Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың пiкiрiнше, жеке тұрғын үй салуды жеделдету үшiн Үкiмет арзан ұзақ мерзiмдi несие беру, құрылыс материалдарымен қамтамсыз ету секiлдi мәселелердi қарастыратын арнайы жеке меншiк тұрғын үй құрылысы туралы заң жобасын әзiрлеуi қажет. Бұл туралы депутат бүгiн үкiмет мүшелерi қатысып жатқан Сенаттың жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Қ.Айтаханов: Жеке меншiк үй құрылысы туралы заң жобасын әзiрлейтiн уақыт жеттi
Депутаттың айтуынша, елiмiзде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты қолжетiмдi тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңiл бөлiнуде. 2017 жылы республикалық бюджетте бұл бағытқа 143 млрд теңге, оның iшiнде Ұлттық қордан 103 млрд теңге бөлiнген. Алайда, Қуаныш Айтахановтың пайымдауынша, елiмiзде тұрғын үй мәселесiн шешудiң ең тиiмдi жолы – жеке меншiк тұрғын үй құрылысына жеткiлiктi көңiл бөлiнбей келедi.
«Мәселенiң күрделенгенi соншалықты, бүгiнде жер телiмiн алуға кезекте тұрған азаматтардың саны соңғы он жылда 14 есеге өсiп, 1,4 миллионға жеттi. Жастар үйленiп, жеке үй болып шыққысы келедi. Бiрақ баспанасы жоқ. Жеке үй салып алайын десе, жер телiмi жоқ. Үкiмет жеке азаматтардың қаржыларын айналымға қосып, жеке тұрғын үй салуға барынша қолдау көрсетуi керек. Азаматтарға үй салуға жер телiмi берiлсе, олар өз қаржысы есебiнен үй салып алады. Мемлекеттiң үнемделген қаржысын жағдайы төмен азаматтарға тұрғын үй салуға жұмсаған болар едi», - дейдi сенатор.
Ал жер телiмiнiң инфрақұрылымы мәселесiн мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк арқылы шешуге болады. Депутаттың сөзiнше, бүгiнде жеке үй салушылар жер телiмiн қымбат бағаға сатып алуда. Ал жер телiмi заңға сәйкес кезекпен тегiн берiлiп отырса, жеке үй салушылар алған жер көлемiне сәйкес қаржы жинап немесе несие алып, инфрақұрылым құрылысына ортақтасып, өздерi шешкен болар едi.
«Инфрақұрылым құрылысы талаптары да қалалар мен ауылдардың жағдайларына сәйкес әртүрлi болуы керек. Үкiмет жеке тұрғын үй салуды жеделдету үшiн жеке үй салушыларға мемлекеттiк қолдау көрсетудi, арзан ұзақ мерзiмдi несие беру, құрылыс материалдарымен қамтамсыз ету және тағы да басқа мәселелердi қарастыратын арнайы жеке меншiк үй құрылысын жүргiзу туралы заң жобасын әзiрлейтiн уақыт жеттi деп есептеймiн», - дедi депутат.
Айымгүл ӘБІЛЕВАSilteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13