Үшінші дүниежүзілік соғыс қашан басталуы мүмкін?
26.07.2017, 19:34

Үшінші дүниежүзілік соғыс қашан басталуы мүмкін?

Батыс философиясы бекітіп, негіздегендей, «адам – бұл қуат». Шығыстық танымнан тамыр тартқан қазақы дүниетанымға келсек, оның жарқын өкілі Абай атамыз «Адамның қолынан келмейтін ешнәрсе жоқ» дейді. Бұл не деген сөз? Яғни, адам қирату күшіне де, жасампаздыққа да қабілетті дегенді білдіреді. Бар мәселе, оның осынау диллемада қайсысын таңдауында жатыр. Бұл талассыз ақиқат. Сонымен бірге әлемнің тағдыры да әрине, жаратылыстанушылар тілімен айтсақ, адамның материясымен емес, ақыл-парасатымен өріліп, дін ғұламалары  сипаттағандай, алақандай жүрегіндегі рухани процестерге байланысты бағыт таппақ. Өз кезегінде адамзат кеудесінде қайнап жататын бұл үрдістердің бізді әлемдік соғыс секілді ғаламдық апаттарға да жетелеп әкетуі әбден ықтимал.

Тап бүгінгі таңда, адам баласының алдында өркениеттер тарихында бұрын-соңды орын алмаған үлкен экономикалық жетістіктерге толы мәдени-техногендік болашақ айқара ашылып келеді. Өкінішке орай, ең дамыған XXI ғасырдың Homo sapiens-і де жыртқыш мінезді варвар бабаларының тынымсыз, қанқұйлы жаугер дәстүрінен жаңылар емес. Бұған сіз бен біз тірі куәгерлерміз. Мысалы, бір ғана Ұлы держава АҚШ-тың соңғы 10 жылдың көлеміндегі қанды жорықтарының қандай нәтижелер бергенінен көкірегі бітеу қараңғы сорлы болмасақ, күлліміз хабардармыз. Тіпті керек десеңіз, алдыңғы жылдары ғана орын алған Ресей мен Грузияның арасындағы оңтүстік Осетияға қатысты бес күндік қақтығыс, Украинадағы Қырымға қатысты операция, ИШИМ лаңы, Сирия алапатының өзі неге тұрады?! Солтүстік Кореяның бітпейтін ядролық қатері ше? Ауыз толтырып айтуға татитын кикілжіңдер құдайдың құтты күні үздіксіз бой көрсетуде.

Хош, бұрынғы-соңғы адамзат тарихындағы бүкіл баталияларды жіпке тізіп, санаққа салмай-ақ қоялық. Соғыстар статистикасына жүгінсек, кеше ғана біткен ауыр да азапты екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері, халықаралық һәм мемлекетішілік 200-ден аса соғыс болып өтіпті. Бұл қақтығыстардың үлкені бар, кішісі бар, бас-аяғы, жиыны 30 млн. адамның басын жұтқан екен. Оның өзінде «қырғи қабақ соғыс» кезінде әбден қордаланған «жаппай жою қаруларын» пайдаланбағандықтың арқасында ғана. Тозақ орнатқыш қарулардың тым болмағанда біреуі әскери қимылдар барысында іске қосылғанда, бүгінгі күніміздің  не боларын көзге елестетудің өзі қиын.             

Әйтеуір, тәңірі тағаланың күнәға белшесінен батқан, топырақ пен су—тұрлаусыз, желөкпе тіршілік иелеріне деген көзі тура екен. Әзірше, небір мүйізі қарағайдай футурологтар сәуегейлік еткен жаһандық қырғын  орын ала қоймады. Онысына мың тәуба!

Бәлкім, мұның себебін өткеннен іздеген де жөн шығар. Осыдан 70 жылдай бұрын, Ұлыбритания, КСРО, АҚШ бейнесіндегі оң күштердің фашистік Германия мен оның одақтастарын қисапсыз құрбандықтармен әупірімдеп тізе бүктіргенінен кейін, адамзаттың ең озық ойлыларының келешек жөнінде шындап ойлануына тура келгені рас. Ойласа келе, көп ұзамай, дәл екінші дүниежүзілік соғыс секілді апат қайталанбас үшін, 1949 жылы, бұдан былайғы жаймашуақ бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында, Біріккен Ұлттар Деклорациясына 50 ел қол қойып, мәңгілік келісімшартқа отырып, өзара мұраттастыққа кепілденген болатын. Мүмкін, аса үлкен апатқа апарар жиһандық қақтығыстардың бой көрсетпегендігінің бір бастауы осы болар, кім білсін?! Әйтсе де, соғыс бітісімен жеңілген Германияны алмадай қақ бөліп алған, саяси және эканомикалық лидерлік үшін бәсекелескен екі супердержава – АҚШ пен КСРО-ның «қырғи қабақ» идеологиялық арбасуы мен қарулануда жарысуына алып келген текетірестерін тағы да есімізден шығара алмаймыз.

Қазір, әлем – бір полярлы әлем. Өзге державалар қанша бұлқынса да, АҚШ-тың гегомониясы, құдіреттілік дәурені жүріп тұр. КСРО-ның өткен ғасырдың 90 жылдары саясат сахнасынан кетуі америкалықтардың өрлеп, дүниежүзінің бірден-бір, даусыз көшбасшысына айналуына септігін тигізді. Қай тұрғыдан алса да, бүгінде, Джордж Вашингтонның бағы басым янкилік ізбасарлары қарсыласуға ешкімді шыдатпайды. Сөйтсе де, «мемлекет мемлекетке қасқыр» демекші, жақын болашақтағы әлемдік соғыстың аса ықтимал сценарилері де жоқ емес. Соның ішінде АҚШ жоспарлау мемдепартаменті бөлімінің экс-директоры, Гарвард саясаттанушысы – Сэмюэл Хантингтонның төмендегі мына бір ықтималды болжам-сценарийі (қазақы дүниетанымға жақындатылған еркін аударма) әлем жұртшылығы арасында кең таралып, айтарлықтай танымалдылыққа ие болып тұр.  Сонымен, назар аударайық:

 

Даудың басы—қара алтын болмақ

Бар бәле, жартылай Қытайдың, жартылай Вьетнамның юрисдикциясы аумағандағы, Оңтүстік Қытай теңізінен мұнай қорларының ашылуынан басталмақ. Мәселенки, қытай табылған бар мұнайды өз жекеменшігі деп жариялауы мүмкін. Әлбетте, Вьетнам қарсы болады. Ізінше екі елдің әскери-теңіз күштерінің қақтығысуы орын алады. Бұған шамданған қытайдың құрлықтағы әскері Вьетнамның солтүстігінен басып кіреді. Агрессияға тап болған әлсіз жақ, сөзсіз, «АҚШ-екеден» көмек сұрайды. Қытайлықтар өз кезегінде америкалықтарға бұл іске араласпауды өтінеді. Ресми Вашингтон болса, Вьетнамның жаулануына әрекетсіз қарап отыра алмайтынын мәлімдейді. Сөйтеді де, қытайға қарсы санкция жариялап, авиатасымалдаушыларын Оңтүстік Қытай теңізіне аттандырады. Орталық Пекин болса, бұл қадамды өзінің егемендігіне қол сұғу деп қабылдап, америкалықтардың кемелеріне әлденеше бағыттан соққы береді.         

    

БҰҰ-ның бас секретары мен Жапонияның премьер-министрінің екі алыпты татуластырмақ әрекетінен ештеңе өнбей,  әскери іс-қимылдар бүкіл Шығыс Азия аумағына таралып кетеді. Қақтығыстың бұлайша кеңеюінен зәресі ұшқан, әрі басыңды бәйгеге тігумен бара-бар осынау текетіреске тартылып кетуден қауіптеніп, жапондар америкалықтарға өз территориясындағы базаларды пайдалануға тыйым салады. Өркөкірек АҚШ бұған құлақ аспайды. Ашуға булыққан Токио өз территориясындағы  америкалықтар базаларының айналасына карантин жариялайды. Бұл шақта Қытайдың сүңгуір қайықтары өз территориясы мен Тайван базаларынан шыға отырып, АҚШ флотына орасан зор шығын келтіреді. Мұнымен бір мезгілде қытайдың континенттік қарулы күштері Ханойға баса көктей еніп, Вьетнамның басым бөлігін басып алады.

 Дәл осы тұста — үнсіздік: екі ұлы держава да бір-бірін жойып, жоқ қылып жіберуге қабілетті. Құрама Штаттардың өзінде, қоғамдық пікірі: «алыс мұхиттағы әлдеқандай бірнеше аралдар байтағымыздың амандығын қатерге байлауға тұра ма?» деген сұрақтың айналасында толғанып қалады. Ақыры «келісімге келу керек» деушілер қолдау таба бастайды.     

Бірақ, құбылмалы сайқал дүние бір орынында тұрушы ма еді? Бұрын мұз болып қатып жатқан жаңа, соны үрдістер қозғалысқа келе бастайды. Қытайлықтардың АҚШ-пен аңдысып, қол-аяғының байлаулы кепке түскенінін аңдаған Үндістанда саяси сең жүріп, қас-дұшпанын қансыратар қолайлы сәтті мүлт жібермей, Пәкістанға ойсырата соққы беріледі. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай-ақ «жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» болған Қытай, Пәкістан, Иран арасында ортақ жаудың бел алуына байланысты одақтастық қатынастар күшейеді. Екінші жақтан, бар инциденттерді, қылт еткенді де назардан тыс қалдырмай бақылап отырған көрермен мұсылман әлемін, жалпы антиамерикандық бүкіл күштерді Қытайдың ерлік үлгісі шабыттандырып, рух беріп, ойын сахынасына жаңа кейіпкерлердің қосылуына мұрындақ болады. Олар өз үкіметтерін Израйлге қарсы шығуға мәжбүр етеді де, алдыңғы шарпысуда әлсіреп қалған АҚШ флоты бұған түк те қыла алмай, шарасыз қалады. Бұл шақта Қытай да ай қарап отырмаса керек. Есепшіл Қытай Ресейге өзара қауіпсіздікке кепілдік беретін пактіге қол қоюға ұсыныс тастайды. Дегенмен, Мәскеуге аспан асты елінің кенеттен жонданып, айбат пен қайрат табуы, Жапонияға қарама-қарсы, керісінше әсер етеді. Азияда Қытай үстемдігінің бел алып кетуінен сескенген Мәскеу өз әскерлерін Сібір мен Қиыр Шығысқа топтастырады. Бұған қысылып-қымтырылмаған Қытай Қиыр Шығыс пен Амур аңғарын оккупациялайды. Шығыс Сібірде ұзаққа созылған тағы бір соғыс театры шымылдығын ашады. Мұнымен бір мезгілде қытайлықтар басып алған Монғолияда басқыншыларға қарсы көтеріліс бұрқ ете түседі. Пекиннің жағына болысқан мұсылман әлемі есе қайтарар, баяғы реніштерін қанағаттандырудың жолына беріліп, Қытай мен Жапонияны Парсы түбегінен мұнаймен қамтамасыз етуге көшеді. Ал батыс болса Ресейдің, Кавказдың және Орталық Азияның мұнайына тәуелді болған үстіне тәуелді бола түседі. Осынау мұқтаждық батыстың Ресейге деген оң қабағының туындауына жағдай жасайды. Мына жақтан Америка батыс Еуропаға қол ұшын беруді өтініп, өркениеттік туыстығын алға тарта, өз туының астында бірігуге үндейді. Осы аралықта еуропалықтардың зәре-құтын алып, қорқытып қою үшін, Қытай мен Иран да жақын радиусқа ұшатын ядролық ракеталарын Босния мен Алжирге орналастырып үлгереді. Батыс Еуропалық елдер бұл ишарадан осынау конфликтте АҚШ-қа болысқан күнінде өздерін не күтіп тұрғанын түсінеді.

Сонымен, АҚШ, Батыс Еуропа, Ресей мен Үндістан, бір партия болып, Қытай, Жапония, және бүкіл мұсылман әлеміне қарсы глобалдық қақтығысқа тартылады. Екі жақ та ядролық қаруға ие болғандықтан, қай-қайсысы да қарсыласушы жақтың ұстамдылығы мен сабырлылығына үміт артады. Тозақ қаруларының, құдай бетін әрмен қылсын, тым болмаса біреуінің қолданылуының өзі қайсы жаққа да өзіне-өзі қол салғанмен бірдей болмақ. Сондықтан да дәстүрлі қарулы күштерге ғана иек артуға тура келеді. Бұл тұрғыда Ресей Батысқа теңдесі жоқ одақтас болмақшы. Орталық Азиялық мұнай мен газға Ресейдің ықпалын сақтап қалу үшін, НАТО кеңесі Ресейдің өз қатарына қосылуын құптап, ризашылығын береді. Христиан әлемі бір бәтуаға келіп алғасын, Шығыс Сібір мен Ұлы Қытай қорғаны арқылы Ресейлік-НАТО-лық коалицияның Манчжурия мен Пекинге дендей енуі басталады.

 

Сараптама призмасында...

Қисын призмасымен қарағанда, бұл сценарийдің фантастикалық секілді көрінуі әбден заңды. Керек десеңіз, жорамалдық бір нұсқа ғана. Өйткені, әрқилы мазмұндағы мұндай сценарийлер жүздеп саналады. Дегенмен, ондағы әрбір әрекет қисын мен ықтималдық теориясына (теория вероятности) негізделіп жазылған. Неге деріңіз болса, себеп пен салдарды пайымға салып, қанекей, бірге ой қорытып көрейікші.

Біріншіден, халықаралық тәртіптің сақшысы болып тұрған АҚШ үшін – жаһандық гегемон ретінде, жоғарыдағыдай реакция бұлжымастай парыз болар еді. Ал екінші жағынан, Қытай көзқарасында, ханзу үстемдік ететін аймақтың ішкі ісіне – өзін тәртіп пен заңның қорғаны, әлемдік сақшы деп жариялаған, жырақ мұхиттағы әлдебір даңғой державаның араласуы бетінен шапалақпен тартып жібергендей масқарашылық. Міндетті түрде жауап қатылуға тиіс. 

Хантингтонның пікірінше «бізді құшағына ала бастаған алдағы дәуірде өркениетаралық қақтығыстарды болдырмас үшін әлемдік саяси-экономикалық тамырлар түйісіп, шоғырландырылған орталық мемлекеттерге өзге өркениеттердің өзара талас-тартыстарына араласпаған құба-құп». Иә, бұл ащы шындықты кейбір ірі мемлекеттерге, соның ішінде әсіресе Құрама Штаттарға қабылдау аса қиын. Бірақ, осы қағиданы басшылыққа ала отырып қана көпөркениетті әлемдік қауымдастықта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Бір анық нәрсе: XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында-ақ АҚШ пен Қытайдың мүдделері үйлеспей, қарама-қайшылыққа келе бастайды. Ұлы қақтығыс қалай және қашан тұтанбақ? Болжамшыл ғалымдары тоқсаныншы жылдары есеп нүктесі ретінде 2010 жылды атаған-ды. Сағатты бомбаның іске қосылуына қанша қалды?

 

Тарих сабағы

Бір орманның өртеніп кетуіне сіріңкенің бір басы жетіп жатыр.  Жалпы тарихқа үңілер болсақ, барлық үлкен соғыстар кішкентайдан бастау алған. Бірінші дүниежүзілік соғыстың сабағы бізге тәлім болуға тиіс. С.Хантингтон мырза жорып отырған қорқынышты болашақ  ертеңгі күннің сыбағасында. Я болады, я болмайды. Бір Алла ғана біледі. Ал әзірше уақыт машинасы ойлап табылған жоқ. Келешекті ешкім көріп те келе алмайды. Біздікі ақыл мен білімді қосып, құдайдың ойын нақ тапсақ деген далбаса емес пе? Тіпті, ұлы көріпкел атанған Нострадамустың өзінің болжамдарының 50 пайыздайы ғана орындалған. Солай дегенмен, атпаған таң жаршысының басын жұлуға асықпай, сөзіне құлақ асқан да дұрыс, әрі өткеннен де ғибрат алған жөн-ау!? 

Бірінші дүниежүзілік соғыс қалай дүние есігін ашты? Соғыс оты Австро-Венгрия тағының мұрагері, эрцгерцог Франц-Фердинандтың 1914 жылы Сараевода қастандықпен өлтірілуінен ұшқын алып, лаулай жөнелмеп пе еді? Австро-Венгрия дереу Сербияға соғыс жариялайды да, біздің «көке» болғыш Ресей ағайынымыз жәбір көріп жатқан славян текті серб бауырларына көмектеспек болып, қалың қосынын жібереді. Аз ғана күттіріп, бұл жан алып, жан берісуге Германия, Франция, Англия сияқты мемлекеттер өздері байқамай ілігіп кетеді. Осылайша бірінші дүниежүзілік соғыс уысына қан шеңгелдей, шыр етіп жерге түсті. Ендеше, Вьетнамның екінші Сербия болуы қаншалықты мүмкін нәрсе? Сірә да бұл жерде Вьетнамды шартты ел, аллегория деп қабылдаған жөн-ау. Өйткені ол елдің орынында кез-келген мемлекеттің болуы ықтималдық теориясы бойынша 200/1 болуы әбден мүмкін.

      

Тұжырым:

Қадыр ағамыз «Адамдар шіркін адам ғой, Оянғанша ғана сайтаны» деп жырлаған екен. Тек қана  мұны, терең түсіне алсақ жарады. Жұмыр жердің баршамызға еркін жететін игіліктерін қиянатсыз, әділ бөліссек адамшылығымыз мерейлі болмайды деп тағы да айта алмаймыз. Ұшқыр ақыл-ойымыз бен жасампаз еңбегімізді әдеттегідей қанқұйлы соғыс-қақтығыстарға бағыштамай, бар әлеуетімізді адамзат бесігін көгертіп, өркендету үшін қолдансақ қандай-ды!? Мейірімі шексіз Алла тағаладан әлем амандығын тілей, талап қылып, адам баласының дертті ақылының сауығуы мен құйындай ұйытқыған діл-жүрегінің тыныштық табуына үміт артқаннан басқа тіршілікке тиянақ етеріміз жоқ.     

Ерболат Мамырайхан

Дерек көзі: e-history.kz   

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер