Алып қашу: Менің кеткенімді біліп, жігітім өзіне қол жұмсамақ болыпты!
12.01.2018, 09:58

Алып қашу: Менің кеткенімді біліп, жігітім өзіне қол жұмсамақ болыпты!

Әсел Сарқыт Әсел Сарқыт Фото: Yvision.kz

Назгүл, 27 жаста: “18 жасымда алып қашты”

Күйеуім алып қашқанда 18 жаста болдым. Ол менен 8 жасқа үлкен. Көрші ауылдан еді. Біздің ауылда туысқандары бар. Қарындасы Айнұр – менің сыныптасым. Ол кезде 11-сыныпта оқитынбыз. Сүйетін жігітім бар еді. Екеуіміз мектеп бітірген соң, Алматыда оқу оқимыз, үйленеміз деп армандайтынбыз. Біз туралы бүкіл ауыл білетін, “Қыз Жібек пен Төлеген” деп атайтын. (Солардың тағдыры қайталанатынын кім білген?!)

Бітіру кешінен соң қыздар болып Айнұрдың үйіне бардық. Ол мектеп бітіргенімді “жуамын” деп тек қыздарды шақырды. Отырыс көңілді өтіп жатқан. Қыздармен оқушы күндердегі қызықты еске алып, емен-жарқын отырғанбыз. Бір уақытта Айнұрдың анасы мен тағы бір танымайтын үлкен апа бөлмеге кірді. Мән бермегенмін. Бір қарасам қолдарында ақ орамалы бар. Маған қарай келе жатыр! Орнымнан атып тұрдым. Жүрегім тас төбеме шықты. “Керек емес!”-деп айқайлай бердім. Басыма орамал жаппақ болғанда қайта-қайта лақтырып тастаймын. Жылағаныма, жалынғаныма ешкім қарап жатқан жоқ. Екеуі екі қолымнан ұстап алған, жібермейді. Жаңа бірге отырған қыздар да шығып кетіпті. Не керек, алыса-алыса әл-дәрменім таусылды. Бір жағынан “Босаға аттап қойдың, енді кетсең бақытсыз боласың!”, “Кетіп қалсаң, абыройсыз атанасың”-деп жүріп екеуі ақыры көндірді. Ең бірінші анамды ойладым. Шынында, қайтып барсам, анама абыройсыздық әкелетіндей көріндім. Әкеме қалай қараймын? Қалдым. Түннің бір уақытында артымнан аға-жеңгелерім келді. Айнұрдың анасы оларға мені өз еркімен келді деп айтқан екен. Жеңгем оның рас-өтірігін сұрады. “Қалмаймын десең, алып кетемін”,-деді. Жұрттың сөзінен қорықтым. Оның үстіне анамның жүрегі ауыратын еді. “Рас”,-дей салдым… Ертеңінде естідім, жігітім өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қайта бауыры дер кезінде көріп, аман алып қалған екен. Ол мені сұрап үйіме барған. Жеңгем өз еркіммен кеткенімді айтыпты (көңілі босады)… Ата-анам балалы болғанша ренжіп жүрді.

Қазір үш ұлым бар. Ішімде өкініш болса да, балаларым үшін бәріне көніп жүрмін. Бақыттымын дей алмаймын, бақытсызбын деуге де болмас. Үш балапаным аман болсын, бастысы…

"Күйеуім мені алып қашты…" атты мақаладан

Дереккөз: baribar.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер