Елбасының пікірінше, дәрігер мамандығына адам тек өз қалауымен ғана келуі керек.
"Адамның денесі – Құдай жаратқан ең күрделі "механизм". Жақында диплом сатып алғандар туралы айтылды ғой, сондай дәрігерлердің алдына барудан Құдай сақтасын. Медицина университеттерінің студенттеріне айтарым: медицина ғылымы күн санап дамып жатыр, әр күн сайын жаңа дүние шығады… Жарнаманы тыңдасаң, не жейтініңді білмей қаласың. Бүгін кофе пайдалы десе, ертең ішуге болмайды дейді. Кеше қызыл етті мүлде жеуге болмайтынын оқыдым, ал басқа жерде малдың майы ең пайдалы дейді", — деді Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында.
Президент дәрігерлер де ағылшын тілін біліп, бар нәрседен хабардар болуы керек екенін айтты.
"Дәрігер болуды жан-дүниесімен қалайтын адам ғана осы мамандыққа баруы керек. Нағыз дәрігер науқасты тексеріп қана қоймай, оны жақсы көріп, көңіл бөлуі керек. Міне біз болашақ дәрігерлерді осыған тәрбиелеуіміз қажет", — деді мемлекет басшысы.