Қазақстанда 80-ге жуық балаға тегін пластикалық операция жасалады
06.10.2016, 17:13

Қазақстанда 80-ге жуық балаға тегін пластикалық операция жасалады

Пластикалық операцияға мұқтаж балаларға көмек көрсетілетін болды, деп хабарлайды 24.kz.

Елордада америкалық және қазақстандық дәрігерлер 3 күн бойы өңірлерден келген балғындарды қабылдады. Олардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Шетелдік мамандар қажетті ем-дом тағайындау үшін науқастардың емдік құжатын Америкаға алып кетпек. Ал қараша айында Астанада екі елдің ақ халаттылары науқас балаларға операция жасайды.

Бибінұр туабітті дертке шалдыққан. Яғни бетінің оң жағын түгелдей ісік басқан. Бүлдіршін соған қарамастан қатарынан қалмай мектепке барады. Оқу үлгерімі жақсы. Алайда бір көзі нашар көретіндіктен қиналатынын жасырмады. Ал анасының ем іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жігері жасымаған ана енді пластикалық операция жасатуға бел буып отыр.

Лиза Аманжолова, Қызылорда облысының тұрғыны:

- «Асыл бала» болып жатыр, бүгін соңғы күн дегенді естіп, Қызылордадан ұшып келдім. Қызылордадан, Алматыға, Астанаға келдім. Дәрігерлер қызымды қабылдады. Көмек көрсететіндіктерін, емдейтінін, қызымды әдемі қылып беретіндіктерін айтып жатыр. Қуанып қалдым. Қызымның жазылып кеткенін тілеймін.

Мелисса Голдстин, педиатор (АҚШ):

- Дәрігерлер гемангиоманы алып тастаған. Ал қазір бетінде артық тері көп болғандықтан, көзі ашылмай тұр. Бүлдіршіннің жанары зақымдалмаған. Бәрі дұрыс. Біз артық теріні алып тастасақ, көзі ашылады. Меніңше, балаға бір операция жасасақ жеткілікті.

Баласына шипа іздеп, орталыққа 3 күнде 100-ден астам ата-ана келген. Науқастардың диагнозы әртүрлі. Араларында дерті асқынған бүлдіршіндер де бар. Алдағы уақытта күрделі операцияны қажет ететіндері шетелге жіберіледі.

Гүлнар Құнанбаева, «Асыл бала» қауымдастығының құрылтайшысы:

- Мұндай жоба алғаш рет қолға алынды. Қажетті қаржыны «Асыл бала» қауымдастығы төлейді. Сондықтан ем-дом тегін. 3 күн бойы америкалық педиатор науқастарды тексерді. Енді іріктейтін боламыз. Кейін оларға операция жасалады.

Лариса Мэйсон, халықаралық көмек тобы директорлар кеңесінің төрайымы:

- АҚШ-та дәрігерлер белгілі бір бағытта мамандандырылған. Олар көпсалалы емес. Сондықтан операцияға қатысуға қанша дәрігер келетінін айта алмаймын. Көмек көрсетілетін науқастардың нақты тізімі шыққасын белгілі болады. Шетелдік мамандар өздерімен бірге заманауи құрылғылар мен дәрілер алып келеді. Операциядан кейін бұл құрал-жабдықтар Астанадағы орталықта қалады. Ал қарашада біріккен америкалық дәрігерлер тобы Астанаға келеді. Олар «Ана мен бала» орталығында 80-ге жуық бүлдіршінге операция жасайды.

Осылайша, қазақстандық дәрігерлер шетелдіктермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Ал алдағы жылдары шетелдіктердің көмегінсіз отандық дәрігерлер пластикалық операцияны осы орталықта жасайды.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Наурыз Базаров


Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер