Талғат ЖАНЫСБАЙ: Мәдениет министрі болсам , «91» тобын сахнаға шығармас едім
11.05.2018ж. 11:03

Талғат ЖАНЫСБАЙ: Мәдениет министрі болсам , «91» тобын сахнаға шығармас едім

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бірақ ұлттық құндылықтың жөні бір бөлек. Осы тақырыпты өзінің фейсбук парақшасында көп талқылап, жазып жүрген саясаттанушы Талғат Жанысбайдан ұлттық құндылық туралы пікірін білген едік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын мынадан бастайықшы. Сіз көбіне ұлттық құндылық тақырыбын көтеріп, жастардың жүріс- тұрысын сынап жатасыз. Сіздіңше, жастардың заман талабына сай жүріп-тұруы, ұлттық құндылықтан аттағаны ма? Әлде сіз заман ағымына қарсысыз ба?
– Жүріп-тұру – ұлттық құндылықтың бір ғана сипаты. Ал жалпы ұлттық құндылық ұлттың іргетасы. Егер үйде іргетас болмаса, салынған үйдің ұзаққа бармай қирап қалатыны түсінікті. Сол сияқты, бүтіндей бір елдің ұлттық құндылығы құрдымға кетсе, ол мемлекетті жойылды деп есептеуге болады. Қазір әлемдік геосаясат болсын, ақпараттық соғыс болсын немесе халықты жоюға бағытталған басқа да әрекеттер түрлі мәнерде өрбуде. Оған төтеп берудің бір ғана жолы – ұлттық құндылықты берік ұстау. Басқа жол жоқ! Сондықтан, жексұрын болсам да шыр-пыр болып, осы бағытта күресудемін.
– Мәселені тек жастарға тіреп қоюға болмайтын шығар?! Елбасының өзі бір сөзінде: «Жастар, жастар дейміз, бірақ үлкендердің өзі ерсі қылықтар істеп жүр» деген еді .
Елбасының айтқаны өте дұрыс. Түрлі тойларды қарап отырсаңыз, үлкендердің ерсі би билеп жүргенін көріп, ыңғайсызданасың. Елуден асқан ел ағалары мен аналарымыз жастарға үлгі болудың орнына өздері жастармен жарысып жүр. Өкінішке орай, қазір дәстүрлі отбасы тәрбиесі саналатын институт жойылды. Енді оны толықтай қалыпқа келтіру мүмкін емес. Десе де, идеологияны күшейткен дұрыс. Елбасымыз қазір «Мәңгілік ел» идеясынан кейін «Рухани жаңғыру» идеясын бастап берді. «Мәңгілік елдің» де, рухани жаңарған, жаңғырған елдің де тіреуі – ұлттық құндылық екенін естен шығармаған абзал.
– Сонда қандай идеология жүргізу керек деп ойлайсыз?
Мемлекет тарапынан мүлде идеология жүргізіліп жатқан жоқ деуден аулақпын. Бірақ көңіл көншітпейді. Бір ғана мысал, көрші Өзбекстан тек киносымен-ақ, дәстүрлі отбасы тәрбиесін қалыптастырған. Өзбектің фильмдерін қарап отырсаңыз, үлкенге дауыс көтермеу, әкесі келгенше дастарханға отырмау, әкенің айтқаның екі етпеу және тағы басқа көптеген эпизодтар көрініс тапқан. Ал бізде ше? «Келинка Сабина», «Келинка тоже человек» сынды еркектің қатын болып, қатынның еркек рөлін сомдайтын киноларынан көз сүрінеді. Ондай фильмдермен өскелең ұрпақты өшірмесек, өсірмейтініміз анық. Тілімізді де дүбәралап бітті. Тіл тазалығын сақтау деген мүлде жоқ. Жалпы айтқанда, фильм – идеология құралы. Сондықтан, мәдениет министрлігі тарапынан ұлттық құндылықты дәріптейтін фильмдерді түсіруге қаражат бөлінгені дұрыс деп ойлаймын.
– Мәдениет демекші, жастардың көпшілігі сүйіп тыңдайтын «91» тобына да қарсы шыққаныңызды білеміз. Әлі де қарсысыз ба, әлде ойыңыз өзгерді ме?
– Олар стилін өзгертпесе, менің ойым не үшін өзгеруі керек?! Мәдениет министрі болсам, «91» тобын сахнаға шығармас едім. Бір ғана нәрсе айтайын, қазақ жігіттерінің ұсақталғанына өкпелімін. Бітімің кіші болса да, жүрегің мен сөзің ірі болу керек. Мінезсіз еркектен тұлға шықпайды. Тұлға шығу үшін, алдымен тұлғалық қасиетін болу керек. Халық алдында ән айтып, би билеу үлкен жауапкершілік. Өйткені, өнерің мен әрекетің арқылы артыңнан ерген толқынға бағыт бересің. Ал әнің хит болып, өзің нашақор немесе Алла сақтасын қызтеке болсаң одан не қайыр?! Сондықтан, халқымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі мен салт-дәстүрін дәріптеп, болашақ ұрпақ алдыңда жүзіміз жарық болсын деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ұлмекен ЛЕСБЕКОВА

qazaquni.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер