Б. Сағынтаев халыққа менингококк инфекциясына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды
05.06.2018ж.

Б. Сағынтаев халыққа менингококк инфекциясына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жоспардағы күн тәртібінен тыс денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың менингококк инфекциясының таралуына байланысты орын алған жағдай туралы баяндамасы тыңдалды.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясы күдігімен 593 адам жүгінген, оның ішінде 213 адам ауруханаға жатқызылған, 58 емделушіде менингококк инфекциясының диагнозы расталған. Ауруханадан жазылып шығарылғаны — 10 адам, емделіп жатқандар саны — 35.

Менингококк инфекциясымен байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін келесі шаралар қабылданып жатыр:

Денсаулық сақтау министрлігі жанынан күн сайын тұрақтандыру шараларын және қабылданған шараларды үйлестіретін, жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі штаб құрылды. Менингококк инфекциясымен сырқаттануды тұрақтандыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.   Қарым-қатынаста болған 4136 адам анықталды, барлығына антибиотик профилактикасы курсы тағайындалды, бүгінгі күні 3438 адам курсты аяқтады, 698 адам жалғастыруда; Алматы қаласы мен Алматы облысында мектепке дейінгі балалар мекемелерінде көпшілік іс-шараларға шектеу қойылды, жазғы сауықтыру лагерьлерін ашу 2018 жылдың 18 маусымына дейін кейінге қалдырылды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар ашық мәселелерді атап өтіп, нақты тапсырмалар берді.

Біріншіден, халық арасында үрей тудырмау үшін, менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпараттық–түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдер орталықта және жергілікті жерлерде құрылған штабтардың жұмыстарының толық ашықтығын қамтамасыз етуі керек.

Үшіншіден, өңірлерде 20-дан 40 мың теңгеге дейін тұратын вакцинаның жоғарғы бағасы мен вакцина салу қажеттігі мәселелері. Бағаларды реттеу мәселелерін тез арада шешу қажет.

Төртіншіден, менингококк инфекциясының күдігімен жүгінген барлық науқастарға шұғыл медициналық қызмет көрсету және олардың аумақтық тіркелуіне қарамастан қабылдау тапсырылды.

«Мұндай мәселелерді жедел шешу қажет. Әкімдермен тиісті жұмыс жүргізу керек. Осындай жағдайларда барлық емдеу мекемелеріне нұсқау берілуі тиіс – аталған инфекцияны жұқтырғандардың барлығын ештеңеге қарамастан қабылдау қажет. Елжан Амантайұлы, сіз бүгін Алматыға жол жүріп барасыз. Барлығын өз көзіңізбен көріп, қажетті шешімдер қабылдап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Дереккөз: primeminister.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер