Шымкентте түрлі ұлт өкілдері ет асудан сынға түсті
13.11.2016, 13:39

Шымкентте түрлі ұлт өкілдері ет асудан сынға түсті

Шымкентте  қазақтың ұлттық тағамы  - ет асудан сайыс өтті. Екінші рет өткізілген «Қазақ дастарханы» фестиваліне өңірдегі 20 этномәдени бірлестік өкілі бақ сынауға ниет білдіріпті, деп хабарлайды аймақтағы BNews.kz тілшісі.

«Оңтүстік» қабылдау үйіне жиналғандардың қарасы қалың.  Бірі мал сойып, жілікке бөліп, еттің қамына кіріссе, енді бірі қамыр жайып, абыр-сабыр күйге түскен. 

Ал, әр ұлттың атынан сайланып шыққан аспаздар өнеріне жазушы Мархабат Байғұт бастаған әділқазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ, табақ тартудың жөн-жосығын сұрап, қазақ салт-дәстүрін қаншалықты білетіндеріне зер салды.

«Осынау кең байтақ қазақ жерінде дүниеге келіп,  қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің облыста 4 мыңға жуық ұйғыр ұлтының өкілі бар. Тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Кем дегенде аптасына бір-екі рет ет асамыз. Ұйғырдың қыз-келіншектері қамыр илеп,  жаюды, қазан көтеруді жастайынан меңгереді. Ал, мұндай фестивальдер салт-дәстүрді насихаттап,  ұлттық асты ұлықтауға шақырады, бір-біріміздің байланысымызды нығайтады», - дейді Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузял Темирова.

Аспаздар бар шеберлігін салып пісірген ұлттық тағамнан  балалар үйінің тәрбиеленушілері мен өзге де қонақтар дәм татты. Олар етпен қатар құрт,  бауырсақ, қаттама,  майсөк, тағы басқа тағамның түр-түрін пісіріп әкеліпті.


Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Иран этномәдени бірлестігі жеңіп алды. Оларға 200 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Ал І орын ұйғыр этномәдени бірлестігіне бұйырса (150 мың)  ІІ орынды "Ынтымақ" мәдени бірлестігі мен түрік этномәдени бірлестігі жеңіп алды. Ал ІІІ орын (80 мың теңге) өзбек этномәдени бірлестігі, татар-башқұрт этномәдени бірлестігі және қырғыз этномәдени бірлестігі жетекшілеріне табысталды. Өзге қатысушылар да ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

«Иран халқында ет асу жоқ.  Бірақ бала күнімізден осы елдің ауасын жұтып,  суын ішкеннен кейін ет жемесек, тұра алмаймыз. Ираннан, басқа елден достарымыз, туысқандарымыз келсе қазақтың кеңпейілдігіне, қонақжайлығына,  мол дастарханына таңқалып жатады. Екі жыл бұрын Ирандағы ағайындарға қонаққа бардым,  сосын олар бізге қонаққа келді. Сонда біздің дастарханымызды көріп, "сіз біздің елде аш жүрген екенсіз ғой" дегені бар. Фестивальге келсек, әділқазылар алқасы астан дәм татқаннан кейін тоқпан жілікті кімге беру керектігін,  бас тартудың әдістерін сұрады. Оза шауып,  бас жүлдені еншілегенімізге қуаныштымыз», - дейді Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Капар-Пур Нурсбек.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер