ЭКСПО-2017: Қытай павильонында Бейжің қаласы­ның апталығы салтанатты түрде ашылды
19.06.2017, 10:03

ЭКСПО-2017: Қытай павильонында Бейжің қаласы­ның апталығы салтанатты түрде ашылды

Жаһандық жаңалыққа ынтыққан әлем турис­терінің ат басын тірейтін орталығына айналған ару Астананың ажары арайлана түсіпті. Әсем Астананың орта­сын­да­ғы болашақ қала­сы – ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырыл­ған көрмесінің қалашығы Арқа төсіне асыққан төрткүл дүние туристерін кідіріссіз қабылдап, қайталанбас қызықтарға кенелтуде. Маусымның 16 жұлдызындағы Астананың арайлы таңы дауылпаз үнін дүбірлеткен асқақ әуенмен үндесе атты. ЭКСПО қалашығындағы Қытай павильонының алдында шымқай қызыл ұлттық киімдерін киген қытайлық биші­лер мен барабаншылар келген қонақтарды риясыз көңілмен қарсы алып жатты.

Бүгін көрмедегі Қытай павильонында Бейжің қаласы­ның апталығы салтанатты түрде ашылды. Оған Бейжің қаласы үкіметінің өкілдері, арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты. Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Бейжің апталығы бұдан бұрынғы Бүкіләлемдік көрмелер, яғни Жапониядағы Айти-2005, Шанхай ЭКСПО-2010 және Милан ЭКСПО-2015 көрмелеріндегі өткізілген Бейжің апталығының дәстүрлі жалғасы іспеттес. Сөйтіп, Бейжің қаласы ЭКСПО көрмесінің алаңын өздерінің озық бастамаларын таныстыратын тиімді орталық ретінде пайдаланады. Бұл жолы қала апталығының тақырып арқауы «Бір белдеу – бір жол» ғасырлық жобасының ауқымында өткізілмек.  ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Аспан асты елі астанасы­ның апталығы Бейжің қаласының өнер шеберлерінің айтулы концерттерімен өрнектеліп, көрмеге келуші көрер­­мен­дерді Қытай елінің бай мәдениетімен қауышты­рады. Қытай павильонындағы Бейжің апталығы кезінде бұл елдегі туризмнің даму деңгейін айқындайтын фото көрме, халық музыкасының байқауы, азық-түлік өнімдері мен Бей­жің асханасының тіл үйірер тамақтары көрсетілетін бола­ды. ЭКСПО көрмесі аясында Бейжің асханасының мәзірі­мен таныстыру әлемнің түкпір-түкпірінен осында келетін туристерге Қытай асханасын кеңінен насихаттау болып табылады. Үш күн бойы Қытай павильонында Бейжің қаласының тарихи және сәулет өнерімен таныстыратын фильм­дер көрсетілетін болады. Сонымен бірге, қала апта­лығы барысында 2019 жылы Бейжің қаласында өтетін Бағбандардың бүкіләлемдік жәрмеңкесінің бағдарламасы кеңінен таныстырылады. Бағбандардың бүкіләлемдік жәрмеңкесінің тақырыбын айшықтайтын фото суреттер Қытай павильонының екінші қабатының дәлізінде кеңінен көрініс тапқан. Аспан асты елі астанасының ЭКСПО-2017 көрмесіндегі апталығы кезінде Бейжің муниципалдық үкіметі Ресей, Италия және басқа елдердің павильондарымен бизнес өкілдері көптеп қатысатын кездесулер өткізбек.   


Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер