– Римма, «Халық маркасы» қазақстандық тауар өндірушілер федерациясы қазір республика көлемінде танылып үлгерді. Жалпы, «Халық маркасын» құруыңызға не себеп болды?
– Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қазақстанда жасалған» атты акция басталғанын білесіздер. Менің идеямның жүзеге асуына Елбасының осы отандық өндірісті дамыту туралы айтқан сөздері түрткі болды. Елбасы Қазақстанда жасалған тауарлар сапалы, тартымды және бағасы да көңілге қонымды болу керек дегенін бүкіл халық естіді. Президенттің өзі отандық тауарларды өндіруге, оны жарнамалауға қолдау білдірсе, менің ойымдағы дүниені жасауыма одан артық не керек деген шешімге келдім. Ешқандай кедергі болмайтынын түсіндім.
Оған дейін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясында арнайы шақыртумен қызмет атқарғанмын. Халықаралық деңгейде өтетін көрмені ұйымдастыру барысын, оның мақсаты, мүддесі, пайдасы қалай болуы керек деген мәселелерді зерттедім. Сөйтіп, отандық өнімдерді қолдау акциясы басталған кезде «Халық маркасын» қолға алдым. Алдымен ең үздік азық-түлік брендтерінің арасында онлайн конкурс өткіздік. Алғашында қатысушылар аз болатын шығар деген күдігім болған. Жоқ, қатысушылар біз күткеннен бірнеше есеге асып түсті. Басқа-басқа, азық-түлік шығаратын компаниялар аз емес екен. Халықтың онлайн дауыс беруінің нәтижесінде 25 бренд жеңімпаз деп танылды. Осы 25 брендтің ішінен 17-сі былтырғы Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысты. Бұл көрменің тақырыбы «Адамзатты тамақтандыру» болды, оған әлемнің 144 елімен бірге Қазақстан да ат салысты. «Халық маркасы» белгісі тұңғыш рет Миландағы Қазақстанның павильонында халық назарына ұсынылды. 17 брендті халыққа көрсетіп, «Халық маркасының» жеңімпаздарын сол жерде салтанатты түрде марапаттадық. Мақтанғаным емес, бірақ қазақстандық брендтерді шетелге апарып көрсету, марапаттау бұрын-соңды болмаған деп ойлаймын.
– «Халық маркасы» біріктірген брендтердің саны жүзден асады екен. Басым бөлігі қандай тауар?
– Жалпы, әу басында ұйымдастырғанда тауарлардың үлесінің тең болуына көңіл бөлгенбіз. Шеберлер паркі, киім-кешек алаңы, азық-түлік жәрмеңкесі және үй жиһаздары деп бөліп, әрқайсының үлесі бірдей болуын қадағаладық. Биыл қыркүйек айында Шеберлер паркіне қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп болғансын, оның үлесін көбейтіп, акция өткіздік. Қазан айында елуден астам брендтердің қатысуымен киім-кешек алаңын аштық. Қараша айының соңына дейін үй жиһаздары алаңын үлкейтеміз. Оңтүстіктің кілемдері, Алматыда жасалған төсек-орын заттары, Солтүстік Қазақстаннан шеге қолданылмай, тек қана ағаштан жасалған жиһаздарымыз қойылады. Жалпы, еліміздің 7-8 облысында жасалған жиһаздар келеді. Желтоқсан айында 120 бренд азық-түлік жәрмеңкесіне қатысады. Жәрмеңке бір-екі күн емес, тұрақты түрде болып тұрады. Бұл жұмыстар 2017 жылдың күзінде ЭКСПО біткенге дейін жалғасады.
– Отандық тауарларды экспорттау мәселесі қарастырылған ба?
– Әрине, қарастырылған. Онсыз болмайды. Ақпан айынан бастап маусымға дейін әлемнің 12 елін аралап, қазақстандық тауарлардың жәрмеңкесін өткізбекпіз. Жасыратыны жоқ, осыған дейін Қазақстанның шетелдерде өткізіп жүрген көрмелеріне онша көңілім толмайды. Біз қалай өткізіп жүрміз? Қазақстандық делегация бір қымбат қонақүйге аялдайды. Сол қонақүйдің төбесінен шағын орынды жалға алып, оншақты брендімізді қойып қояды. Ол көрмеге сол елдегі дипломаттарымыз барады, бітті. Қазақстанның өнімін одан әрі танытуға мүдделі адамдар ол жерде болмайды. Ал біз басқаша форматты ұстанбақпыз. Кез келген марканы танытатын – халық. Сапасы, сәні, бағасы халыққа ұнайтын болу керек. Одан кейін ғана жарнамасын жасауға болады. Сол үшін Үндістан, Ресей, Қытай сынды елдерге барып, сауда жасайтын жерлерінен орын алып, базар форматында өзіміздің тауарымызды ұсынамыз.
– Шетелге қандай тауар апарасыздар?
– Азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, шеберлердің бұйымдары. Осы үш секторда жүзден астам бренд шығарылады. Қазақстанның сауда орындарында, Көрме залдарында Үндістаннан, Түркиядан, Қытайдан келген тауарлардың жәрмеңкесі өтіп жататыны белгілі. Өзіміздің қазақтар үндінің шайын, бижутериясын, түріктің орамалын алып жатады. Бізге де неге солай жасамасқа деп отырмыз.
– Ұсыныс жеткілікті, ал тауарлардың сапасы қалай?
– Мен осы жердегі кез келген тауардың сапалы екенін кепілдік бере аламын. Себебі, барлығы алдын-ала тексеріледі.
– Қалай тексересіз?
– Зауыттың басына барып, өндіріс барысымен танысамыз. Жиһаз фабрикаларының арнайы залы болады. Сол жерде біз таңдаған бір жиһазға ауыр жүк артып, майыстырып, құлатып дегендей түрлі сынақтар жасайды. Ағаштан жасалған бұйым болса, оның ағашы қай жақтан әкелінген, шірік емес пе, қалай өңделген, қанша уақыт сақталған, қандай желім қолданылғаны… бәрі тексеріледі. Азық-түлік, киім-кешектер де сол сияқты. Қысқасы, кез келген тауар шикізатынан бастап дайын болғанға дейінгі аралықта толық қадағаланады. Сізге мына бір орындықты көрсетейін. Базарда толып тұрған орындықтар салмағы ауыр бір адам отырса, бірден сықырлап қалатыны белгілі. Ал біздің орындықтардың үстіне секірсе де, ештеңе болмайды. Әрі әдемі екенін де көріп отырсыз. Келесі жолы сіз орындық іздесеңіз бізге келесіз деп ойлаймын.
– Отандық өнімді өзіңіз тұтынасыз ба?
– Әрине. Аяғымдағы етігім Петропавлда тігілген, таза былғары. 17 мың теңгеге сатып алдым. Ал қай мемлекет бізге таза жүннен, былғарыдан жасалған тауарын жіберуші еді?! Жіберген күннің өзінде оның бағасы өте қымбат. Өзіміздің өнім олардан артық болмаса кем емес. Етіктің ішінен Теміртаудың шұлығын киіп алдым (күледі). Шетелдің синтетика гамаждарын қабаттап кигенше, Теміртауда шығатын жылы киімнің бір қабаты да тоңдырмайды. Үстімдегі көйлегім Алматыда тігілген, моншақтарым, сырғам… бәрі өз елімізде, өз шикізатымыздан жасалған. Жақында үйімде күрелі жөндеу жүргізгенде тұсқағаз, бояу, линолеум сияқты керек дүниенің бәрін өз елімізде жасалған тауарлардың арасынан таңдап алдым. Сонда бір түсінгенім, шетелдің өніміне жүгіре бермей, өзіміздің тауарларды тұтыну арқылы да адам өмір сүре алады екен.
– Отандық өнімді шығарушы кәсіпкерлер қандай көмекке зәру?
– Біріншіден, кәсіпкердің мемлекеттен қолдау күтіп, қол қусырып, қарап отыруының өзі жақсы әдет емес. «Мемлекет бәрін жасап береді» деген менталитеттен арылған жөн. Әсіресе, қандай да бір кәсіпті бастайтын кезде ешкімге сенуге болмайды. Абай атамыз «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді ғой. Қарапайым адам үшін өзіне сенімділік қаншалықты қажет болса, кәсіпкер үшін ол екі есе керек. Өз қолыңмен жасап, маңдай теріңді төгіп, жұмыстың қиындығын көріп, рахатын сезіну де бір ғанибет қой.
Дегенмен, бұл мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетпеу керек дегенді білдірмейді. Мәселен, біздің елімізде жақсы киім шығаратын фабрикалар бар. Олардың өнімдері Қырғызстанның өнімдерін он орап алады, Түркияның тауарларынан кем емес. Станоктарын Германиядан сатып алған. Тауарларының сапасын айтпағанда, өнім шығару қуатының өзі бүкіл Қазақстанды қамтуға жетер еді. Ал осы фабрикаларға қажетті шикізаттар шетелден әкелінеді. Себебі, бізде мақта шығарсақ та, мата жетіспейді. Үндістаннан, Түркиядан тонна-тонна мата әкелінеді, оны кеденнен өткізгенде салық төлеуге мәжбүр. Кәсіпкерлеріміз салықтан қашпайды, әрине. Бірақ оларға кеденде қандай да бір жеңілдік жасалса, өнімнің бағасы да арзандар еді. Яғни, тауары жақсы өтеді, кәсіпкерге түскен табыстан мемлекетке салық төленеді. Көріп отырғаныңыздай, бір ғана жеңілдік түбінде мемлекеттің өзі үшін пайда болып қайтады. Қысқасы, Үкіметтің қолында кәсіпкерлерді қолдаудың неше түрлі тетіктері бар, тек соны жүзеге асырса болғаны. Талап-тілектерімізді тиісті органдарға жеткізіп те жүрміз.
– Отандық өнімдердің жарнамасына көңіліңіз тола ма?
– Көңіл толатын да, толмайтын да жерлері бар. Әрине, бұл тарапта мемлекет тарапынан біраз қолдау жасалып жатыр. Елбасымыздың өзі оған тікелей ат салысты. Бірақ БАҚ-тардың жарнамалау тәсілдерінің ұнамайтын тұстары бар. Мәселен, тұтынушыларды қандай да бір тауардың жасалу технологиясы қызықтырмайды. Олар үшін ең бастысы – соңғы өнім. Соңғы өнімнің сапасы мен тиімділігі, сосын тартымдылығы рөл ойнайды. Жиһаз қандай металдан жасалды, оны қалай балқытты, иді… ол жағынан тұтынушыға бәрібір. Адамдар дүкенге келеді, сөреде көзіне бірінші түскен, ұнаған дүниені сатып алады. Бұл, әсіресе, азық-түлікке қатысты. Жарнама кезінде қандай тауар қай сауда орнында, қандай дүңгіршекте тұрғанын нақпа-нақ айтылса, кәсіпкер үшін ең жақсысы сол болар еді. Қазіргідей ақпарат көп заманда адамдардың басын қажетті-қажетсіз ақпаратпен толтыра бермей, нақты керегін ғана ұсыну керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, БАҚ-тар зауыт, фабрикалар туралы, тауардың жасалу технологиясы туралы көп айтады.
– Отандық тауарларға сұраныс қалай?
– Сұраныс өте жоғары. Үш-ақ айдың ішінде сауда айналымы 50 миллионды құрады. 6 шілдеден бергі аралықта павилон жартылай ғана толды, толық болған кезде сауда екі есе артуға тиіс.
– Дәл қазір бұл жерде қанша тауар түрі бар?
– Жүз брендтен он мыңнан астам тауар түрі бар. Ең өтімді тауарлар жеңіл өнеркәсіп өнімдері. Аяқ киім, төсек орын заттарына сұраныс өте көп. Ұн өнімдері, шай түрлері жақсы өтеді. Жалпы, ұсыныс болса, сұраныс болатынына көз жеткіздік. Сол үшін брендтердің санын 500-ге жеткізіп, тауарларды көбейтсек деп отырмыз.
– ЭКСПО-2017 көрмесіне қалай ат салысуды жоспарлап отырсыз?
– Халықаралық көрменің туристік картасына енсек, біз үшін үлкен жетістік болады. ЭКСПО-ға келген туристер біздің павильонымызға келіп, отандық өнімдерді көріп, сатып алар еді.
Көрме аумағында ұлттық тағам түрлерін көрсететін павильон ашсақ деген ойымыз бар. Ол жерде шұбаттың, қымыздың ондаған түрін ұсынсақ дейміз. Мысалы, Францияда, Италия шараптың түрлерін көрсетіп, әр шараптың қай жердің жүзімінен әзірленгені, қандай технологиямен әзірленгенін мақтанышпен таныстырып жатады. Түркияда туристерге пахлаваның екі жүз түрін ұсынады. Біздің қымыз бен шұбатты неге солай көрсетпеске?!
Сиырдың, жылқының, түйенің сүтінен жасалған құрттың елу түрін жасадық. Формалары, түр-түсі әртүрлі. Бәрі сәтті болса, ЭКСПО көрмесіне дейін 17 миллион құрт әзірлеп, арнайы бутикке қоямыз.
– Аз уақыт ішінде отандық өндірісті дамытуға, танытуға бір кісідей ат салысып үлгердіңіз. Өзіңіз турал айтып өтсеңіз.
– Мен Алматы қаласында туып, Оңтүстік Қазақстанда өстім. Әкем спорт және туризм саласының маманы. Анам Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін бітірген. Мәдина Ералиевамен бірге оқыған, бір бөлмеде тұрған, жақын дос болған екен. Бірақ, тұрмысқа шыққаннан кейін әкеммен бірге Оңтүстікке көшіп, сонда тұрақтап қалыпты.
Ауылда өссек те, ата-анамның арқасында музыкалық мектепте фортепиано сыныбында 7 жыл оқыдым, бимен кәсіби дәрежеде айналыстым. Әкемнің жанына еріп жүріп баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика сынды үйірмелерге бардым. Қысқасы, ес білгелі мектептің акт залы мен спорт залының арасында жүгіріп жүретінмін. Табиғатты тануыма, әлемді тануыма, өнерге, әсемдікке құмар болуыма ықпал еткені үшін ата-анама алғысым шексіз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Арнұр АСҚАР,
Дерек көзі: «Егемен Қазақстан»