Диктор болу үш ұйықтасам түсіме кірмеген - Зейін Әліпбек
18.10.2018ж.

Диктор болу үш ұйықтасам түсіме кірмеген - Зейін Әліпбек

1990 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында Шоқан Уалиханов атындағы орта мектепті күміс белгіге бітірдім. Бір  ғана орыс тілі пәнінен «4» болып, қалған сабағымның бәрі «5» болған. Мектепте оқып жүргенде мақала жазып жүретінмін. Соны ары қарай жалғастырайын деген оймен ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Сол кезде бір тәртіп бар еді, алғашқы емтиханнан «5» деген баға алса, қалған үш емтиханды тапсырмайды. Сонымен, бірінші емтихан шығарма болды, одан «5» алып, оқуға түсіп кеттім. Осылайша журналистика факультетінің студенті болып шыға келдім. 

Кураторымыз Жұмабай ­Бекниязов деген ағайымыз болды. Ол кісі білім-біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерек­шеленетін. Кураторымызбен, курстастарымызбен бірігіп алма терген шақ­тар бізді жақындата түсті. Жұмыс та істейміз, көңіл де көтереміз. Жастық шақ­тың қасиеті осында ғой. Күндіз алма теріп, кешкісін ойын-сауық құрамыз. Мен, Ерлан ­Айтуар және Ғани Қалмаханов үшеуіміз үш дауыс­та ән салып, топ ішінде «трио» атанып жүрдік. Әмірхан ақындарша қолын әрлі-берлі сілтеп өлең оқиды.
Біздің топ момын топ болды. У-шумен шаруасы жоқ, бірлігі жарасқан топ болды. Курстастарымыздың ішінде Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Сағындық Рзахмет, Қазыбек Құттымұратұлы, Күнсая Ерғазиевалардың өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланып, қатарластарының ғана емес, ел-жұрттың ақынына айнала бастады. Айгүл Аханбайқызы, Ұлбосын Исабекова, Айжан Жұмабаева, Ғайни Мансұрбаева деген курстастарымыз да студенттік жылдарымыздың жарқын есте­ліктерінің себепкері бола білді.
ҚазҰУ-дың жоғары жа­ғында бау-бақшалар болды ғой. Онда неше түрлі жеміс-жидектер бар-тын. Біздің азық-түлігіміз таусылған кезде, сол бақшаға барып алма теріп келетініміз бар еді. Былай айтқанда ұрлыққа түседі ғой студенттер. Қарауылға ұсталып қалып, ол студенттер екенін білген соң қоя беретін. Мұның өзі мейірім ғой. Курстастар қызықтарды айта қалса, осы сәттерді еске алады.
Біз Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Бауыржан Жақып, Алтай Шәріп сынды мықты ұстаздар мен білікті мамандардан дәріс алдық. Осындай мамандардың тәрбиесін көрген біздің осал журналист болуға қақымыз жоқ еді.
1-курстың І семестрінің соңында емтихан, сынаққа әзірленгенде курсымыздың ұйымшылдығы тағы байқалды. Бәріміз өз бетімізше емтихан, сынаққа әзірленеміз. Ал сынақ болардың алдында бір бөлмеге жиналып, әр билетті жеріне жеткізіп түсіндіріп, талдап, бірге дайындалатынбыз. Бұл күндері пәтерде, туыстарының үйінде тұратындар да жатақханаға келетін. Еңбегіміз зая кетпейтін, сынақтарды ойдағыдай тапсырып шығатынбыз.
Ал екінші курстың тұсында еліміз Тәуелсіздік алды. Жайбарақат заман өзгерді. Бәрі тапшы, өтпелі кезеңнің сынақтарын біз студенттік кезде бастан өткіздік. Дүкендер бос, тамағымызды талонмен аламыз. Сол кездері ауылдарымыздан келетін сөмке-сөмке азық-түлік бізді тығырықтан алып шықты. Көрмеген қиындығымыз аз болмады.
Курстастардың біразы университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде газет-журнал, радио-телевидениеге жұмысқа араласып, қаламдары ұштала бастады. Қыз-жігіттердің алды үйленіп, тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Оқып жүріп үйлен­ген­дердің бірі өзім едім. ­Аяулы жарым Ләззатты студент кезімде жолықтырдым. Ләззат – дәрігер.
Бір сыныпта оқыған бірнеше қыз медициналық университетке түскен болатын. Бір күні достарым, курстастарымды ертіп сыныптас қыздардың хал-жағдайын білуге бардық. Сол сыныптастарымызбен оқитын аққұба реңді, жылы жүзді аруды байқамай қалу мүмкін емес еді. Кездесіп, сырласып жүріп, «үйленбесек болмайды» деп шешім қабылдадық. Содан кейін студент екенімізге қарамастан бас құрадық. Отбасын құрған соң, шаңырақтың керегесін кең ұстау үшін, отбасымды асырау үшін жұмыс істеуге көштім. Төртінші курста Шалқар радиосында жұмыс істедім. Айлық та аз. Тіршілік етейік деп саудаға шыққам. Базарға шығам деп сабағымды қалдырып қойдым, содан мені оқудан шығару туралы шешім қабылданды. Бірақ кейін оқуымды жалғастырып, диплом алу керек болды. Үлкендердің көмегімен, факультеттегі ұстаздарым «келсін, оқуын жалғастырсын» деді. Сомен 1990 жылы күндізгі бөлімнің студенті болып бастап, 1996 жылы сырттай оқып бітірдім. Сырттай бөлімдегі курстастарымның ішінен Құттыбек Аймахан, Гүлзат Нұрмолдақызы, Гүлнар Тажиева деген қыз-жігіттер бар.


1990-1995 жылдар аралығында бір аудиторияда отырып, бір ұстаздың алдында тәлім алған, дәрісін тыңдаған курстастардың саны 62 екен. Бірнеше жыл бұрын университет бітіргенімізге 20 жыл толған. Баршамыз, барымыз бас қостық. Өкінішке қарай, ақын Әмірхан Балқыбек, Жұмаш Кәкімжанов, әлемге аты танымал иллюзионист Алтынай Байтоқанова, Төрехан Керімбаев пен Жандос Ділдәбековтер арамызда жоқ.
Біздің кезімізде студенттер кітапхана жағалайтын. Пушкин атындағы кітап­хана, Ұлттық кітапхана, университет кітап­ханасы, бір-бірімізді міндетті түрде осы жерлерден табатынбыз. Қазіргі студенттерде барлық жағдай бар ғой. Интернет қолжетімді, іздегені алдында тұрады. Сондықтан қазіргі студенттерге тәжірибе мен ізденіс керек деп ойлаймын.
1996 жылы оқу бітірген шағымда жаңа­дан телеарна ашылып жатыр дегенді естіп, мекен жайын алып, 23 жа­сымда телевизияға қадам бастым. Ашылып жатқан «Хабар» арнасы екен, жаңалықтар ғана шығып тұрған шағы. Сол сәтте алдымнан Тілеуғабыл ағамыз шығып қалып, Ақылбек Сансызбайұлы деген кісіге жолықтырды. Ол менімен біраз сөйлесіп, жөн сілтеп, «сынақтан өтесің» деді. Сынақ мерзімі – жарты жыл. «Жасаған сюжеттеріңе ғана қаламақы алып отырасың» деген шартпен келістім. Ең алғаш бастағаным қызық болды. Мен өзім радио мен баспасөзде істегем, сонымен қоса баспасөз кафедрасында оқығам. Телеарнадағы басшылық тапсырма беріп, съемкаға жіберді. Барып келіп, мәтінін жазып, оны оқығанда «зкт» мен «снх-ды» қосып зырылдатып оқи беріппін. Режиссер әйел бақырайып бетіме қарайды. Мен еш қысылмаймын. Кейін бәрін түсіндіріп, үйретті. Осылайша үйрене жүріп, жұмыс істедім. Сенесіз бе, бала кезімде де, студент кезімде де тележурналист болсам, диктор болсам деп еш ойламаппын, үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе екен. Бастапқыда «журналист болып жұмыс істесем, айлық алып, отбасымды асырасам болды» деген мақсатым еді. Жаңалықтар қызық болды өзіме, оның үстіне телевидениенің табиғаты да, әлемі де басқаша ғой.
Ал менің курстастарымның көбі баспа­сөзде. «Ана тілінің» «Біздің курс» айдары арқылы курстастарыма дұғай сәлем жолдаймын. Әрқашан тілеулеспін. Амандық болғай. Бұл бір жақсы айдар екен, алдыңғы аға буынның жастық шағы кейінгі жастарға қызық болса, қуана бөлісеміз, әрине.

Жазып алған 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Дереккөз: "Ана тілі " газеті

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер