Cұхбат алу қағидалары
14.04.2020ж.

Cұхбат алу қағидалары

Сұхбат алу - өнер. Журналистің білімі, мәдениеті, тәжірбиесін айқындайтын алаң.

Бұл жанрдың ұсынылмаған негізгі шарттарының бірі - әңгімелушілер деңгейінің бірдей болмауы. Егер сіз сұхбат алатын адам "пәлеқор" болса, онымен әңгімелесу (сұхбат жасау) оңды нәтиже бермейді, сонымен қатар одан көпшіліктің назарын аударарлықтай қызықты ақпарат ала алмайсың. Сондықтан біз сұхбат жүргізетіндер - өмірде белгілі бір табысқа жеткен, жоғарғы мәртебеге ие, қоғамда өз орны бар адамдар. Көпшіліктің назарын аударарлықтай қызықты сұхбат жасау үшін ол адам туралы көп мәлімет білу керек (ол адам жайында не білетініңді, не естегеніңді, не оқығаныңды еске түсіру керек). Ол адамға қатысты Интернеттегі барлық ақпаратты жинап алу сіздің міндетіңіз болып табылады. Сұхбат барысында өзіңізді еркін, сенімді ұстаңыз. Сіз сұхбат берушіні саналы, "жолы болғыш", жалпы бір "керемет" етіп көрсететін сұрақтар дайындау міндетті емес. Ештене емес, екі ұшты ойлы сұрақтарды да дайындаңыз. Тосын сұрақтар да қоя біліңіз. Сұхбат берушіңізді қойылатын өткір сұрақтармен алдын-ала таныстырудың еш қажеті жоқ. Сіздің сұхбатыңыз сұхбат берушінің бір кісілік монологіне айналмауы тиіс. Оның айтайын деген ойын аңғарыңыз, қарама-қарсы сұрақтар қойыңыз, сұрақтардың өз орнымен қойылуына үлкен мән беріңіз, сонда ғана сұхбат қалаған деңгейде ашық, анығырақ болады, -  дейді "KIT" іскер журналының бас редакторы  Ирина Галкина. 

Сонымен, жақсы сұхбаттасу үшін қандай қағидаларға сүйенген жөн:

1. Сұхбат алуға бармастан бұрын не сұрайтыныңды жоспарлап ал. Ол қандай ақпарат айтқанда, сенің қандай сауалың болуы мүмкін? Сұхбат алудың картинасын көз алдыңа елестет!

2. Сұрай бер, сұрай бер және сұрай бер! Сұрақ сұрағаннан еш қысылма!

3. Сұрай бер дегенді, сұхбаттасымен тайталасу, салғыласу деп түсінбе!

Газет беттерін ақтарып отырып, журналистердің сұхбаттасымен тайталасу, салғыласу тенденциясын байқауға болады. Сұхбаттасыңа ақылды болып көрінудің қажеті шамалы. Сен онымен білім жарыстырайын деп емес, ақпарат алуға келдің. Тәжікелесуге уақыт зая еткенше, тағы бір сұрақ қойғаның тиімді.

Ал екінші жағынан, тайталасу арқылы сен өзіңнің субъективті ойыңнан хабар бересің. Субъективті мақала жазатын журналист қоғамға шынайы ақпарат тарата алмайды. Сұрақ қоюдан қорқып, жалтақтаудың да қажеті жоқ, сонымен қатар, салғыласудың да қажеті шамалы. Сауатты, ақпарат ала-алатын сұхбат жаса. Сұхбатыңда өзіңді ірілетіп, сұхбаттасыңды кішірейтіп беріп, арзан абырой жинауға ұмтылудың қажеті жоқ. Бізде сол тенденция бар. Газетке шыққан мақаланы оқып отырып, журналистің зіркілдеген кейпін, ал сұхбаттасының бейшара қалпын көз алдыңызға елестетесіз.

4. Сен әрине, интервью алатын адамыңның жұмыс істейтін саласының қыр ‑ шұқырынан барынша хабардар болуың керек. Бірақ, ол білетін кей мәселені сенің білмеуің ықтимал болғандықтан, еш қымсынбай білмейтін нәрсеңді сұрап ал. Өйтпеген жағдайда, өзіңе беймәлім нәрсе жайлы мақаланы оқырманыңа қалайша ұсынасың?

5. Сұхбат алатын адамыңның қызметтік шені мысыңды басып кетпесін! Сен өз жұмысыңды атқаруың керек. Сенің міндетің – қоғамға толық ақпарат беру. Сұрамасаң, саған ешкім ақпарат бермейді. Керісінше, баспасөз-хабарламасымен алдарқатып қояды. Бізде лауазымы үлкен шенеуніктен сұхбат алса, мақтаныш кернеп, бірнеше жылға азық болады. Саған ол шенеунікпен кездесу емес, одан алған ақпарат маңызды болуы тиіс!

6. Қоштасар кезде, артық ақпарат керек болса, тағы да хабарласатыныңды ескертіп қой.Қоңырау шалудан, қайта хабарласудан еш қымсынба! «Уақытын алу ыңғайсыз» деген ойдан аулақ бол! Түсінбеген нәрсені қайта сұраудың ағаттығы жоқ. Есесіне, газет бетіндегі бірер қате азаяды!

7. Ақпарат көздеріне оқтын ‑ оқтын хабарласып тұр. Хабарласқан сайын, жаңа ақпарат алуың мүмкін. Әрі сенімді ақпарат көзіне айналады, бірақ, ол ақпаратты екінші ақпарат көзінен растатып алуды ұмытпа!

8. Ақпарат көзімен етене араласудан сақтан! Ондай жағдайда, ол жайлы объективті мақаладан гөрі, субъективті мақала жазасың!

9. Айтылып отырған сөздерге немқұрайлылық та танытпа! Бізде сұхбат алушы журналистер кейіпкерінің айтып отырған әңгімесінен гөрі, келесі сұрағын ойлап отырады.Құлағы түрік тыңдаушы әрі қырағы бақылаушы бол!

Бір сәтке мына жайттарға көрерменнің көзімен қарауға тырыс:

 - Көрермендер нені білгісі келеді?

- Олар ненің түсіндірілуін қалайды?

- Материалды оқырманға түсінікті тілмен жеткіз,

- Материалыңда бұқараның өміріне жақын мысалдарды келтір;

Егер ақпарат тарататын болсаң, оған кезек күттірмейтін нәрсе ретінде қара! Өйткені, бәсекелестерің сені басып озуы мүмкін!

- Ешкімнің жолы түсе қоймаған тың нәрсеге ұрынсаң, ерекше материал дайындауға мүмкіндік аласың!

- Ресми «қасықтағы» дайындалып қойылған «дәмді» кері итер!

- Көрермендер сенің бағдарламаңа немесе газетіңе сенуі тиіс. Егер адамның аты-жөні, сан, цитатадан қате жіберсең, аудиторияңның сенімінен айрыласың;

Авторы: Сағыныш Тасболат

Дерек көзі: massaget.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер