Мамандықты ҚазҰУ-мен таңдаңыз
16.05.2018ж. 18:41

Мамандықты ҚазҰУ-мен таңдаңыз

Ғасырға жуық тарихы бар, еліміздегі ең ірі де іргелі университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де http://kaznu.kz/kz республиканың түкпір түкпірінен, сондай ақ алыс-жақын шет елден келген жастар білім алады. Университеттің сан түрлі мамандықтар бойынша даярлап шығарған түлектері еліміздің элитасын құрап, қоғамның дамуына белсенді түрде ат салысқан, ат салысып жатыр, болашақта да солай бола бермек.

Университеттегі 15 факультеттің бірі – Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті білім ордасы тарихының бір бөлігі болып табылады. 1985 жылы негізін салған шетелдіктерге арналған дайындық факультеті 2011  жылы қайта жаңартылды.

Алыс-жақын шетелдерден келген қазақ диаспорасының өкілдері, жоғары оқу орындары аралық ауысымымен келіп оқитын шетелдік студенттер, халықаралық ұйымдар, елшіліктердің жəне компаниялардың тыңдаушылары білім алып шығатын бұл факультеттің атқаратын жүгі салмақты. Себебі, АҚШ, Жапония, Ауғанстан, Оңтүстік Корея, Монғолия, Испания, Түркия, Қытай халық республикасы, Иран жəне т.б. əлемнің əр елінен келген тыңдаушылар Қазақстанмен, ҚазҰУ мен таныстығын осы жерден бастайды. Шет елдік азаматтарды университеттің барлық жетістіктері мен мүмкіндіктерімен таныстыру, «таңдауларының дұрыстығына көз жеткізу» жолында факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы тынымсыз еңбек етеді.

Мемлекетіміздің білім беру жүйесі соңғы жылдары бейіндік оқытуға баса назар аударып отыр. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жаңа мақсаттар мен басымдылықтар негізінде, 2011 жылдың 21 қазанда жоғары сыныптарға арналған «Бейіндік мектеп» ашылған болатын. Мектеп университеттің құрылымдық бөлімшесі ретінде Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің құрамына енді.

Сондай-ақ факультетте талапкерлерді кешенді жəне ұлттық бірыңғай тестке дайындау (КТ, ҰБТ) жұмысы жүргізіледі. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының оқытушылары дайындық курсына келген тыңдармандарды таңдауларының дұрыс-бұрыстығына көздерін жеткізу мақсатында көп жұмыс істейді. Түлектердің таңдаған мамандықтарын ақырғы сәтте, тест тапсыруға бір-екі ай қалғанда ауыстырып жіберетін жағдайлар жиі кездеседі. Осындай жағдайларды болдырмас үшін кафедра оқытушылары тыңдаушыларға оқу жылының басынан болашақ мамандықтары туралы жан жақты мағлұмат беруге тырысады.  Себебі, мамандық таңдау – әрбір адам үшін маңызды қадам екені белгілі. Әлемдегі 50 мыңнан астам мамандықтардың қатары да жыл сайын көбейіп келеді. Бір кездері заңгер, экономист сияқты мамандықтар мәртебеге ие болған болса, соңғы кездері қаржы, логистика, маркетинг, журналистика салаларына да қызығушылық жоғары болып тұр. «Математика мен физикаға грант көп бөлінеді» деген сөзге қызығып, жүрегі қаламайтын математика мен физиканың есептеріне басын қатырып жүрген балалар немесе «журналистер теледидарда, халық алдында жүреді, өмірлері сәнді» деген ұғымға еріп журналистиканы таңдаған, алайда бір төрт жол тақпақ шығарып, жөні түзу бір шығарма жазып көрмеген балалар да бар.

 Осыған орай ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының оқытушылары оқу жылының алғашқы айларында  «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Гринкампус», т.б. жобалар аясында кәсіптік бағдар береді. Тыңдаушыларды таңдау пәндеріне сәйкес факультеттермен, олардың түрлі зертханалары, құрылғылары, мұражайлары, сондай ақ өз саласының «жілігін шағып, майын ішкен» мамандармен таныстырады. Мұндай саяхаттар мен кездесулерден кейін үміткерлердің көпшілігінің «көкірек көздері» ашылып, кейбіреулері таңдауларын өзгертіп жатады. Осындай жанашырлықпен, болашақ мамандығын таңдауда бағыт-бағдар көрсеткен оқытушыларды факультет түлектері әрдайым жылы сезіммен еске алып, алғыс айтып отырады. Ал біз, әрбір жас өзінің қабілеті, бейімі, қызығушылығына сай мамандықты таңдап, өмірден өз орнын тапса дейміз.

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің оқытушысы

Ыбырайымова С.С.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер