Түріктер Ясауи, Қорқыт туралы фильм түсіруді ұсынды
27.12.2017, 10:52

Түріктер Ясауи, Қорқыт туралы фильм түсіруді ұсынды

Түрік кинематографистері Алматыда желтоқсанның 23-27 аралығында өтіп жатқан «Түрік фильмдерінің апталығы» аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Кездесуде екі елдің кино мамандары бірлескен жобаларды түсіруді талқылады. «Біздің ортақ мәдениетіміз, тарихымыз, ортақ дініміз бар. Қожа Ахмет Ясауи, Көроғлы, Қорқыт ата секілді ортақ тұлғаларымыз бар. Ол қазақтың не түріктің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тұлғасы. Олар өмірлерін жасампаздықпен өткізіп, елді бейбітшілікке, ынтымаққа шақырған. Сондай кейіпкерлеріміз барда, тарихымыз барда, бізге көп кинолар түсіру керек.  Бір жерге жиналып туындылар шығарсақ, әр мемлекет төлейтін қаржысын ортаға шығарса деген ой. Ортақ фильмдер түсіріп, бүкіл әлемге түркі әлемінің бейбіт халық екенін паш етсек», - деді танымал түрік режиссері Өнер Кылыч.

«Қазақфильмнің» қызметкерлері түркиялық қонақтар - режиссер Өнер Кылычқа, продюсер Ахмет Едебалыға, режиссер Мұстафа Угур Яғджыоғлуға және журналист Бедір Ачарға студия аумағын аралатып, өндірістік мүмкіндіктермен таныстырды.

Кездесу соңында екі тарап болашақта бірлесіп түсіретін жобалардың сценарийлерімен алмасты. Соңғы жылдары «Қазақфильм» бюджет қаржысын үнемдеу және халықаралық прокатқа шығу мақсатында шетелдік серіктестермен киноөндірісті қарқынды түрде дамытуда. Осы орайда, прокаты үлкен табыспен өткен Ресеймен бірлесіп түсірген «28 панфиловшы» фильмін, прокатқа енді ғана шыққан Үндістанмен бірлескен «Туған үйім - тірегім» («Love you family») фильмін және аяқталуға жақын қалған «Әміре» (Әміре Қашаубаев туралы) атты қазақ-америка фильмін, түсірілім кезеңінде тұрған қазақ-қытай жобасы «Композитор» (Си Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы) фильмін атауға болады.

Түрік фильмдерінің апталығы биыл үшінші рет Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатында Корей соғысына қатысып, кішкентай корей қызын құтқарып қалған түрік офицері туралы баяндайтын «Айла» атты көркем фильм көрсетілді. Іс-шара 27 желтоқсан күні «Тау 2» атты көркем фильмімен аяқталады. Көрсетілімдер «Цезарь» кинотеатрында өтіп жатыр.   

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер