мен білімнің игіліктеріне қатысты жаңалықтарды оқырманға тиімді жеткізу - қазіргі күннің ең өзекті ұлттық мәселелері осылар болуы тиіс деп ойлаймыз.
Үшінші мәселе, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа қарым-қатынасын тереңдету.
Бүгінгі күні әлеуметтік медианың басымдық алғаны жөніндегі пікірлер көп. Алайда, соңғы зерттеулерге қарап көрсек, әлі де дәстүрлі БАҚ-тың, соның ішінде телеарналардың ықпалы фейсбукке қарағанда 2-3 есеге артық екен.
Осы ретте, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа ақпарат кеңістігінен орын алуы үшін бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс.
Қазіргі күні еліміздегі іргелі медиа ұйымдардың осыны сәтті қолдана бастағаны байқалады. Бұған мысал ретінде «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерін, бірқатар телеарналарды айта кетуге болады.
Айта кетейік, аталмыш шараға «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев, сондай-ақ, журналистер, веб-редакторлар, блоггерлер қатысты.
Форум аясында осы саланың білікті мамандары қазақ тілді сайттарға байланысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл форум қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшеліктерін айқындап, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама мен қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер, жаңа технологиялар сияқты тақырыптарды қамтыды.