«Жастардың білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Мен «Жастарымыздың білімі – әлемдік, тәрбиесі – ұлттық болса керемет болар еді» деп ылғи айтамын. Тәрбие ұлттық болып, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленуі керек. Білімнің сапасын әлемдік стандарттарға сәйкес көтеру арқылы біз кез келген бәсекеге төтеп бере аламыз. Жастарымыз бәсекеге қабілеттіліктен қалмауы керек. Біз алда жүруге тиіспіз. Қазақ – ақылды халық. Қазақтың жігіттері-қыздары – сондай талантты. «Болашақ» бағдарламасы арқылы еліміздің жастары жыл сайын әлемнің ең алдыңғы қатарлы оқу орындарын бітіріп, елге оралып жатыр. Біз солардың әлеуетін, білімін пайдаланып, еліміздің экономикалық жағдайын көтеруге бет бұруға тиіспіз. Өйткені үшінші мыңжылдық – білімділердің заманы. Әлемдік жаһандану процесі жағдайына қазіргі заманғы ілім-білімді өзінің ұлттық ерекшеліктеріне бейімдеп меңгергендер ғана төтеп береді. Біз әлемдік өркениеттен сырт қала алмаймыз. Өзімізбен өзіміз тұйықталып, жеке-дара өмір сүрудің де қажеті жоқ. Қайта ашық қоғамның тиімді тұстарын өз игілігімізге пайдалана білуіміз керек» деп сұхбатында атап өткен ғалым.
«Қазақта «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деген ұлағатты сөз бар. Біз алдымен жастарымызға барынша жағдай жасап, олардың білім алуына, бүгінгі игіліктерді пайдалануына мүмкіндігінше жол ашуымыз керек. Жастар мемлекеттің қамқорлығын сезінетін болса, олар ертеңгі күні елі, жері үшін адал еңбек ететін нағыз патриоттар болып шығады» деп түйіндеген ойын Ә.Нысанбаев.