«Қазақстанның киберкеңістігін қорғау» бағдарламасын әзірлеушілер еліміздің болашақ ақпараттық қауіпсіздік саласы үшін жас мамандар дайындауды қолға алмақ. Қазір арнайы орталықтар құрылған. Оның құрамында ақпараттық қорғаныс бағдарламасын әзірлеуші жетекші компаниялар мен Қазақ-Британ техникалық университеті және халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар.
Бүгін еліміздің қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті олармен серіктестік жөнінде 9 меморандумға қол қойды. Келісім аясында комитет болашақ ақпарат қауіпсіздігі мамандарын дайындау үшін жыл сайын аталған оқу орындарына 500 грант бөледі.
«Өткен оқу жылында грант көлемі 100-ге де жетпейтін. Әрине, ол мемлекеттік сұранысты өтеуге жеткіліксіз еді. Енді министрлік грант көлемін 500-ге арттырып отыр. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік саласын дамытуға арналған игі бастама», - дейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков.