Показать содержимое по тегу: жазасын өтеу
Құр мақтан үшiн ақша шашуға әуес Қазақстан билiгi түбi осыған баратын сияқты. Сотталғандардың санын қысқартып, 6 абақтыны жапса да, үкiмет жазасын өтеушiлерге жұмсалатын қаржыны ауырсына бастағандай. Күнi кеше Сенат депутаты Дариға Назарбаева Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң кеңейтiлген отырысында тосындау бiр ұсыныс айтты. “Егер ауқатты адам қылмыс жасап, жазасын өтеу үшiн тұтқындалса, онда ол түрме шығынын өзi көтерсiн. Олардың түрмеде отыруы қымбатқа түседi. Сiздерден осы ұсынысты қарастыруды сұраймын” дедi Д.Назарбаева.
Естерiңiзде болса, қараша айында ғана Астанада өткен Судьялар съезiнде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми сотталғандар санының азайғанын аузын толтырып тұрып айтқан. Оның сөзiне сенсек, 25 жыл iшiнде түрмеге түскендер саны 3 есеге кемiген. Осының арқасында Қазақстан 100 мың адамға шаққандағы сотталғандар саны бойынша 140 елдiң iшiнде 62 орынға төмендептi. Тоқсаныншы жылдары ғана қит еткендi түрмеге тоғыта беретiн елдер тiзiмiнде үшiншi орында тұрғанымызды ескерсек, бұл әжептәуiр жетiстiк. Соның әсерi болса керек, биыл Қазақстанда 6 колония жабылды.
Сонда қылмыс азайған ба? Прокуратураның сайтына үңiлсек, “Түрмедегiлердiң санын азайтудың 10 шарасы” атты жоба қабылданыпты. Сол шараның бiрi – сот талқылауына дейiн бiтiмге келу. 2012-2015 жылдар аралығында күдiктiлер мен жәбiрленушiлердiң бiтiмге келуi 5 есе артыпты. Бас бостандығынан шектеу жазасы да бiр жыл iшiнде 5 есе көбейген. Түрме жазасын айыппұлмен алмастыру да оң нәтиже берген көрiнедi. Бұрын ол 3,5 пайыз болса, 2015 жылы 21,2 пайызға артқан. Осының арқасында 2015 жылы ғана айыппұл салынған 6 мың адам мемлекетке 3,1 млрд қаржы құйған.
Ең қызық дерек мынау: 2015 жылдың желтоқсанындағы есеп бойынша түрмедегiлер саны 40159 екен. Жоғарыдағы есеп-қисапқа қарасақ, бiр жыл iшiнде сотталғандар саны бұдан да төмендеп кетуi тиiс. Бiрақ бiз 40 мың деп есептей берейiк. Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай осылардың қаншасы рақымшылыққа iлiгуi мүмкiн? 30 мыңы! Бұл жөнiнде жуырда Мәжiлiстiң Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетiнiң төрағасы Нұрлан Әбдiров мәлiмдедi. Ол: “Қазiр ешкiм адам санын нақты айта алмайды. Бұл заң жобасын дайындаған мемлекеттiк орган – Бас прокуратура. Олардан келiп түскен мәлiмет бойынша жобасы 30 мыңдай сотталушы рақымшылыққа iлiгуi мүмкiн” дедi.
Сонда әрбiр төрт адамның үшеуi рақымшылыққа iлiге ме? Бұл не деген батпанқұйрық? Санаулы жылдан кейiн Қазақстанда түрме атаулы мүлде болмайтын шығар онда? 30 мың сотталушының алды боп қазақ жерiнiң бүтiндiгi үшiн алаңға шыққан Мақс Боқаев пен Талғат Аян, саяси тапсырыстың құрбаны болған әкелi-балалы Матаевтар т.б бостандық алады деп күтемiз бе? Әлде жеген-жұтқаны көмейiне кептелiп, түрмеге түскен шендiлер босап, халық күтiп отырған саяси тұтқындар рақымшылыққа iлiнбеген төрттiң бiрi болып абақтыда қала бере ме? Мұны ендi уақыт көрсетер.
Бiз Дариғаның ұсынысына оралайық. Түрменiң жамбас ақысын сотталушының өзiне арту не үшiн керек? Бұл – қанша қаржы құйсаң да жемсауы толмайтын жалмауыз ЭКСПО-ға тыңнан “тамақ” тауып берудiң қарекетiне ұқсап-ақ тұр. Мейлi ғой, бiрақ Д.Назарбаеваның “ауқаттылар” дегенi кiмдер? Мемлекет пен халықтың дәулетiн жұтып, iстi болғандар ма? Миллиондап пара алып, миллиардтап құсып жатқандар үшiн түрменiң төсегiне ақы төлеу әрине, түк емес. Оларға салсаңыз, ақысын артығымен төлеп, түрмеге кесiлген уақытын санаторийде де өткiзе алады. Тiптi жуандар мен шонжарлар үшiн Бурабай секiлдi қазақтың ең шұрайлы жерiнен VIP-абақты тұрғызсаң да, артық емес. Әлде Д.Назарбаева осыны тұспалдап тұр ма? Олай дегiсi келсе, халық тарапынан қарсылық жоқ. Кiм бармай жатқан түрме, құдай-ау?! Дүние кезек деген, бүгiн төбесi көк тiреп жүргендердiң ертең жолы түсе қалса, жайлылау жерге жамбас басқаны да жөн шығар.
Бiздi қорқытатыны – басқа нәрсе. Сенатордың тосындау ұсынысын жалбақайлар жамырай қолдай жөнелсе, ертең сотталғандардың ауқаттысы мен ауқатты емесiн айыру қиындап кетуi мүмкiн. Екi қолға бiр күрек таппай сандалып жүрген жұмыссыздарды да сараңданбай салық төлеуге шақырған Д.Назарбаева соның ара-жiгiн ашып бере алатын адамға ұқсай ма?
Қ.Баян
Дерек көзі: zhasalash.kz
Опубликовано в
Ұсыныс