Ведомствоның Facebook желісіндегі парақшасында министрліктегілер 11-сынып оқушыларының қорытынды аттестацияны қалай тапсыратыны жайлы жазды.
"11-сынып оқушылары қорытынды аттестацияны 5 пәннен тапсырады, оның ішінде төрт міндетті пән бар (қазақ тілі, орыс тілі, алгебра мен анализ бастамасы, Қазақстан тарихы) және таңдау пәні (қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы немесе жаратылыстану-математикалық бағыттағы)", - деді ҚР БҒМ өкілдері.
Емтихандар қалай өтеді:
1. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен жазбаша емтихан (мектепте қай тілде оқуына байланысты таңдалады). Жазбаша емтиханға 3 сағат (180 минут) беріледі. Түлектер берілген үш тақырыптың біреуін таңдайды. Сол тақырыпты 250-300 символдан тұратын эссе жазады. Тақырыпты таңдаған соң эссенің негізгі идеясы, оның проблемалары мен қажетті дәлелдерді жазуы керек. Сондай-ақ, емтихан тапсырушы эсседе тілдің көмекші құралдарын (эпитеттер, метафоралар, риторикалық сұрақтарды және қыстырма сөздерді) қолданып, қорытынды жаза алуы тиіс.
Орыс тіліндегі эсселердің тақырыбы мынандай болуы мүмкін:
- Должны ли туристы соблюдать обычаи стран, которые они посещают?
- Согласны ли Вы с тем, что научно-технический прогресс оказывает влияние на людей?
- Согласны ли Вы с тем, что кинематограф оказывает большое влияние на молодёжь?
Айта кетейік, қабылданған жұмыстар бірыңғай талап бойынша бағаланып, Білім басқармасындағыларға жіберіледі.
2. Алгебра мен анализ бастамаларынан жазбаша емтихан. Оған 5 сағат (300 минут) беріледі. Онда 5 тапсырма болады. Алгебра мен анализ бастамалары пәнінен дайындалған тапсырмалар қолданбалы математикадағы логикалық тапсырмаларды шешуге бағытталған.
3. Қазақстан тарихынан ауызша емтихан (билет арқылы тапсырады). Әр билетте 3 сұрақтан болады, олардың екеуі теория болса, үшіншісі шығармашылық тапсырма ретінде келеді (тарихи карталарды, сызбаларды, хронологиялық кестелер мен суреттерді пайдалану арқылы).
4. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде білім алғандар қазақ тілінен тест тапсырса, қазақ тілінде білім алған түлектер орыс тілінен тест тапсырады. Тестке 80 минут беріледі. Онда 40 сұрақ болады:
- 20 сұрақ лексикалық-грамматикалық болады;
- "Тыңдау" - 10 сұрақ (2 мәтін, 200-250 сөзден тұрады);
- "Мәтін оқу" -10 сұрақ (2 мәтін, 200-250 сөзден тұрады).
5. Тестілеу - тек бір пәнді таңдауға болады:
- физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шет тілі (ағылшын тілі, француз тілі, неміс тілі), информатика.
Барлығы 40 сұрақ (80 минут беріледі, 40 сұрақ - 60 балл):
• бір дұрыс жауабы бар 20 сұрақ (20 балл);
• бірнеше дұрыс жауабы бар 20 сұрақ (40 балл).
"Түлек емтиханға қойылған бағамен келіспеген жағдайда келесі күні сағат 13.00-ге дейін облыстық, аудандық және қалалық білім басқармасы құрған емтихан комиссиясына өтініш түсіре алады", - делінген БҒМ Facebook желісіндегі парақшасында.
Ведомствоның мәліметінше, қорытынды аттестация 2017 жылдың 29 мамыр - 9 маусым аралығында өтеді. "Мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өтетін болады", - деді ҚР БҒМ өкілдері.
Еске сала кетейік, осыған дейін Білім және ғылым министрлігінде ҰБТ-ның жаңа форматы таныстырылған болатын. Сондай-ақ, ҚР БҒМ өкілдері 2017 жылғы түлектерге ҰБТ-ның екіге бөлінетінін жариялаған еді.
Пікір