Cуицид деген – вирус, сол вирусты биокомпьютерден алып тастаймыз
28.10.2016, 16:19

Cуицид деген – вирус, сол вирусты биокомпьютерден алып тастаймыз

Қазақстан он жылдан бері жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі бойынша әлемде үшінші орында тұр екен. Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы 1126 адам өз өмірін қиған. Оның 86-сы кәмелеттік жасқа толмаған балалар екен. Осыған талдау жасаған Бас прокуратураның айтуынша, өмірден өткен балалар мен жасөспірімдердің 70 пайызы психикалық ауытқуға ұшырамаған көрінеді.

Талдау жүргізген мамандар да, емдеп жүрген психологтар да бірауыздан суицидке себеп – адам жанының күйзеліске түсуі деп отыр. Күйзеліске түскен адамның миына ең бірінші болып қонақтайтын және жас талғамайтын дерт екен бұл. Бір жас жеткіншектің өзіне қол салғанын естісек, оның себебін айналасынан іздей бастаймыз. «Мұғалімімен сөзге келіп қалыпты, мектепте қысым көріпті, жігітімен ренжісіпті, достарымен тату болмапты» дегендей себеп-сылтаулар тізбектеліп шыға келеді. Суицидке көпшіліктің көзқарасы осындай. Ал суицид жасамақ болып жүргендермен, жасаған соң аман қалғандармен терапия өткізіп жүрген психолог маманның пікірі басқаша.

Оның жұмысын Тамара Дүйсенова келіп көрді

Анна Құдиярова – психология саласын жетік меңгерген маман. Психологияны Мəскеуде психоана-лиз институтын оқып бастап, əлі күнге дейін білімін жетілдіріп жүр. Амстердамдағы Нидерланды психоанализ институтында, кейін Нью-Йорктегі Колумбия университетіндегі психоанализ орталығында дəріс алған. Шығыс Еуропа психоанализ институтында оқыған. Жыл сайын əр елде психоаналитиктер арасында өтетін конференцияларға, конгрестерге, семинарларға қатысып қайтады. «Психоанализдің негізгі тілі ағылшын тілі болғандықтан, қартайғанда бұл тілді де меңгердім, ағылшынша тренинг өткіземін», – дейді.

Психоанализдің теориясы негізінде Психохрониктер мен мүгедектерге арналған интернат үйіндегі 40 шақты жасты бостандықтағы өмірге дайындап жатыр екен. Бұл жұмыстарын Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың өзі келіп көріпті.  Өткір пікірлерімен жұрттың есінде қалған Анна ханымды көп жұрт жақтыра бермейді. «Жараны ашып емдемесе, асты іріңдеп кетеді ғой», – дейді өзі астарлап. Анна ханымның жан жарасына ем іздегендермен сұхбат-тасатын орталығына бардық. Екі қабатты үй екен. Ауласы таза, тыныш, жап-жасыл. Кіре-берісте аяқ киімімізді шешіп, бірінші қабаттағы Анна ханымның бөлмесіне көтерілдік. Еденде жатқан үлпілдеген аппақ кілемді не басарымызды, не баспасымызды білмей, кідіріп қалдық. Бөлмедегі ауа тұнық, жиһаздары мұнтаздай. Психолог ханымға қарама-қарсы диванға жайғасып, сұрағымызды қойдық.

 Анна ҚҰДИЯРОВА, психолог-талдаушы:

– Кейбіреулер суицидтен аман қалғаннан кейін келсе, кейбіреулер «өмірден шаршадым, енді не істеймін» деп алдын ала келеді. Алдын ала келгені жеңілдеу, əрине. Оларды бейбақ, шарасыз деп аяуға болады. Жанайқайын ешкім естімегеннен кейін, басқаша өмір сүру мүмкін емес деп ойлайды. Жалпы, суицид туралы ой əр адамда бар. Философияның заңдылығы бойынша, сан сапаға өтеді. «Қайтып өлсем екен?» деп жолын қарастырады. Кино көреді, біреулердің əңгімелеріне құлақ түре бастайды. Сөйтіп жүріп, қолайлы уақыт табады. Санасындағы күйзеліс тоқтамаса, сол жоспарды іске асыруға кіріседі.

 Бірінші мысал

Мысалы, бір əйел 13 жастағы баласын алып келді. Артынан қуып жүріп, баласын тоқтатып қалған екен. Анасының айтуы бойынша, бір сыныптасы өзіне қол жұмсаған екен. Бұл соған еліктейді-мыс. Менің емдеу əдісім бойынша, мамасы сыртта күте тұрады, баламен оңаша сөйлесемін. Сөйлесе келе, бұл жағдай досына қатысты емес екенін білдім. Бала шешесіне ренжіген. Əкесі қайда, кім, руы қандай екенін білмейді. Шешесінен сұраса: «Ол жаман адам. Керек емес саған», – деп айтпай қойған. Осы жағдай баланың есінде қалып қойған. Баланың айтуынша, кішкентай кезінде əкесі келіп, машинаның ішінде отырып екеуі де жылаған екен. Далада жауын жауып тұрыпты. «Сыртта жауын жауып жатыр, іште біз жылап отырдық», – дейді бала. Жауын жаумаған шығар, екеуінің жүзін жас жуып, баланың есінде солай сақталып қалған болу керек. Мұны көрген əйел күйеуін ұрсып-ұрсып қуып жібереді. Бар қазақтың əйеліне айтарым, баланы күлге аунап тапқан жоқ қой. Баласының тегі бар, руы бар, жаман да болса əкесі бар.

Дəстүрімізді, тарихымызды айтып жатып, мамасын əрең көндірдім. Өкпелегені соншалық, баласының жаны ауырып тұрғанын да елегісі келмейді. «Балаңыз тірі қалсын десеңіз, əкесімен жолықтырыңыз», – деп тікесін айттым. «Ол неме қайда жүргенін де білмеймін», – дейді. Қазір іздегеніңді табатын кез ғой. Біраз кеңес бердім. «Иə-иə» деп кеткен, содан келмеді. Баланың тағдыры не болды екен деп ойлап жүрдім. Бір-екі жылдан кейін сол ауылдан келген адамдардан сұрастырсам, шешесі ертіп барып, əкесінің үйіріне қосқан екен. Суицидтің бір себебі – əке-шешесінің ажырасуы. Үнемі айтатыным, сіздер жұбай ретінде ажырай аласыздар. Бірақ, əке мен бала, қыз бен шеше ажырай алмайды. Өкінішке қарай, ажырасқан əке мен шеше бір-бірін жау көріп, арасында балалары зардап шегіп жатады.

11222970_920296578041217_1398613101873867678_n

Екінші мысал

Мектепті аяқтайын деп жүрген қыз математика мұғалімімен сөзге келіп қалады. Күніге тест тапсырудан шаршап кеткен. «Болды, апай, шештім, кетем», – дейді. «Отыр да шеш, «Алтын белгіні» қайтып аласың?» – деп мұғалімі жібермей қояды. Мұғалімнің аузынан: «Онда саған біздің ортамызда орын жоқ. Кете бер», – деген сөз шығып кетеді. Қыз ренжіп келе жатып, шешесіне телефон шалады. Шешесі мұғалімді жақтайды. «Дұрыс айтады, мұғалімнің айтқанын істеу керек еді», – дейді. Енді шешесіне де «Алтын белгі», грант керек қой. Сонда екеуі де сөздің астарын білмей тұр. «Грант алмасаң біздің ортамызда орын жоқ» деген сөз ауыр қабылданған-ау, шамасы. Содан қыз үйіне жетпей, бар жеткен ақшасына дəрі алып, ішіп тастайды. Сол күні жұмыстан ерте келген шешесі қызын құтқарып қалыпты.

Жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Осындай жағдайларды оқырмандарыңызға дұрыстап жеткізіңіздер. Балаға қаратып айтылатын сөзге абай болмаса, зардабы үлкен болады. Баланы сөз көтере алатын бала етіп тəрбиелеу де ата-ана қаперінде жүру керек қой.  Айтқанды тыңдау керек екенін жастайынан құлағына құйып өсірген дұрыс шығар.

– Ал осы мысалыңыздың екінші жағы да бар емес пе? Əйтпесе есейген соң ешкімді тыңдамай кетіп жүрмей ме? Əр айтқан ескертуге бола күйзеліске түсе берсе несі қалады?

– Кейбір адамдардың психологиялық күші мықты болады. Мысалы, мына телефонды тасбақаның үстіне қойсам, жүріп кете береді. Ал көбелектің үстіне қойсам не болады? Сол сияқты адамның психологиясы тасбақа мен көбелек секілді. Жаңағы оқиғада бірінші кезекте анасы кінəлі болып отыр. Анасы анығына жетпей тұрып мұғалімді жақтамаса, сондай жағдайға ұрынбайтын еді. Өйткені, баланы тапқан əке мен шешенің сөзінің, шешімінің баласы үшін маңызы зор. Əке-шешесі отбасында баласымен жақсы қарым-қатынаста болса, бала ешқашан өз-өзіне қол жұмсауды ойламайды. Ал мұғалімнің айтқан сөзі екінші, үшінші немесе тоғызыншы орында тұруы мүмкін. Сондықтан өз басым мұғалімдерді жауапты қылмас едім. Үйінде бір гəп болуы мүмкін. Соның шетіне мұғалімдер жолап кетіп, бəлеге қалып жатыр. Үйде əке-шешесі «алтыным, айым, күнім» деп отырса, ол бала мектепті «үшке» бітірсе де жақсы маман бола алады.

Əке-шешеге психологиялық сауаттылықты үйретуіміз керек. Елімізде психологтардың саны жетіп жатыр. Енді солардың санынан гөрі, сапасына мəн беру керек. Маған көп адам келе бермейді. Өйткені, қалтасы көтермейді. Ал ақшасы болса да психоаналитиктерге барғанды ұят санайтындар көп.

Бізге түнде дəретіне ие бола алмайтындар да, көпшіліктің алдында сөйлей алмайтындар да келеді. Адам ағзасы – биокомпьютер. Қандай бағдарлама салсаңыз, соны істете береді. Мысалы, суицид деген – вирус. Сол вирусты биокомпьютерден алып тастаймыз. Осы мəселенің алдын алып жатқандарыңыз дұрыс. Өйткені, күз психикалық аурулар қозатын кез.

Үшінші мысал

Үнемі айтып жүретін бір оқиға бар. 7 жастағы ұл бала шешесіне «өлемін, өмір сүргім келмейді» деп айтыпты. Шешесі жалғызбасты, ажырасып кеткен. Кешке достарымен кетіп қалады екен. «Мені ұйықтады деп ойлайды. Бірақ, мен ұйықтамаймын. Сонда мені неге туды? Мен мамама керек болмасам, ешкімге керек емеспін ғой. Ендеше мен өлуім керек. Соны ойланып-ойланып мамама айттым», – дейді. Ал мамасы жұмыстан шаршап жүріп, «былшылдамай, кетші бар» десе не болады? Бала солай ойлаған, бірақ, əлі əрекетке бармаған. Кішкентай балалар өздеріне бейсаналы түрде суицид жасай алады. Мысалы, балаңыз бір жерде аяғын сындырып алып, бір жерде қолын шығарып алып, енді бір жерде оңбай құлап жатса, бұл жағдай үш реттен артық қайталанса, онда баланың өмірге деген құштарлығы кеміп бара жатыр деген сөз. Зигмунд Фрейдтің айтқан заңдылығы бойынша, өмірге деген құштарлық жəне өлімге деген құштарлық бар. Өмірге деген құштарлық күшті болған кезде өзімізді жақсы сезінеміз, келеңсіз жағдайлардан сақтануға тырысамыз. Ал кейде шаршап қаламыз. Өз басым көп нəрсенің себебін отбасынан іздеймін.

Мысалы, мені түсінетін бір адам болса, сол адамға хат жазам, телефон шалам, кездесейік деп айтам. Сіздер де байқаңыздар. Күніге телефон шалып, қал-жағдай сұрап тұратын туысыңыз, досыңыз, жақыныңыз кенеттен үнсіз қалуы мүмкін. Екі-үш ай хабарсыз жүреді. Сонда міндетті түрде өзіңіз хабарласыңыз. Ол күйзелісте жүруі мүмкін. Депрессияны емдемесе, тікелей суицидке апарады.  Депрессия – жоғалту. Жұмысты, жақсы көретін адамды, ең бастысы іштегі идеяны жоғалту. Мысалы, 27 жастағы бір қызбен жұмыс істедім. Өлімді ойлап жүргеніне 10 жыл болыпты. Əңгімесін тыңдасаңыз, сұмдық! «Мына люстра неше келі салмақты көтере алады? Ал қонақ бөлмедегі люстра қанша салмақты көтере алады? Менің салмағымды көтере ала ма? Папам жұмысқа кетеді, мамам ұйықтап жатады. Сол кезде дəретханаға шыққан болып кетсем, ешкім байқамай қалады. Мен өлуім үшін мынанша уақыт керек. Сонымен болды». Көрдіңіз бе, тікелей жоспарлаған. Бірақ, «Үмітсіз – шайтан» дегендей,  «жанымды кім түсінеді екен?» деп күтіп жүрген. Ал сол 10 жылдың ішінде əнші, биші, композитор болғысы келген екен. Ал ата-анасы «жеңілтек өнер» деп рұқсат бермеген. «Оданда қыз балаға мұғалім болған жақсы» деп, мұғалімдікті оқытады. Мұғалімдікті бітіргенімен істемейді. Өздерінің шағын кəсіптерінде əртүрлі жұмыстар істеп жүреді… Əке-шешесі байқап қалып, дер кезінде алып келіпті қайта. «Мен өлсем, осылардың барлығы бақытты болады» дейді. Əкесі күнде «салақсың» деп ұрсады екен. «Сен масылсың, үйде отыра бересің» деп шешесі түрткілейді. Ағасы да бір теуіп кетеді, жеңгесі де бір сөзді айтып жібереді. Сонда «мен өлсем, бəрі тынышталады» деп ойлайды байғұс қыз. Ал олар: «Мына қызды ұрса берсек, намысын оятамыз» деп ойлайды. Құлап жатқан адамды тепкенмен, тұра алмайды. «Сен жақсысың, қолыңнан бəрі келеді. Жұмыс істемесең істемей-ақ қой, бізге керексің» деген бір жылы сөзді ести алмаған. Он жыл бойы депрессияда неге жүрген? Арманын жоғалтып алған қыз ғой. Сізге ұнай ма, ұнамай ма, мектепті бітірген бала қайсысын оқимын десе, соған жіберу керек. Бұл енді мамандыққа қатысты. Нашақорлар, маскүнемдердің əрекетін жасырын суицид деп айтамыз. Көлікпен қатты жүретіндер де сондай. Ал биіктен секіріп кеткендерге көзқарасымыз онша жақсы болмайды, ал көлік апатынан қайтыс болса, басқаша көзқараспен қараймыз. Бұны адамдардың түсінуі қиын. Өйткені, психология деген өте нəзік нəрсе. Өлімге баратын адамның ішкі бағасы төмен болады. Сыртқы кемшіліктерін былай қойғанда, қолымнан түк келмейді, салақпын, олақпын деп өзін кемсіте береді.

Төртінші мысал

Өткенде мектепті жаңа бітірген бір қызды алып келді. Əкесінің ұялы телефонына келген хаттарды оқып қойыпты. Сөйтсе, əкесінің сыртта көңілдесі бар екенін білген. Содан үйден қашып, долданып, өзін-өзі өлтірем деп жүргенде, түнде қараңғыда екі еркек ұстап алады… «Бұлай масқара болғанша, өлгенім артық» деп өлімге құштарлығы ояна түскен. Оңайлықпен беті бері қараған жоқ. Айтқанынан қайтпайды, мүмкін психиатрға қарату керек шығар. Шешесі бақырып-шақырып, қашып жатқан жоқ, ал қызы сондай қылық шығарып жатыр.

Бесінші мысал

Осыған қарама-қарсы бір мысал айтайын. Төрт жігіт жабылып зорлаған 17 жастағы қыз келді алдыма. Екі жігіт сыныптасы, біреуі өзінің жігіті, біреуі соларға ілескен таныстары. Түнімен зорлап, таң ата үйіне жіберген. Жанын қоярға жер таппай келе жатқанда, алдынан туыстары шығып қалып, мəн-жайды біледі. Жағдай ушығып бара жатқан соң, зорлағандар полицияға ақша беріп, құтылып кетеді. Ал «қарабет болдық» деп ойлаған ата-ана қыздарын өзі танымайтын, қаламайтын біреуге тұрмысқа беріп жібереді. Барған жерінде екі ай ғана тұруға шыдамы жетеді. Өйткені, енесі күнде неше түрлі сөздер айтады, күйеуі күнде сабайды. Содан қашып шығып, осы қалада тұратын құрбысының үйіне тығылған. Сол жерден ата-анасы тауып алып, маған алып келген. Қызбен сөйлесіп көрсем, өмір сүруге деген құштарлығы адам қызығарлықтай. Оқуға түскісі келеді, жұмыс істегісі келеді, ақша тапқысы келеді. Жоспары да, арман-мақсаты да көп. Ал сондай қыздарының қанатын қайырғандай етіп, басына түскен қиыншылығына қарамай, өзге біреуге бере салған ата-анасына ашуым келді.

Бұл жерде баласының емес, өздерінің мүддесі бірінші кезекке шығып кетіп отыр. Керісінше, қызын демеп, оқуына түсіріп жіберсе өмірі түзеліп кететін еді… Сіздер, журналистер, осы мəселені дұрыстап жазыңыздар. Өйткені, бір адам өзіне қол жұмсаса, оған қатысы жоқ адамдар зардабын тартып, заң алдында жауап беріп жатады. Ал оның бірден-бір себебі отбасында болуы мүмкін.

P.S. Кім айтқаны есімізде жоқ, «егер балаңыздың көзінен нұр тайғанын байқасаңыз, ойланыңыз» деген бір сұхбаттасушымыздың сөзі жадымызда қалыпты. Суицид жасайын деп жүрген адамды сыртынан байқап білуге болады деп айта алмаймыз. Алайда, ата-ана балалы болуға дайындала бастағанда-ақ бала психологиясы туралы мағлұмат алса еш артық емес. Балаға мейірімді төккен бір бөлек те, жанын түсіну мүлдем басқа нəрсе.

 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен», №9

Қыркүйек, 2016

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер