Мемлекет басшысының 2017 жылы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмаларына сәйкес, Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірге инвестиция тарту жөніндегі Ұлттық стратегия әзірленуде. Ербол Тасжүрековтің айтуынша, «Стратегияда инвестор тарту үшін перспективалы және басымдыққа ие салалар анықталып, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кешенді шаралар мен инвестиция тарту механизмдері жетілдіріледі. Сондай-ақ, елдегі стратегиялық ахуалды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар қолға алынды».
«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Үкіметтің атынан қазақстандық жобаларға инвестиция тарту және «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға қызмет көрсету мәселесі бойынша бірыңғай келіссөз жүргізуші және үйлестіруші болып табылады.
Бүгінде министрлік халықаралық үздік тәжірибе негізінде инвестжобалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдемесін дайындады. Орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялармен бірге 2017 жылдың бірінші жартысында инвестжобалардың нақты тізімі әзірленіп, кейін аймақтар мен салалар бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес рәсімделетін болады.
«Инвесторларды тарту үшін барлық әзірленген жобалар арнайы жобалар Картасына қосылатын болады. Осыған орай, ИИДМБ салаларымен шектелмей, туризм, АКТ, сауда, геологиялық барлау, қызмет көрсету, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бойынша МЖӘ, АӨК сияқты салаларға басымдық беру ұсынылып отыр», - деп атап өтті Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ербол Тасжүреков.
Барлық инвесторларғы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілетін болады. «KAZAKH INVEST» ҰК басқарушы директоры Алмас Айдаровтың айтуынша, Қазақстанда ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді құрылымының қалыптасуы «бір терезе» қағидатын жүзеге асыруға негіз болды. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар барлық деңгейде деректер алмастыру процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстандағы жобаларды инвестициялау шешімін қабылдаған бизнесменге барынша қолайлы жағдай жасау ісі қолға алынды.
Бұдан бөлек, министрлік «Follow-up» жүйесі аясында инвестициялық жобаларды қолдау жұмыстарын бастады. Бұл жүйе толығымен іске асыру басталғанға дейін қандай да бір толық зерттелмеген және сапасыз жобаларды өткізбейді. Инвесторларды қолдау үшін жаңа қаржы құралдары мәселесі де қарастырылуда.
Қазіргі уақытта арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін жетілдіру жөнінде жаңа қадамдар әзірленді. Барлық жаңадан енгізілген ұсыныстар арнайы экономикалық және индустриялды аймақтардың қызметіндегі проблемалық мәселелерді және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған.
Бүгінде АЭА шамамен 150 жоба іске қосылды (оның ішінде 30 жоба шетелдіктердің қатысуымен). Аталған жобаларға салынған инвестиция көлемі 600 млрд. астам теңгені құрады және 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Республикалық бюджетке салық түрінде 100 млрд. теңге қайтарылды. Жалпы айтқанда, қабылданған жедел және кешенді шаралар Қазақстанның инвестиция тартуда бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ел экономикасына келетін тікелей шетелдік инвестиция көлемін еселеу бойынша көзделген мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді.