Академик: Білім берудегі үштілділік – цифрлық дәуірде ұстазға қойылар басты міндет
21.01.2018, 17:29

Академик: Білім берудегі үштілділік – цифрлық дәуірде ұстазға қойылар басты міндет

Бұл туралы Елбасы Жолдауына қатысты пікір берген техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Информатика және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Гүлназ Салғараева айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Бүгінгі күні үштілді білім беру – заман талабы. Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде... 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады» - деп атап көрсетті. Осы міндеттен білім беру орындарында жаңа міндет, жаңа талап, жаңа мақсаттар туындайды» - дейді Гүлназ Салғараева.

Сонымен қатар ол білім беруде, қазақстандық білімді дамытуда алға қояр басты мақсаттарды да атап көрсетті.

«Бүгінгі білім беру кеңістігінде көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен», - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр» - дейді академик.

Ал ел дамуында, Президент Жолдауын жүзеге асыруда үштілділіктің артықшылығын Гүлназ Салғараева былайша түсіндіреді.

«Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. 2017-2018 оқу жылынан бастап орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу – әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін заман талабынан туындаған мәселе. Білім берудің жаңартылған мазмұнының негізгі өзегі – қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, жеке басының, сондай-ақ қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту болып табылады. Осындай тұлғаны қалыптастыруда үштілділік өте қажет. Ондағы басты мақсат - өз ойын еркін айта алатын, өзін көрсете білетін, өзін-өзі дамыта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті, отандық, әлемдік мәдениеті бойында қалыптасқан, шығармашылығы дамыған тұлғаны қалыптастыру» - дейді ол.

Сонымен қатар профессор үш тұғырлы тілдің қазақстандық білімді дамытуда, жаңа технологиялар дәуірінде заман талабына айналып отырғанын жеткізді.

«Үштілділік жөніндегі Елбасымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Үш тұғырлы тiл мәдениетiн қалыптастыру үшiн басқа шетел тiлдерi iшiнен не себептi ағылшын тiлi таңдап алынды? Өйткенi, жаңа әлемдiк мәдени өмiрде ағылшын тiлi ең кең тараған дүниежүзiлiк қатынас құралына айналып отыр. Мемлекеттік тілде сөйлеу - әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек. Ағылшын тiлi мәдениетаралық қатынас құралы болу сияқты жалпы қоғамдық қызмет атқаруымен бiрге төмендегiдей қосымша мiндеттер атқарады: бiрiншiден, ол бiлiмдердi бiр тiлден екiншiсiне аударып, тарату қызметiн атқарады; екiншiден, халықаралық коммуникация мен ақпарат құралдары қызметiн атқарады; үшiншiден, адамдар арасында бүкiл әлемдiк ой-пiкiрлер алмасу түрi және төртiншiден аса мол ақпараттарды сақтау құралы қызметiн атқаратын тiл деуге болады. Ал ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек» - дейді Гүлназ Салғараева.

Ол өз сөзінің соңында сапалы білім алу үшін көптілділіктен қашпау керек деген ойын айтты.

«Қорыта келгенде, білім беру кеңістігіндегі үштілділік - бұл цифрлық дәуірдің талабы. Әлемдік ғаламдандырудың тілі болып танылған ағылшын тілін білу Қазақстанның болашағы үшін қажеттілік болып табылады. Жеке көз қарасы айқын, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін көптілді білім алуды қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ету керек» - дейді Гүлназ Салғараева.

          Ержан Жаубай           ©baq.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер