Конкурстың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша жақсы концептуалды жобаларды анықтау болатын.
«Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Елордамыздан жалпы саны 60 өтініш келіп түсті. Атап өту керек, конкурсқа бас қаламыздың жастары белсенді атсалысты. Олардың қатарында оқушылар және әлемнің үздік университеттерінен білім алған дизайнерлер де болды. Олар өздерінің азаматтық белсенділігін көрсетті», деп атап өтті Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы Берік Жәкенов.
Жұмыс тобының дауыс беру нәтижесі бойынша 8 үздік жоба таңдалып, Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына дайындық және өткізу жөнінде құрылған Мемлекеттік комиссияға жіберілді. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздары берілді. Үздік бренбук конкурсының жеңімпазы- «KazUnionConsult» ЖШС 8 000 000 (сегіз миллион) теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда, сонымен қатар қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылады.