Жолдасыма тұрмысқа шықпай тұрып, бір жылдан аса уақыт қыз бен жігіт болып кездестік. Екеуміз бір-бірімізді төрт жылдан аса уақыт танитынбыз. Салеміміз түзу, көрген жерде хал-жағдайымызды сұрап тұратынбыз. “Сіз-біз” деп жүргенде арамызда махаббат оты тұтанды. Осылайша жақын араласа бастадық. Шыны керек, мен үнемі өзімді сәукеле киіп, бұрымымды өріп, қып-қызыл көйлекпен ұзатыламын деп елестететінмін. Бірақ қиялым бір күнде қыршынынан қиылды ғой (күліп). Жігітім алып қашып кетті!
Алайда жолдасымның алып қашқанына ешқашан ренжіген емеспін. Тек іштей “Ұзатылып шыққанда ғой…” деген арман қалды. Қазақта “Жаман қыз шашып кетеді, жақсы қыз қашып кетеді” деген жақсы сөз бар ғой. Кейде өзімді солай жұбатып қоямын (күліп).
Оқиғаны басынан бастап баяндап берейін. Жігітім өзінің үй ішімен таныстырғаннан соң, арада біраз уақыт өтіп мен де болашақ жұбымды ата-анаммен таныстырдым. Ана жүрегі бәрін сезеді дейді ғой. Сол кезде анам: “Қызымызды келесі жылы ұзатып аласың. Осы жылы алып кетіп отырма”, – деп қайта-қайта айтқан. Қазір қарап отырсам бір нәрсені сезіп айтыпты ғой.
Сонымен күнделікті жұмысқа келетін уақытта офиске қарай бара жатқанмын. Бір кезде жігітім хабарласып: “Қайдасың? Маған шұғыл түрде Таразға кету керек. Кездесіп сөйлесейік”, – деді. Ойымда ештеңе жоқ: “Жұмыстың есігінің алдында тұрмын. Қазір кірейін деп жатырмын”,- дедім. Сөйтсем ол мені таңертеңнен жұмыс орным жақта аңдып, күтіп тұрыпты ғой. Сонымен не керек, маған: “Осы жерде тұрмын, кел”,- деді. Барсам екі жеңіл көлікпен, достары, аға-жеңгесі тұр. Солай алып қашты ғой (күліп). Аллаға шүкір, қазір тәп-тәтті қызымыз бар. Жолдасыма тұрмысқа шыққаныма ешқашан өкінген емеспін. Ол әркез мені қолдап отырады.
"Күйеуім мені алып қашты…" атты мақаладан
Дереккөз: baribar.kz